18.10.2024, 17:45
Оқылды: 23

«Орманшы уақытпен санаспайды» – маман

20 қазан – Орман шаруашылығы қызметкерлерінің күні

Халықтың баға жетпес байлығы, ен дәулетінің бірі орман екені даусыз. Осы жасыл желек пен ондағы жануарлар дүниесін қорғап-сақтап, молайтуда орманшылардың еңбегі зор. Биыл қазанның 20-сында атап өтілетін Орман шаруашылығы қызметкерлерінің күні қарсаңында осы мамандық иесімен тілдесуді жөн көрдік.

М Салық

Бір жарым жылдан соң зейнетке шығатын Николай Маркиннің бұл салада еңбек етіп жүргеніне 35 жылдан асқан. Ол – «Орал орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне қарасты Янайкин орманшылығының орманшысы.

Николай Юрьевичті ормандағы алқапқа ағаш көшеттерін отырғызып жүрген әріптестерінің ортасынан кездестірдік. Олар шаған (ясень) және үйеңкі көшеттерін отырғызуда. Трактордың артындағы тіркемеде отырған екі адам көшеттерді егеді. Ал үшіншісі көшеттердің түбін бекітіп, соңдарынан еріп отырады. Оңай жұмыс емес. Себебі жүріп бара жатқан трактордың дөңгелектері топырақ шашады, шаң бұрқырайды. Ал күн суықта алқаптың ана басынан, мына шетіне жеткенше, тапжылмай отыру, денсаулық пен шыдамдылықты қажет етеді.

маркин (фото М Салық)

– Мен Ресейдегі Н. Вавилов атындағы Саратов ауыл шаруашылығы институтын орман шаруашылығының инженері мамандығы бойынша бітірдім. Ол кезде институт түлектеріне сол елдегі жұмысқа жолдама берілетін. Бірақ мен өзім туып-өскен Қазақстанға, осы облысқа сұрандым. Ата-анам Щапов ауылында тұрды, өзім сонда ержеттім. Оқу орнын бітіріп келген соң, жарты жыл Шыңғырлауда орманшы болып қызмет еттім. 1991 жылдан бері осы орман шаруашылығында жұмыс істеймін, – деді Н. Маркин. Бір орында тапжылмай еңбек етіп келе жатқан орманшы – бұл саланың майын ішіп, жілігін шаққан маман. Оның айтуынша, негізінен шаған ағашы жақсы тамыр жайған. Бұл отын ретінде де, қайта өңдеуге де аса пайдалы өсімдік екен. Ал үйеңкі әдемі әрі орман түзуге өте қолайлы. Орманда  қабан, киік, борсық, түлкі, қоян, қасқыр мекендейді. Арасында киіктер де келіп тұрады. Алайда қазір 1980-1990 жылдары өте көп болған бұланның бірі де жоқ дейді.

– Бәйтерек ауданындағы Янайкин орманшылығының аумағы – 6 704 гектар. Қазір мұнда 7 орманшы, екі шебер жұмыс істейді. Екі УАЗ аутокөлігі, үш трактор бар. Орман Богатск, Янайкин және Скворкин ауылдарына тиіп тұр. Орман үшін ең үлкен қауіп – өрт. Біздің жұмысымыздың да басты міндеті – жасыл желекті тілсіз жаудан қорғау. Өрт шыққан жағдайда да оның жан-жаққа жайылуына жол бермеу. Бір шүкіршілігі, үш жылдан бері орман өрті болған жоқ. Орманды қорғау, қауіпсіздік ережелерін сақтау бағытында ақпараттық-түсіндірме жұмысы ұдайы жүргізіледі. Тұрғындар жаз мезгілінде орманға демалуға өте көп келеді. Оларға жаққан оттарын сөндіріп, отырған орындарын қоқыстан тазалап кетулері қажет екенін ескертеміз. Бұдан басқа орманды заңсыз кесуден және басқа да бұзушылықтардан қорғаймыз. Сирек болса да, браконьерлер кездеседі. Орманда қураған ағаштардан тұрғындарға қажетті отын даярланады. Сонау 1990 жылдары қиын кезең болды. Жұмыссыздық, қаражаттың жоқтығы орманға да зардабын тигізді. Себебі жақын маңдағы аудан-ауылдардан келіп, ағаш ұрлайтындар көбейген еді. Ауылдарға газ жеткізілген соң, ағаш отынға сұраныс азайды. Сонымен бірге адамдар жұмысқа орналасып, біреулер кәсіппен айналысып, өздеріне қажет отынды сатып ала бастады, – деді Николай Юрьевич.

Бүгінде орман шаруашылығындағы қызметкерлердің жалақылары өскен. Орманшылар еңбек өтіліне және алған біліміне қарай 240-250 мың теңгедей еңбекақы алады. Арнайы киімдер, жанар-жағармай мен техниканың қосалқы бөлшектері де уақтылы бөлініп тұрады дейді. Яғни бұл салаға мемлекет тарапынан байыпты көңіл бөліне бастаған. Алайда кадр мәселесі бар. Механизаторлар тапшы. Трактор тізгіндегендердің жалақысы – 70 мың теңге. Орманшы бұл мәселені құзырлы құрылымдағылардың қарастырып жатқанын айтты. «Біздің қызметкерлердің көбінің жасы 55-тен асты. Жастар аз. Мамандарды зейнетке шығатындардың орнына іріктеп алып, арнайы бағдарлама бойынша оқытамыз. Орман шаруашылығының қыр-сырын үйретеміз. Жалпы орманшы болғысы келетін адам сабырлы, салмақты болғаны жөн. Себебі орманда неше түрлі адам кездеседі. Олармен байсалды сөйлесу үшін де ұстамдылық қажет. Әрине, білім өз алдына. Орманда жұмыс істеуге келетін маман табиғатты сүюі керек. Қоршаған ортаны бағалайтын, қорғайтын, жаны ашитын адам болуы тиіс. Сонда ғана ешқандай қиындыққа мойымайды. Себебі мұнда ешкім уақытпен санаспайды. Орманшылар кейде тәулік бойы орманда жүреді. Бұл жұмыс күндіз-түні қырағылықты қажет етеді. Шыны керек, кейде отбасыммен табиғат аясында демалуға уақыт таппаймын», – деді орманшы ағынан жарылып.

денис (фото М Салық)

Орман шаруашылығының мастері Денис Жукалин мұнда 2019 жылы жұмысқа орналасқан. «Ол кезде жалақым 60 мың теңгедей болып еді. Қазір 200 мың теңгеден асты. Орман шаруашылығына қатысты мамандығым болмағандықтан, жалақым төмендеу. Бірақ жұмысым өзіме ұнайды. Сондықтан осы сала бойынша білім алуға шешім қабылдадым», – деді шебер.

Орман-тоғайдағы ағаштарды мәпелеп, аң-құстарды аялап, қорғайтын орманшының еңбегі кімге болсын үлгі болса керек. Ал кәсіби мерекелері олардың қажырлы еңбегіне деген құрметті қалыптастырады.

Ясипа Рабаева

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале