Биыл Ғұмар елінің жақсылығының жаршысы, жоғын жоқтап, барын байыта білген, бүтін бір ауданның тынысына айналған шұғылалы «Шұғыла» газеті өзінің торқалы тоқсан жылдық мерейтойын атап өтуде.

Тарих парағын ақтарсақ, басылым алғаш рет 1935 жылы «Коммунист» деген атпен жарық көрген. Кейін ел тағдырымен, уақыт талабымен бірге түлеп, «Октябрь туы», ал 1997 жылдан бастап «Шұғыла» деген атауға ие болып, оқырман жүрегінен берік орын алды. Тоқсан жылдық тарих – бұл бір ғана газет ұжымының емес, тұтас бір өңірдің рухани айнасына айналған жол.
Мерекелік шараның алдындағы кіріспе бөлігі де әдеттегіден ерекше. Аудандық мәдениет үйінің фойесінде газеттің тарихынан сыр шертетін көрме ұйымдастырылып, ескі фотосуреттер мен үш түрлі атаумен жарық көрген газеттің көне тігінділері келушілер назарына ұсынылды. Көрме сөрелерінен өткен дәуірдің иісі аңқып, «Коммунист», «Октябрь туы», «Шұғыла» кезеңдерінің әр беті аудан өмірінің айғағындай әсер қалдырды.
Мерейтой аясындағы салтанатты шарада «Шұғыла» газетінің беттерінен ауданның өткені мен бүгіні, халқының тарихы мен тұрмыс-тіршілігі, әлеуметтік ахуалы мен мәдени өмірі айқын көрініс тапқаны бейнебаян шара қонақтарының назарына ұсынылды.
Мерекеге баспасөз саласының ардагерлері, өмірден өткен қаламгерлердің ұрпақтары, бұрынғы және қазіргі редакция қызметкерлері, көршілес аудандардың газет редакторлары мен зиялы қауым өкілдері арнайы шақырылды.
Салтанатты жиында аудандық мәслихат төрағасы Тахир Қадимов сөз алып, «Газет – бір күндік, сөзі – мың күндік» деп, ауданның рухани өмірінде айрықша орны бар ұжымға жылы лебізін білдіріп, редакция ұжымы мен баспасөз майталмандарын мерекемен құттықтады.

Сахна төрінен газеттің алғашқы редакторы Зейнолла Батырғалиевтің қызы Надежда Зейноллақызы табылып, әкесінің баспасөз саласындағы еңбегін тебірене еске алып, газеттің бүгініне ақжарма тілегін арнады.
Сонымен қатар «Жайық Пресс» медиахолдингі директорының кеңесшісі Тоқтар Кенжеғалиев «Шұғыла» ұжымын құттықтап, медиахолдинг атынан естелік сыйлық табыс етті.

Баспаханада талай жыл еңбек еткен ардагерлер де сахнаға шығып, естеліктерімен бөлісті. Солардың бірі – газеттің әріп теруші маманы ретінде еңбек жолын бастаған Бәтима Азаматова, сондай-ақ 2013-2018 жылдары редактор қызметін атқарып, басылымның жаңа тынысын ашқан Ахмедияр Батырханов жылы лебіздерін білдірді.

Мерекелік шара аудандық мәдениет үйі көркемөнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты. Ән мен жыр, күй мен би тоғысқан бұл кеш газет ұжымының рухын көтеріп тастады.

Тағылым мен тарих тоғысқан бұл күннің соңы ақ дастархан басындағы жылы жүздесуге ұласып, әр буын өкілдері өз естеліктерімен, ізгі тілектерімен бөлісті.

Тоқсан жылдық тарих – өткені терең, болашағы нұрлы «Шұғыла» газетінің шежірелі жолына тағзым ететін мерейлі белес. Алда әлі талай жыл – шұғылалы жаңалықтар мен шынайы сөздің, халық сенімінің жарық шамы бола бермек.
Арай Сейфолла,
Жәнібек ауданы
