3.12.2025, 12:00
Оқылды: 35

Үйі апатты деп танылғандарға жаңа баспана беріледі

Биылғы 10 айдың қорытындысында Тасқала ауданындағы жеке инвестиция көлемі 5 млрд теңгеге жеткен.  Жыл соңына дейін 4 млрд 156 млн теңгеге 5 ірі жоба және 1 млрд 650 млн теңгені құрайтын қосымша 15 инвестжоба іске асырылмақ. 

WhatsApp Image 2025-11-25 at 10.55.19

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында аудан әкімі Талғат Шакиров баяндады. Аудан экономикасының негізгі саласы – ауыл шаруашылығы. Қазір мұнда осы бағытта жұмыс істейтін 354 агроқұрылым бар. Оның 78-і егін егумен, 90-ы мал шаруашылығымен және 186-сы егін және мал шаруашылығымен айналысады. Биыл 78 шаруашылық 52 272 гектарға егіс еккен. Ауданда   картоп 31 гектарға, көкөніс 15,2 гектарға және бау-бақша 2,5 гектарға, ал ұжымдық бақша 17 гектарға егілді. Күздік дақылдардардың аумағы – 6723 гектар.  Қазір 20 500 га жер жыртылды.  Аудан басшысының айтуынша, мемлекеттік қолдаудың арқасында мал шаруашылығы тұрақты дамып келеді. Аудандағы 63 агроқұрылымға «Тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығы өнімділігін және сапасын арттыру бойынша субсидиялау» қағидасы бойынша 364 млн теңге (2024 ж. – 466 млн теңге) демеуқаржы төленген. Ал 52 шаруашылыққа арнайы техникалар сатып алуға жұмсалған шығындарын өтеу үшін 331 млн теңге субсидия берілген.

– Ауыл тұрғындарының табысын арттыру бағытында қабылданған «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында биыл 83,7 млн теңгеге 14 жоба қаржыландырылды. Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерін (АШӨК) дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Мәселен, жұмыс істеп тұрған 31 АШӨК-тің 23-і етті бағытта, 2-еуі сүтті бағыттағы мал өсіреді. Бесеуі әр түрлі қызмет көрсетсе, біреуі балық шаруашылығына ден қойды. Кооперативтер қыс мезгілінде ауылішілік жолдардың қарын аршып, көктемде көң-қоқысты шығарады. Сонымен бірге тиімді бағада мал бағымын ұйымдастырады. Әрі кооператив өндірген өнімдерді саттыққа шығарады. Осы ретте биыл 6 АШӨК-ке 17,4 млн теңге субсидия төленді. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 3 ауыл шаруашылығы кооперативі 74,4 млн теңгеге МТЗ-920 тракторларын, шөп шапқыш, тырма, шөп буатын секілді техникалар алды, – деді Талғат Асқарұлы.

Қазанның біріндегі дерекке сәйкес, Тасқала ауданында 49 954 ірі қара мал, 16929 жылқы, 20079 құс, 99158 қой және 5212 ешкі бар. Ауылдардағы ветеринария саласының мамандары тиімді жұмыс істеуі үшін  биыл 3 ауылда үш ветеринариялық пункт және екі ауылда екі мал қорымы салынды. Жыл соңына дейін үш ауылдағы осындай пункттің құрылысы ақталмақ. Бес ауылдағы ветеринарларға 5 қызметтік «Нива» аутокөлігі берілді.

Аудан әкімі Талғат Шакиров айтып өткендей, шағын және орта кәсіпкерлік – ауданның тұрақты дамуының басты кепілі. Қазір мұнда 1188 шағын орта бизнес субъектісі тіркелген. Жұмыс істеп тұрғаны – 1132. Жіктеп айтсақ, 129-ы – жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 558-і – жеке кәсіпкерлер, 501-і – шаруа қожалықтары. ШОБ саласында 1580 адам жұмыс тапқан.

– Азаматтарды жеке қабылдау кезінде және тұрғындармен кездесулерде жиі көтерілетін өзекті мәселенің бірі – тұрғын үй мәселесі. Бүгінгі күнге ауданда 692 азамат баспана кезегінде тұр. Биылғы жоспар бойынша 2 пәтерлі 20 тұрғын үй құрылысы көзделген. Қазір ауылдық округтерде ескі үйлер мен ғимараттар бұзылып, жаңа үйлер салынуда. Жеті ауылдық округте халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған үйлер бой көтеруде. Құрылысы аяқталған соң, бұл үйлерді мемлекет тарапынан бөлінген қаражат есебінен сатып алып, кезекте тұрған азаматтарға табыстаймыз. Тағы бір өте өзекті мәселенің бірі – апатты тұрғын үйлер. Өңір басшысы Нариман Төреғалиевтің қолдауымен үйлері апатты болып танылған кезекте тұрған азаматтарға Тасқала ауылының оңтүстік-батыс бөлігінен 2 қабатты 26 пәтерлі үй салынып жатыр. Оның құрылысы биыл аяқталады. Жалпы ауданы – 1314 шаршы метр, сомасы – 445,5 млн теңге. Мердігер мекеме – «КазПроектСервис» ЖШС, – деп түйткілдерге де тоқталды аудан басшысы Талғат Асқар-ұлы.

Тасқаладағы аудандық маңызы бар аутомобиль жолдарының ұзындығы – 202 шақырым. Оның 86,1 шақырымына асфальт жабындысы төселген, қалған 115,9 шақырымы қара жол. Бұл салада да бірқатар  жұмыс атқарылған. Биыл Мереке ауылында ұзындығы 5,6 шақырым кіреберіс жол салынса (құны – 464,6 млн теңге), II Шежін ауылында ұзындығы 5,3 шақырым ауылішілік  жол күрделі жөнделген (жоба құны – 586,6 млн теңге).

Аудан әкімі ауылдық жерлердегі халықты тұрақтандыру үшін оларға өмір сүруге қолайлы жағдай жасалуы керек деп атап өтті. Осы ретте, көптен бері шешілмей келе жатқан көгілдір отын мәселесінде оң өзгерістер дер деді.  Мысалы, биыл бюджет қаражаты есебінен Мерей ауылдық округінің Өркен ауылына газ құбырын тарту басталған. Жобаның құны – 73 млн 911 мың теңге. Жыл басында Алмалы ауылының тұрғындары әкімдікпен бірлесіп, өз қаражаттары есебінен ауылға газ құбырын тартып, іске қосқан. Ал қазан айының басында Еменжар ауылының тұрғындарына көгілдір отын берілді. Қазір Жігер ауылына газ құбыры тартылуда. Ауыз су мәселесі де мемлекеттің басты әлеуметтік мәселелерінің бірі. Аудандағы халықты орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету көрсеткіші – 97%. Ауданда 28 елді мекен бар, соның 17-сі орталықтандырылған сумен қамтылған. Биыл маусымда Қызылбас елді мекенінде ауыз су алу үшін күн энергиясымен жұмыс істейтін кешенді блок-модуль жүйесі орнатылған. Бұл жобаның құны – 15,1 млн теңге. Мереке ауылдық округінің Карташов қыстағына ұзындығы 9 шақырым ауыз су құбыры тартылып, ондағы 5 отбасы таза ауыз су ішіп отыр.

Ауданның қордаланған жүйелі мәселелерінің бірі – электр желілерінің 70% тозуы. Қатты жел салдарынан, әсіресе қыс мезгілінде қатты боран күндері электр желілері үзіліп, жарық жиі сөнеді. Бұл мәселе біртіндеп шешіліп келеді. Былтыр ауыспалы тәсілмен басталған Тасқала ауылындағы 7 көшенің жарығын қайта жаңарту жобасы биыл жалғасып, аяқталады. Бұл электр желісінің ұзындығы – 8,7 шақырым, жобаның құны – 157 млн 569 мың теңге.  «Батыс Қазақстан электр желілерін таратушы компаниясы» АҚ аудандық филиалы Мереке ауылдық округінің Қалмақ елді мекеніне 45 дана және Достық ауылында 220 дана темірбетонды бағана орнатса, Оян ауылында 75 темірбетонды бағана орнатылды.

Тасқала ауданында да «Қаладан ауылға» бағдарламасы іске асырылуда. Қазіргі таңда Оян ауылына 4 отбасы, 22 адам (8 ересек, 14 бала), ал Мереке ауылына 4 отбасы, 27 адам (8 ересек адам, 19 бала) көшіп келген. Бір адам мемлекеттік қайтарымсыз грант алып, наубайхана ашып отыр. Ал бір адам қоғамдық жұмысқа тартылған. Достық ауылдық округінің Бастау елді мекеніне 2 отбасы, 10 адам (4 ересек адам, 6 бала) көшірілген. Барлығына баспана берілген. Жалпы, тасқалалықтар әлеуметтік қорғау саласын да назардан тыс қалдырмаған. Қазір мұнда 513 адам жұмыссыздар санатында тұр. Ал 526 адам тұрақты жұмысқа орналасып, 34 адам әлеуметтік жұмыс орындарына жолданды. Жастар тәжірибесіне 59 жас маман қызмет етіп жүрсе, 174 адам ақылы қоғамдық жұмыстарда нәпақа тауып жүр. Ал 22 азаматқа кәсіп бастау үшін 31,6 млн теңге қаражат берілген. Есепті кезеңде ауданда 327 жұмыс ор-ны  құрылыпты.

Ауданның денсаулық сақтау саласы биыл 4 жалпы тәжірибелі дәрігер, жұқпалы аурулар дәрігері, терапевт, анестезиолог-реаниматолог және 5 орта буын медицина қызметкерімен толыққан. Биылғы 10 айда 159 бала дүниеге көрінген (былтырғы 10 айда 154 бала). Профилактикалық тексерулер мен скринингтік зерттеулерден 7235 адам өткен.

Ауданда 18 жалпы білім беретін мектеп (12 орта, 2 негізгі, 4 бастауыш) бар.  Шағын жинақты мектептер саны – 14. Сонымен қатар 6 мектепке дейінгі балалар ұйымы, 3 мектептен тыс білім ұйымы қызмет көрсетеді. Білім ошақтарының бәрі ішкі-сыртқы бейнебақылау жүйесімен жаб-
дықталған. Барлық 18 мектептегі камераның саны – 459. Аудандық полиция бөліміне
8 мектеп пен бір балабақшаның бейнебақылау жүйесі қосылған. Оған қоса, «Шұғыла» демалыс-сауықтыру лагеріне 16 сыртқы, 7 ішкі бейнебақылау камерасы орнатылды. Айта кету керек, биыл бұл лагерьге футбол алаңы (6 млн 800 мың теңге), воркаут алаңы (2,9 млн теңге) және аула-
да отыратын орындық (955.554 мың теңге) жасалыпты.

Биыл «Актив» байланыс операторы Тоғайлы ауылына жаңа базалық станса орнатуда. «Востоктелеком» ЖШС өз міндеттемелерін орындау мақсатында Ынтымақ (16 абонент) және Кеңжайлау (11 абонент) ауылдарының тұрғындарына кеңжолақты интернет желісін іске қосты. «Қазақтелеком» АҚ биыл Атамекен және Тасқала ауылдарының қолданыстағы инфрақұрылымын кең жолақты технологияға ауыстыруды көздеп отыр. Атамекен ауылында интернетке қосылмаған тұрғындар радиожелілік құрылғыларды пайдаланады. Тасқала ауылында 80 абонент GPON технологиясына ауыстырылған. Жыл соңына дейін 250 абонент осы желіге қосылады. Бұдан бөлек аталған компания Достық, Ақтау, Атамекен, Мерей және Аманкелді ауылдарының орта
мектептерін кең жолақты интернетке қосуды қолға алды.  Тасқала ауылында «Jana Telekom» ЖШС интернет желісін тартып жатыр. Жыл соңына дейін 1500 абонент интернетке қосылады.

Ясипа Рабаева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале