Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен «Қазақ КСР-ның мемлекеттік егемендігі туралы» декларация 1990 жылдың 25 қазанында қабылданды. Сол сәттен бастап Қазақстан әлемдік саяси аренада өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде таныта бастады. Егемен еліміздің мерейін арттырып, оның тұрақтылығы мен әрі қарайғы дамуы жолында аянбай еңбек етіп жүргендер қатарында республикамыздың түйдей құрдастары бар. Солардың бірі – Еркебұлан Мәжитов.
Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың тәрбие жұмыстары жөніндегі директорының орынбасары қызметін атқаратын ол Казталов ауданының Жалпақтал ауылында дүниеге келген.
Еркебұланның сәби кезінде ата-анасы жұмыс барысымен Бәйтерек ауданының Белес ауылына, кейін Орал қаласына қоныс аударады.
Кейіпкеріміз шаһардағы А. Макаренко атындағы №6 орта мектепті 2008 жылы үздік тәмамдап, ҰБТ-дан жоғары балл жинаған. Аталмыш білім ұясында 11-сыныпта оқып жүргенде Алматы қаласындағы әскери училище қызметкерлері келіп, ұлдарды әскери оқу орнына түсуге үгіттейді. Еркебұланның әскери қызметкер боламын деген ойын анасы мен туыстары құптап, келісімін берген. Оқуға қажетті бар құжатты тапсырып, физикалық сынақтан да сүрінбей өткен. Барлық талап бойынша жоғары балл жинаған ол әскери училищеге түсетініне күмән келтірмейді.
Десе де, әкесінен 10 жасында айырылып қалған бозбала отбасының бар жауапкершілігі мойнында екенін сезініп, «Егер Алматы қаласына оқуға кетсем, анам мен бауырыма кім қамқор болады? Кім қолғабыс етеді?» деп біраз ойланады. Содан қосымша Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың құрылыс материалдарын өндіру мамандығына құжатын тапсырады. Осылайша, Еркебұлан Бисенғалиұлы облысымыздағы іргелі оқу орнының грантын жеңіп алады.
Құрылыс материалдарын өндіру мамандығын 2012 жылы үздік болып аяқтайды. Содан ғылыми жобалар бойынша жетекшісі, техника ғылымдарының докторы, профессор Кабер Шынтеміров оған саланың нағыз маманы болу үшін білімін одан әрі жетілдіру қажеттігін айтып, магистратурада оқуға кеңес берді.
Сөйтіп, аталмыш университетте магистратураны оқып, сонда оқытушы ретінде қызметке орналасады. Екі жыл қызмет атқарған соң алған біліммен тұралап қалуға болмайтынын түсінген жас маман Ресейдің Пенза қаласындағы Пенза мемлекеттік сәулет-құрылыс университетінде аспирантураны төрт жыл оқиды. Одан соң «Болашақ» халықаралық бағдарламасының «500 ғалым» жобасы бойынша РФ Татарстан астанасы Қазан қаласындағы жоғары оқу орнына оқуға түсіп, құрылыс саласы бойынша білімін тағы бір мәрте жетілдіреді. Еркебұлан Бисенғалиұлы өзінің білсем, оқысам деген ынта-ықыласын әрқашан қолдайтын Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың басшылығына, ұжымына алғыс айтатынын жеткізді.
Кейіпкеріміз бүгінде Рһd докторы, ғылыми жоба дайындайтын студенттерге жетекшілік етеді.
Сәулет құрылысы саласы бойынша білікті маман өңірімізде құрылыс материалдарына арналған ғылыми зертхана ашылса деген ұсынысын айтты.
– Елімізде құрылыс материалдарын өндіретін шикізат қоры жеткілікті. Десе де, кей құрылыс компаниялары материалдарды шетелден тасымалдауға мәжбүр. Оның басты себебі – сапада. Қазақстанда өндірілген құрылыс материалдары арнайы зертханалық зерттеуден өтпегеннен кейін, тауардың қандай сапада екенін өндіруші тарап та білмейді. Кейде құрылыс компаниясының өкілдері шетелден алдырған құрылысқа қажетті қоспаны әкеліп, тексертеді және жергілікті өнімнен дәл сондай қоспа дайындап беруімізді өтінеді. Міне, сондықтан да облысымызда да құрылыс материалдарының сапасын қадағалайтын ғылыми зертхана салынса деймін. Құрылыс материалдарының сапасын арттыруға күш салсақ, ұзақ жыл сыр бермейтін сәулет ғимараттарын көптеп салуға мүмкіндік болар еді. Жалпы студенттердің ғылыми жобаларын қадағалау барысында өзім де тың ақпараттардан хабардар боп, ізденісімді үнемі жетілдіріп отырамын. Жас мамандардың білімін одан әрі жетілдіру, оларға қолдау білдіру мақсатында «Болашақ» бағдарламасының бірқатар жобалары жүзеге асып жатыр. Оқимын, білемін, ізденемін деген жастарға мемлекет бар мүмкіндікті ұсынып отыр. Бұрын шетелде қалталы азаматтардың балалары оқыса, қазір білімі бар кез келген ұл-қыз оқи алады. Ғылыми жоба даярлауда былтыр БҚАТУ студенттері республикалық додада топ жарып, бас жүлдені еншіледі. Келер жылы сәуір айында бұл байқау біздің университетте өтпек.
Қазақстанның әр аймағындағы ЖОО студенттері ғылыми жобаларымен сынға түседі. Сол шараны ұйымдастыру жұмыстарын бастап кеттік.
– Жалпы өз басым білім алудан ешқашан қашпаймын. Бұл жасқа жеткенше алыс-жақын шетелдерде оқып, жан-жақты дамыдым, әлі де білімімді жетілдірудемін. Өйткені, бәсекеге қабілеттілік – сапалы білім алудан басталады. Жұмыстан тыс уақытта үстел теннисі спортымен шұғылданамын. Үстел теннисінен Қазақстан Республикасының спорт шеберімін. Барша қазақстандықтарды Республика күнімен құттықтай отыра, мемлекет берген мүмкіндіктерді пайдаланып, жастарды терең білім алуға, спортпен шұғылдануға шақырамын, –деді әңгіме барысында.
Еркебұлан Бисенғалиұлы, жоғарыда айтқандай, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың тәрбие жұмыстары жөніндегі директорының орынбасары, студенттерге сабақ берген оқытушы, құрылыс саласының білікті маманы ғана емес, ол – отбасында аяулы әке, адал жар. Бүгінде жұбайы Әйгерім Мәжитовамен қос перзент тәрбиелеп отыр.
Нұрым Ғұмар
zhaikpress.kz