24.10.2024, 12:15
Оқылды: 65

Оралда отбасылық байқаудың жеңімпаз-жүлдегерлері марапатталды

Республика күні қарсаңында Оралдағы Салтанат сарайында «Қарлығаш» – әр үйге бақыт ұяласын» атты отбасылық байқаудың жеңімпаз-жүлдегерлері марапатталды.

М Салык2

Қайырымдылық айлығы аясында ұйымдастырылған байқауға ерекше балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар қатысты. Бұл байқаудың мақсаты – отбасылық құндылықтарды дәріптеу, ата-ананың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыру, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған отбасыларға қолдау көрсету. Сән-салтанаты келіскен сарайда өткен іс-шарада дастарқан жайылып, ән-жырдан шашу шашылды. Ақжарма тілектер ақтарылды.

– Қазақ халқы ежелден қарлығашты қасиетті құс санаған. Егер үйдің төбесіне қарлығаш ұя салса, онда бұл шаңырақта береке мен бақыт болады деген ұғым бар. Халқымыз қарлығашты адамның жанашыры, сұлулықтың символы  санайды. Қыз баланы, қарындасты «қарындасым – қарлығашым» деп құрметтейді. Сұлу қызды қарлығашқа теңейді. Қарлығаш үйдің шатырына қонса, сол үйде жан басы артады деген түсінік бар. Бұл құс қазақтың аңыздарында да кездеседі. Нұх пайғамбардың кемесіне келіп, шөп тастап, құтқарған да қарлығаш. Сондықтан байқаудың «Қарлығаш» деп аталуында да терең мән бар. Жалпы сайысқа қатысқан отбасылардың бәрі де жеңімпаз. Сіздерге облыс әкімінің құттықтауын жеткізіп, сый-сияпат табыстау – мен үшін үлкен мәртебе. Отбасыларыңызға амандық, баршаңызға зор денсаулық тілеймін. Келе жатқан Республика күнімен құттықтаймын. Әр шаңырақта береке-бірлік, елімізде тыныштық болсын, – деп лебізін білдірді облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов.

Сондай-ақ ол іс-шараны ұйымдастырған «Бәйтерек» ҚБ мен облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына, басқа да қолұшын созған ұйымдар мен азаматтарға алғысын жеткізді.

Сонымен қатар салтанатты іс-шара қонағы болған БҚО ҚХА «Аналар кеңесінің» төрайымы, педагогика ғылымдарының докторы, академик, ардагер ұстаз Шалқыма Құрманалина, ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің БҚО бойынша өкілі Жанат Нұрмағамбетова, еңбек ардагері Роза Көжекова игі тілектерін айтып, отбасыларға марапаттар табыс етті.

Байқауға қатысқан 13 отбасы жүлделі орындарға және арнайы аталымдарға ие болды. 1-3-орын алған жанұяларға алғысхаттармен қоса, мұздатқыштар мен тоңазытқыш тарту етілді. Төрт перзент тәрбиелеп отырған оралдық Гайсиндер отбасы ІІІ орын иеленді. Ал бөкейордалық Есқалиевтер отбасы ІІ орын алды. Бұл шаңырақта бес бала өсіп келеді. Теректілік Молдахметовтер  отбасы байқаудың жеңімпазы атанды. Бұл жанұя да жеті бала тәрбиелеп отырған көп балалы отбасы. Нашановтар отбасы (Ақжайық ауданы), Оразғалиевтер (Бөрлі ауданы) және Наушадяровтар (Шыңғырлау ауданы) «Үздік отбасылық қолдау» аталымына ие болды. Ал «Спортты жанына серік еткен отбасы» аталымын Хайрушевтер (Жәнібек ауданы), Чекаевтар (Казталов ауданы) және Кабдрахмановтар отбасы (Бәйтерек ауданы) алды. «Шығармашылық отбасы» аталымын Джулкатовтар (Тасқала ауданы), Мұханбетовтер (Жаңақала ауданы), Насыровтар (Қаратөбе ауданы) және Сәрсекеновтар отбасы (Сырым ауданы) иеленді.

Барлығына сый-сияпат көрсетілді. Жүлделі орын алған отбасылардың арасынан сөз алған әке-аналар өздеріне көрсетілген құрмет-қошеметке ризашылықтарын білдірді. Салтанатты кеште өнер көрсеткен Көшім арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қамқорланушылары Артем Игнатенко мен Екатерина Липилина көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ділдаш Ысқақованың айтуынша, өңірде 3000-нан астам отбасында мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиеленуде. Бүгінде 400-ге жуық бала арнаулы әлеуметтік қызмет алады.

Ал Көшім арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында 37 балаға жан-жақты қызмет көрсетілуде. Кейінгі жылдары мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған аналарға мемлекет тарапынан арнаулы жәрдемақылар төленіп келеді.

Ясипа Рабаева

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале