21.11.2024, 13:00
Оқылды: 14

«Жасөспірім тағдырына немқұрайлы қарамайық!» – маман

Бүгінгі таңда суицид мәселесі бүкіл әлемді елеңдетіп, қоғам дертіне айналып отыр. Күйзеліске түскен үлкеннің де, жасөспірімнің де басынан «Мен ешкімге керек емеспін, менің бір нәрсе істеуге жағдайым жоқ» деген ойлар кетпейді. Кейде мұндай жағдай жасөспірімдерді еліктеушілікке де әкеліп соғады. Жасөспірім  теледидардан, интернет желісінен әр түрлі ойындарды көріп, сондағы іс-әрекетті қайталап,  өзіне жұрттың назарын аударғысы келеді. Сөйтіп, өлім арқылы өзін ренжіткен адамды қорқытамын деп ойлайды. Аз ғана уақыттың ішінде ешнәрсенің байыбына бармай, қысқа ойға  беріліп, өмірмен қоштасу – үлкен трагедия. Жер бетіндегі адамнан басқа бірде-бір тірі жан иесі өз еркімен өмірін құрбан етпейді.

Silhouette Man Sitting By Window On Steps At Home

Сурет: istockphoto.com

Бала өзінің ұясында қанатын қатайтып, жылу мен мейірімге тойып өсуі керек. Ал қазір көптеген ата-ана керісінше баланың көзінше ұрысып, керісіп тіпті төбелесіп те жатады. Не болмаса, балаға жекіп, «бәле болдың» деген сияқты ауыр сөздер айтады. Бұдан баланың бойында қорқыныш пен үрей пайда болады. Сондықтан  ата-ана перзентін назардан тыс қалдырмай, олардың ой-пікірімен санасып, қызығушылық танытып отырғаны дұрыс. Бұл баланың өзіне деген сенімділігін дамытуға көмектеседі. Алайда  балалар мен ата-аналардың күшті қарым-қатынасын орнату үшін тек тыңдау емес, сонымен бірге балалармен араласу, бірге уақыт өткізу, олардың өміріне қатысу да маңызды. Әсіресе, 13-17 жас аралығындағы жасөспірімдер өте әсершіл, кез келген нәрсені жүрегіне тез қабылдағыш келеді. Сондықтан да өзара түсінісу болмаған жағдайда осы жас аралығындағы балалар түрлі жағдайларға ұрынып жатады. Олардың сабаққа құлқы болмай, өзге оқушылармен де қарымқатынасы нашарлап кетеді. Жасөспірімнің өзін ұстауы мен мінезқұлқындағы өзгерістер мұғалімді де, ата-ананы да алаңдатуы тиіс.

Жас өскіннің мінез-құлқындағы өзгерістерге бей-жай қарамай, психологтің көмегіне дер кезінде жүгіну арқылы көптеген проблеманың алдын алуға болады. Балалар мен олардың отбасына деген арнайы  (психологиялық кеңес беру, көмек көрсету, тіпті кей жағдайларда тек көңіл бөлуді қамтитын) іс-шаралар ұйымдастырылуы  қажет.

Бұрын халқымызда өз-өзіне қол салу болған емес. Бұл қазіргі заман өзгерісімен туындап отырған жағдай. Бүгінде толық емес, сәтсіз құрылған отбасылар көп. Осының бәрі өмірді әлі толық танып білмеген, түрлі қиындықтармен күресе алмайтын бала үшін ауыр соққы. Әке-шеше ажырасты да кетті, ал баланың жайы қалай болады? Ол мұны қалай қабылдайды, осыған ой жіберіп жатыр ма? Жоқ, әрине. Сондықтан баланың өз-өзіне қол жұмсауы  немесе жаман жолға түсуі сынды оқиғалар кездесуде. Мектепте кейбір оқушылар қолына қымбат ұялы телефон ұстап жүреді. Соны көрген басқа оқушылар да «Менде неге ондай жоқ» деп күйінеді, әке-шешесіне ренжиді. Кейде  кішкентай заттың өзінен үлкен мәселе туындайды. Бала осы жағдайдан қалай шығады? Кімнен көмек күтуі керек? деген сұрақтарға келсек, бірінші кезекте мектеп психологіне жүгінуі тиіс. Оқушылар мұны тиімді әдіс деп ойламайды. Бүгінгі таңда психологтер тек баламен емес, қиын жағдайға тап болған жасөспірімнің отбасымен де жұмыс істеу керек. Өйткені оның негізгі проблемасы осы отбасынан басталып отыр. Бүгін ол баламен жұмыс істесе де, ертең сол күйзелген күйінде қайта келеді. Сол себепті оның үйіндегі негізгі мәселені анықтап, соған сай әрекет жасау қажет. Жасөспірімнің тағдырына немқұрайлы қарамай, оларға өздерін жақсы көретін жандардың бар екенін сезінулеріне жағдай туғызуымыз қажет. Ендеше, адам тағдырына келгенде жауапкершілікті тек мұғалімдер  мен дәрігерлерге жүктеп қоймай, жұмыла әрекет етуіміз керек.

Қарлығаш Ғұбашева

Oблыстық психикалық денсаулық орталығының психологі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале