Орал қаласында бірқатар білім беру және мәдениет нысандары күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Бұл жұмыс «КПО б.в.» компаниясының әлеуметтік-инфрақұрылымдық жобасы аясында жүзеге асып жатыр. Бұл туралы Орал қаласының әкімі Мұрат Байменов әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Сурет: pixabay.com
«Аталған нысандарды аралап, жөндеу жұмысының барысын бақыладым. Қазір №9 және №17 орта мектепте, №11 мамандырылған мектеп-лицейде, Д.Нұрпейісова атындағы балалар музыкалық мектебінде және Жастар мәдениет сарайында қызу жұмыс жүріп жатыр. Өткен ғасырда іргетасы қаланған бұл білім ордалары мен мәдениет нысанының ғимараттары әбден тозып, жаңалауды қажет еткен.
Ғимараттардың сыртқы қасбеті және шатыры ауыстырылады, терезелері жаңартылады, іші толықтай жөнделеді. Аралау барысында мердігерлермен кездесіп, жөндеуге қатысты барлық мәселелерді талқыладық. Жобада көзделген жұмысты жыл соңына дейін аяқтап, балалар жаңа жылдан бастап жаңарған мектепке бару қажет», делінген жазбада.