29.10.2024, 12:00
Оқылды: 64

Оралда «Kaspiy Mýnai Kapital» зауытының ашылу салтанаты өтті

Жуырда Орал қаласында  «Kaspiy Mýnai Kapital» зауытының ашылу салтанаты өтті.  «Kaspiy Mýnai Kapital» ЖШС 2019 жылғы 11 желтоқсанда құрылған және компанияның зауыттары Қазақстанның Ақтау, Жаңаөзен қалаларында бар.

IMG_0226

Дәурен Шамилов мен Владимир Свешников негізін қалаған бұл зауытта мұнай-газ саласына арналған жабдықтар өндіріледі.

– Кейінгі үш жылда біз облыс көлемінде 1,6 триллион теңге инвестиция тарттық. Соның ішінде 2023 жылдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға тартылған инвестицияның көлемі 645 млрд теңгені құрап отыр. Бұл көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда 16 пайызға артық. Былтыр 23 жобаны жүзеге асырсақ, биыл 108 млрд теңгеге 21 инвестициялық жобаны жүзеге асырудамыз. Мемлекет басшысы импортты алмастыру, отандық тауарларды өндіру бойынша тапсырма берген болатын. Бұл зауыт – соның айғағы. Осы зауытқа 1,3 млрд теңге инвестиция тартылды, 100-дің үстінде жұмыс орны ашылуда. Біздің басты мақсатымыз да осы, яғни импортқа тәуелді болмау үшін инвестиция тарта отырып, жаңа жұмыс орындарын ашу және отандық тауар өндіру. Зауытқа деген сеніміміз мол, үлкен үміт күтеміз, – деді облыс әкімі Нариман Төреғалиев.

Салтанатты іс-шара барысында зауыттың негізгі цехы таныстырылды. Сонымен қатар қатысушылар көшет егіп, одан әрі спорт алаңында спорттық шараларға кезек берілді.

IMG_9666

– Бесжылдық қызмет барысында компания қызметкерлерінің саны 18-ден 120 адамға жетті. Осы уақыт ішінде компания Ақтау, Жаңаөзен қалаларындағы зауыттар арқылы мұнай-газ саласы үшін 650-ден астам түрлі құрал-жабдық шығарып, айналым қаражаты 11 млрд теңгеден асты. Зауыттың жалпы ауданы 4,5 гектарды құрайды. Мұнда үш қабатты әкімшілік ғимарат, өндірістік цех, ашық және жабық үлгідегі қойма үй-жайлары, спорт алаңы, зауыт қызметкерлерінің жыл бойы келуіне арналған спорттық зал бар. Жылына 100-ден астам құрылғы шығарамыз. Жақында шетелдік «Samsung» компаниясы, Германиядан да бірқатар компаниялар келіп, біздің өнімдерімізді қарап, мүмкіндіктерімізбен танысып кетті. Болашақта шетелдік нарыққа шығуды көздеп отырмыз, – деді компания басшысы Айдос Қанағатұлы.

Жанерке Мерекеқызы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале