Дәл осындай атаумен Теректі ауданы Аңқаты орта мектебінде түлектердің дәстүрлі кездесуі өтті.

Іс-шараға облыстық білім басқармасының басшысы Е.Сафуллин және аудандық білім бөлімінің басшысы М. Сапарғалиев қатысты. Тарихы 1967 жылдан бастау алатын білімнің қара шаңырағы Аңқаты мектебінде атқарылып жатқан игі іс аз емес. Солардың бірегейі–түлектердің дәстүрлі кездесу кеші.

Форматы ерекше іс-шараның тарихы 1978 жылғы ақпанның бірінші сенбісінен бастау алып, жылма-жыл қайталанып отыратын қағидаға айналған. Басқосуға әр жылдары білім алған, қазіргі таңда мектеп бітіргеніне 10, 20, 30, 40, 50 жыл толған 150-ге жуық түлек елдің түкпір- түкпірінен келіп қатысты. Осыдан біраз жыл бұрын үлкен өмірге қанат қаққан түлектер бүгінде еліміздің әр аймағында сан салада табысты еңбек етіп жүр. Бірі– қаржыгер, бірі – кәсіпкер, енді бірі – аяулы ұстаз. Туған жерге сағынышпен жеткен замандастар бір сәтке партаға отырып, жастық шақты тебіреніспен еске алып, ұстаздарына алғыс білдіріп, алтын ұя мектебіне сый-сияпатын табыс етті. Биыл мектеп бітіргелі отырған түлектер де қалыс қалмай, келген қонақтарға арнап өнерін көрсетті. Осы орайда түлектер кешіне келген облыстық білім басқармасының басшысы Е.Сафуллин және аудандық білім бөлімінің басшысы М.Сапарғалиев те ұстаздық жолында ерен еңбегі бар ардагер ұстаздарды марапаттады.

Атап айтсақ, Оқу-ағарту министрлігінің алғысхатымен ардагер ұстаздар К. Дощанова, М. Бәкірова, Н. Хасенова, Д. Бисекенова және математика пәні мұғалімі Н.Ержанова марапатталса, БҚО әкімінің алғысхаты ардагер ұстаздар К. Ізбасарова мен К. Боранбаеваға, тарих пәнінің мұғалімі әрі оқу ісінің меңгерушісі С.Абдрахмановқа ұсынылды. БҚО білім басқармасының алғысхаты орыс тілі пәнінің мұғалімі К. Хисметоваға, тарих пәнініңмұғалімі Қ. Ахметовке, бастауыш сынып мұғалімдері А.Шайхиева мен Л. Ахметоваға табыс етілді. Сонымен қатар мектеп директоры Қарылғаш Мұрадымқызына оқу-ағарту вице-министрінің атынан мектеп ұжымына арналған арнайы алғысхат табысталды.
Р. Таңатжанұлы,
Теректі ауданы