Былтыр Бөкей ордасы ауданында жергілікті халық пен облыс әкімінің кездесуінде ордалық депутаттар аудандық полиция бөлімі ғимараты күрделі жөндеуді қажет ететінін айтты.
Аталған мәселе көп ұзамай шешілетінін жеткізген өңір басшысы құқық қорғаушылар ғимаратын жөндеуге қаражат бөлу мәселесін шешті. Соның арқасында биыл мамырда полицейлердің тұрағы жөндеуге жабылды. 1980 жылы салынған ескі ғимараттың осы кезге дейін тек төбесі ғана жөнделген. Бұл ақпаратпен полиция департаменті қаржы басқармасының бастығы Қуат Қарағойшиев бөлісті.
– 40 жылдан астам уақыт бір сылақ көрмеген полиция бөлімінің ғимараты қыста өте суық болды. Уақтылы бөлінген қаражаттың арқасында тұрағымызды жаңалап алдық. Бұл жұмысты атқаруға облыс қазынасынан 200 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінді, - деді Қуат Қарақойшиев.
Осы кезге дейін құқық қорғаушылардың басты мәселесінің бірі болған жайт оңынан шешілді. Есік-терезесі жаңарып, жарына жаңа сылақ түсті. Су, кәріз жүйелері ауыстырылды, құқық бұзғанды қамайтын орын да жаңа кейіпке енді. Одан бөлек жаңа компьютерлер алынды.
Бөкей ордасы ауданына іс-сапарымен барған облыс әкімі күрделі жөндеуден өткен полиция ғимаратына арнайы тоқтады. Облыс бюджетінен бөлінген қомақты қаржыны тиімді игерген полицейлерге өңір басшысы ризашылығын білдірді.
– Полицей жұмысының қандай қиын екені баршаға аян. 40 жылдан астам уақыт ескі ғимаратта отырған құқық қорғаушылардың мәселесін оңынан шештік. Елдің тыныштығын сақтау бағытындағы жұмысқа сәттілік, - деді Нариман Төреғалиұлы.
Сонымен қатар өңір басшысы алдағы уақытта полицияның материалдық-техникалық базасын жаңартуға күш салынатынын айтты.
Түгелбай Бисен
Суреттер: Эльдар Сатқанов, Мәди Ғұбайдуллин
zhaikpress.kz