Орынбай үшін Қамыстыкөлден ыстық жер жоқ.

Бұл жерге әкесі Есенжан 1958 жылы көшіп келген- ді. Айнала ну қамыс, ортада кесе - көл. Айдынның маңынан кейін үйлер түсті. Даланың өз адамы Ыбырай марқұмның қарашаңырағы тұрды анау бетте. Қазір әкелер қаққан қазықтың басы көктеген. Ал, нулы, сулы Қамыстыкөл малды, жанды мекенге айналған.
Күнінде 100 бас сиырдан 90 бұзау алған еңбектің озаты Есенжан қарт балаларына береке адал кәсіпте екенін жастайынан ұғындырды. Роза анамыз екеуінен тараған Сатыбалды, Сатай мен Орынбай әке мектебінің әр сабағын қалдырмауға тырысты.
Өлеңті орта мектебінен бастауыш сыныпты ойдағыдай аяқтаған Орынбай Оралдағы №11 мектепке ауысты. “Пансион” - ауыл балаларының өз үйі, өз мекендері-тін. Орынбайдың алдында өмірдің барлық есігі ашық болды. Оқимын десе оқу, жасаймын десе жұмыс бар. Бірақ, қаланың түнгі шамдары оны баурай алмады. Орынбай қырды, қамысы шулаған ауылын сағынды. Туған даласына келген ол 2005 жылы “Есенжан” шаруа қожалығын ашты. Тәуелсіз Қазақстанның агродәуірінің басталып келе жатқан сәті. 30 сиыр, 100 қой, 5 - 6 биемен тәуекелдің көшіне Орынбай да ілесті.
2009 жылы трактар сатып алды. Қамыс буды, шөп шапты, мал бақты. Содан бері міне 20 жыл уақыт зуылдап өтіпті. Орынбай әлі орынында. Ал, “Есенжан” жүздеп ірі қара жайған, үйірлеп жылқы айдаған іргелі шаруашылыққа айналды. Қожалық негізінен мал азығын даярлаумен айналысады. Жылына 2500 бума шөп дайындайды. Оның 600 - ы қорға, қожалықтағы малдың қажетіне тұрады. Қалғаны сатылады.

- Міне, жиырма жыл болды халыққа сапалы мал азығын дайындап, ыңғайлы бағада жеткізіп келемін. Әр жылдың несібесі әртүрлі. Шөп аласа кезеңдер, сирек кездер болады. Не жағдайда да бір буманың бағасын 5000 теңгеден артық көтермеймін. Аз қамтылған үйлерге беретініміз бар. Қолыңда бар да халыққа қарайласуды әкем үйреткен! - дейді ол.
“Ер туған жеріне!” - деген сөз бар. Орынбай мен Меңдіқайыр ағалар 2003 жылы Қамыстыкөлге электр жарығын тартты. Ауылдың “көзі ашылды”.
2019 жылы қос азамат қолдап жүріп, көл жағасындағы ауылға көгілдір отын тартты. 7 шақырым құбырды қалталарынан жүргізді. 6 миллион теңге Қамыстыкөлге жаңа өмір әкелді. Қазір малшылардың үй - жайы қаланың адамдарынан әсте кем емес.
Орынбай аға мал қайырып келе жатып Оралда өткен бозбала, балдәурен күндерін есіне алады.

- Бала кезімде домбыра тартып, ән айттым. Аудандық концерттерге қатыстым. Қызыл шалбар мен шапанды киіп алып, қызық бар жерден қалмаушы едік. Амангелді Ғұбайдуллинмен бір сахнада өнер көрсеттім. Қатимолланы көрдік. Соның бәрі - естелік! Қалаға оқуға барғанымызда ауыл балалары күрес үйірмесін таңдадық. Батыр Қуанышевтің алдында жаттықтық. Асқар Шайхиевтің самбодан Әлем чемпионы атанғанын залда отырып естіп, шаттандық. Кейін Асқар бізді жаттықтырды, “Ағай!” дедік. Мен “жамбасқа салып, алып ұру” әдісіне епті болдым. Көп белдесуде осы әдіс маған жеңіс әкелді. Асқар ағай: “Ауылдың балаларын қараңдаршы! Қара нан жегендер бұлар! Сондықтан күштері мол!” - деп масайратып қоятын. Мына ағаң күрестен Мәскеуге жарысқа барған! “Ұрлыққа жақындамаңдар! Дұрыс жүріңдер!- деген Асқар ағайдың сөзін қазір мен балаларыма, інілеріме айтамын. - дейді Орынбай аға.
Қазір “Есенжан” қожалығы жазғы далалық жұмыстарға дайындалуда. 2 дана МТЗ - 80 тракторы мен “Белорусь” маркалы МТЗ - 920, агрегаттар жинағы дәстүрлі науқанға сақадай сай.
Орынбай аға 17 жасында үйленді. Дариға жеңешеміз екеуі ұлдың ұясын сайлап, қыздарды қиясына ұшырып, немере - жиендердің қызығына кенеліп отыр. Еңбек адамы осы көктемде ердің жасы елуге толды.
- Даламды жақсы көремін! - деді ол құла атын ерттеп жатып. Бала күнінен сүйіп айтатын Шынболаттың термесін іштей шырқап, өріске қарай бет алды. “Сөйле тілім алаңдама, тартынба…”
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы