Алматы қаласында ҚР Ұлттық инженерлік академиясының (ҰИА) жалпы жиналысының сессиясы өтті. Инженерлік корпусқа бағыт-бағдар беретін, озық ғылыми-техникалық ойдың көшбастаушысы саналатын бұл академия биыл маңызды белеске көтерілді.

2015 жылы алғаш рет жарияланған «Жылдың үздік инженері» республикалық байқауына осы он жыл ішінде еліміздің түкпір-түкпірінен 70-тен астам инженер лайық деп танылды. Бұл жүлденің иегерлері – өз саласында дараланған, ел экономикасының дамуына, Мемлекет басшысының бағдарламаларын іске асыруға елеулі үлес қосқан мамандар. Ал биыл аталмыш байқау Х мерейтойлық мәртебеге ие болды. Оның маңызы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылы аясында одан сайын арта түсті. Мемлекет басшысы инженерлердің ел тағдырындағы рөлін ерекше атап өтіп. Ол «Инженерлер – дамудың өзегі» деп жаңа технологиялар дәуіріндегі Қазақстанның технологиялық тәуелсіздігі ең әуелі инженерлік ойға сүйенетінін қадап айтты.
Биыл игі дәстүрге айналған шараға Қазақстанның барлық өңірінен 75 үздік маманның өтінімі жолданды. Олар – өнеркәсіп, құрылыс, энергия, машина жасау, ақпараттық технологиялар, экология және басқа да салалардағы ірі жобаларды жүзеге асырып жүрген тәжірибелі инженерлер. Байқау комиссиясы жүргізген жан-жақты бағалау нәтижесінде 2025 жылдың 11 үздік инженері анықталды. Олардың қатарында «Kazrost Engineering» компаниясының аға инженер-конструкторы Георгий Мнацаканов, «Bes Saiman Group» компаниясының бас директоры, инженер-әзірлеушісі Мұхтар Елеуов, Ғарыш техникасы және технологиялары институтының бас жобалық инженері Сабыржан Жұмағали, Ғылыми-зерттеу институты «Гидроприбор» ұйымының бас конструкторы Айдынғали Жиналеев және ұйымның сектор басшысы Мұрат Балсихов, Торайғыров университетінің инженер-әзірлеушісі Рамис Зарипов, Әскери радиоэлектроника және байланыс инженерлік институтының кафедра орынбасары, инженер-конструкторы және әзірлеушісі Нұржан Зикирьяев, «Тұран» университетінің басқарушы-экономисі Мақсат Кикимов, Жоғары технологиялар институтының аға ғылыми қызметкері және технологтары Абай Омаров бар. Маңдайалды инженерлерге марапат тапсыру рәсімін ҚР Ұлттық инженерлік академияның президенті, «Түрік әлемі» математиктер қоғамының төрағасы, физика-математика ғылымдарының докторы, академик Бақытжан Жұмағұлов, мемлекет қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген инженері және құрылысшысы, академик Асқар Құлыбаев және еліміздің бұрынғы Мұнай және газ министрі, Қазақстанның Еңбек Ері Ұзақбай Қарабалин атқарды.
Жыл үздігі ретінде танылған әр инженер – өз саласының нағыз шеберлері. Олардың әрқайсысына ондаған жылдық тәжірибе, жаңашылдыққа негізделген күрделі жобалар мен елге қызмет етудің жарқын үлгісі тән. Сондай тұлғалардың бірі – біздің жерлесіміз Дамир Жаншеев. Ол – «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясындағы» №1 конструкторлық бюроның жетекшісі. Көлік инженериясы саласында 15 жылдық тәжірибесі бар. Бүгінде Д. Жаншеев Қазақстанның қорғаныс өнеркәсібінде толық циклді қару-жарақ жүйелерін әзірлей алатын санаулы инженерлердің бірі ретінде танылып отыр. Дамир Жаншеев – мемлекеттік қорғаныс тапсырысы аясында Қазақстанның Қарулы күштерінің әлеуетіне енген стратегиялық маңызы бар жобалардың бас конструкторы. Оның жетекшілігімен жүзеге асқан жұмыстар ел қауіпсіздігі үшін шешуші рөл атқарады. Инженердің ең маңызды жетістіктерінің бірі – Қазақстанда бұрын импортқа тәуелді болған «2А42» және «АК-306» пушкаларына арналған 30 мм оқ-дәрілерді өз еліміздің аумағында өндіру. Бұған дейін еліміз мұндай әскери қажеттілікті сырттан алуға мәжбүр болатын. Қазір Қазақстан ішкі қажеттілікті толық жауып, алғашқы рет экспортқа шығара бастады. Бұған қоса Дамир Барлыбайұлы ТЖМ мен Әскери-теңіз күштеріне арналған 26 мм жаңа үлгідегі белгі беру тапаншасы, арнайы жасаққа қарапайым көлікті бірнеше минутта ұрыс машинасына айналдыруға мүмкіндік беретін пикаптарға арналған қондырғы, «НСВ-12,7» пулеметін НАТО калибріне бейімдеу сияқты тағы да басқа жобаларға жетекшілік етті. Осындай ауқымды еңбектері үшін Дамир Жаншеев X мерейтойлық «Жылдың үздік инженері – 2025» республикалық конкурсының жеңімпаздары қатарынан лайықты орын алды.
Аружан Болатбекқызы,
«Орал өңірі»