7.11.2024, 10:30
Оқылды: 112

Сырымда 8,2 шақырымдық су қалқаны соғылып жатыр

Жымпитыда 8,2 шақырымдық су қалқаны соғылып жатыр.

IMG_4544

Көктемдегі тасқын тек жергілікті атқарушы билік өкілдерін ғана емес, тұтас қазақ үкіметін үлкен сыннан өткізгендей. Сол секілді топан судың топалаңы халықтың бірлігін, сабырын да шайқап көрді.

Билік өз міндеттемелерін орындай келді. Сырым ауданының өзінде тасқыннан зардап шеккендерге өтемақы берілді, баспанасы бүлінгендер үшін үйлер салынды. 150-ден астам шаңырақ қоныс тойын тойлады. 30 пәтерлік тұрғын үй кешенінің пайдалануға ұсынылғаны да кеше ғана. Бірқатар әлеуметтік нысандардың да құрылысы аяқтала келді.

Судың залалы қалпына келер, құлаған үй салынар, бұзылған жол қайта төселер. Ал, судың жолын жаңартып, ауызын бөгедік пе? Табиғи келесі жылы тағы қайталанса, еткен еңбек еш болып қалмай ма? Міне, осы сауалға жауап ретінде Жымпиты ауылдық округінде бүгінгі таңда ұзындығы 8,2 шақырымдық алып бөгет соғылуда.

PHOTO-2024-11-06-16-31-28

Тасқын тосқын бола ала ма?

«Алпыс күн тасқан дария, алты күнде қайтады» деген сөз бар. Қырғын үйдің қарғын суда қалуына алпыс күн емес, санаулы сағаттар жеткілікті болды. Бөгеттер бізді осы қатерден қорғамақ. Жүйесі бойынша өзеннің деңгейінен көтерілген су бөгетті жағалай Жымпиты ауылынан шығып, көлдер мен шабындықтарға қарай жайылып кетуі тиіс.

Нысанның стратегиялық маңызы қандай? Тапталған топырақ тасқынға тосқын бере алады ма? Осы сұрақтарды Сырым ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Төлепов мырзаға қойдық:

– Өзен айдынындағы су көлемі жылма – жыл артуда. Тасқынның масштабы да соншалық ауқымды болуы заңды. 2023 жылы Өлеңті өзені арнасынан 5,5 метрге көтерілді. Сондықтан, жобалық – сметалық құжат жасақтағанда бөгеттің биіктігі 6 метр болса жеткілікті деп есептелді. 2024 жылы су деңгейі 6 метрден асып жығылды. Жағалауға жайылып, артық су ауылға кірді, көшелерді шайды. Біз әр оқиғадан сабақ алуымыз қажет. Сондықтан, жобалық – сметалық құжаттарға өзгерістер енгіздік, бөгеттің биіктігін 7, 60 сантиметрге дейін қалыңдаттық. Ауа райы қолайлы болса 1 желтоқсанға дейін жұмыстар толық аяқталады, – дейді Қайрат Нұржанұлы.

Жымпиты ауылдық округінде, Өлеңті өзенінің жағасында жүзеге асырылып жатқан бұл жобаға БҚО Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы тапсырыс берген. Мердігер – «АрланСтройGroup» ЖШС. Құны – 453,7 млн теңге.

IMG_4554

Бөгет ұзын ғана емес, енді де. 6 метр. Бүгінгі күнге дейін 50 мың текше метр топырақ төселді. Саз «темір оқтаудың» (каток) күшімен нығыздалуда. Бөгеттің үстінде бір көлік жүретіндей жол бар. 18 жерге құбыр салынған.

Тайғанап мініп, сырғанап түспекпіз бе?

Жаңа бөгет бір жағынан игілік десек, екінші тараптан өзеннің арғы бетіндегі тұрғындарға қолайсыздық туғызып отыр. Әсіресе, Өлеңті ауылындағы Д.Күсепқалиев көшесінде тұратын ауылдастар бергі бетке өту үшін 7 метр биіктіктегі топырақты, былай айтқанда тік белді асып өтуге мәжбүр. Ал, қазіргідей қар мен жаңбыр араласып жауған ауыспалы ауа райы кезінде халыққа, соның ішінде мектеп жасындағы балаларға обал. Мектеп киімімен сазға батып, бөгет жағалап жүргендері.

Ал С.Сейфуллин көшесінің бойындағы өткелдің тұсы да бөгеліп, жағалау көтерілді. Енді өріске өтетін мал сазға сирағынан батып, арғы бетке топырақ кешіп шығады. Сырым ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Төлепов осы тұстан бөгет үстімен өткел салынатынын айтты.

Біздіңше, Өлеңтідегі аспалы көпірге таяу жерден де адамдар үшін бөгетті кесіп өтетіп баспалдақ құйылуы тиіс. Айнала топырақ үйіліп, іргеде мал суаратын да жер қалмады. Қыста суатқа қатынау қалай болады. Ол тағы сұрақ.

Қысқасы, өзен жағалай жайылған бөгеттің қайыры көктемде тиеді деген үміт бар. Бірақ, тұрғындарға теріс тиіп тұрған тұстарын да айтып өтті.

Бөгет салу жұмыстары бүгінде 85%-ға атқарылды. Қарашаның «көзі ашық, көңілі жылы» кездерін бағып отырып, адамдар өтетін баспалдақтарын құйып алу керек. Әйтеуір, халық қыстай бөгетке тайғанақтап мініп, сырғанап түсіп жүрмесе игі.

Су қалқаны өзеннің бергі бетіне салынды. Қар суы бөгетті соғып, арғы бетті алып кете ме деген де қорқыныш жоқ емес.

Бауыржан Ширмединұлы

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале