Орал қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Айдарбек Айтпукешев мен кітапханашылар Самал Сүлейменова, Венера Мулдашева оқырман мәдениетін қалыптастыруға арналған «Кітап-Fest» бірегей жобасының авторлық құқығына ие болды.
Кітапқа деген сүйіспеншілікті еселеп, мектеп қауымдастығын бір арнаға тоғыстыратын бұл әдеби фестивальдің мақсаты – оқу әдебі мен әдебиетке деген қызығушылықты қалыптастыру, талқылау, пікірталас және шығармашылық тапсырмалар арқылы аналитикалық және сыни ойлауды дамыту.
Мектебімізде жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін бұл жоба осыған дейін «Ерлікке тағзым», «Көркем әдебиеттегі әйелдер бейнесі», «Еңбек адамы» тақырыптарын қамтып, кең көлемді кездесулер, пікірталастар, TED форматындағы қойылымдар, сахналау, шағын ойындар, көрмелер мен жәрмеңкелер болып өтті. «Ерлікке тағзым» тақырыбында көркем әдебиеттегі «Ақиқат пен аңыз», «Бір атаның балалары», «Жусан иісі», «Шығыс ұлына хат», «Жау тылындағы бала», «Жабайы алма», т.б. шығармаларға әдеби кеш арнап, жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылары Боранбаева Бақтылы Сансызбайқызы, Сабыр Мұрат Бөкенбайұлы, Мүтиев Зинулла Жакқсылықұлы,Қыдыршаев Абат Сатыбайұлымен кездесіп, талдау жасады. «Көркем әдебиеттегі әйелдер бейнесі» тақырыбында өңіріміздің әр саласында дамуға үлес қосып жүрген нәзік жандылармен кездесулер өткізілді. Атап айтқанда, ақын, ұстаз, «Қазақстан жазушылар одағының» мүшесі Дариға Мұштанова, Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония әншісі Күләш Қуанышқалиева, БҚО іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Жансұлу Төремұратова және ардагер ұстаздар, профессор-оқытушылар қонақ болды. Танымал ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, Ақжайықтың ақ шағаласы Ақұштап Бақтыгереевамен танымдық сағат өткізілді.
Осы жолы мектеп қауымдастығы «Еңбек адамы» тақырыбындағы кітаптармен танысады. Аталған тақырыпта отандық және шетелдік тұлғалардың туындыларын оқып, жоба аясында түрлі шара ұйымдастырады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында кәсіби маманның қадірін білу керек екенін, еңбекқор адам мемлекетті дамытатынын баса айтқан еді. «Барлық жетістіктің бастауы – адал еңбек және іскерлік», - деп еңбек тақырыбына ерекше тоқталған болатын. Мектебіміздегі кітап оқу фестивалі де бұл жолы еңбек адамдарына арналмақ. Балалардың бойында құрмет, жауапкершілікпен қоса, еңбексүйгіштік, мамандыққа адалдық қасиеттерін дарыту мақсат болмақ.
«КІТАП-FEST» жобасы – адамдарды кітап, шығармашылық және диалог арқылы біріктіретін бірегей білім беру бастамасы. Ол оқырман мәдениетін тұлғалық, білім беру ісі және әлеуметтік тұрғыда дамыту арқылы қалыптастырады. Әр қатысушыны терең ойлауға шақырып, жаңа ой көкжиектеріне жетелейді. Аталған фестиваль мектеп қауымдастығын әдебиет әлеміне апарып, жарқын эмоциялар тарту етеді, сондай-ақ жаңа біліммен толықтырады.
Орал қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі