Халқымыз «Бірлік болмай, тірлік болмас» деген сөзді бекерге айтпаған. Біле білсек, береке қай жерге орнаса, сол жерде құт пен ырыс қонақтайды. Ал ондай елдің де, жердің де дамуы тез, тірлігі тындырымды, жүйелі жұмысы нәтижелі болмақ. Мұндай ауылдар қатарына шежірелі Шежінді жатқызуға болады. Осыдан екі жыл бұрын шежіндіктер де ұйымшылдықпен сайлауға қатысып, бірауыздан өз әкімін сайлап алған болатын. Қазіргі таңда тұрғындар соның жемісін де, жеңісін де көріп отыр. Жалпы, әкімдерді тікелей сайлаудың артықшылығы қандай дегенге келсек, біріншіден, сайланған әкімнің халық алдындағы жауапкершілігі артады.

Халық сенім білдіріп сайлағандықтан, әкім жоғары тұрған билікке емес, енді жергілікті тұрғындарға тәуелді болады. Яғни халықтың жергілікті билікті қалыптастыруға ықпалы күшейеді. Әкімнің қызметіне бағаны тұрғындар беретіндіктен, алдағы уақытта олардың қызметі жанданып, мұның өзі ауылдың жағдайын жақсартуға септігін тигізбек. Екіншіден, тұрғындардың сайлау мәдениеті көтеріле түседі. Себебі өздері тікелей дауыс беретіндіктен, жергілікті басқару үдерісіне қатысу белсенділігі артады. Өздеріңіз білесіздер, осы кезге дейін ауыл әкімін мемлекеттік биліктің өкілі деп келсек, енді халықтың өкілі деп қарастыратын боламыз. Иә, бүгінгі заманда ел басқару оңай емес, соның ішінде көптің көңілінен шығу қиын. Десек те мойынға жауапкершілік артылған соң оны абыроймен алып жүру, сонымен қатар халық сеніміне селкеу түсірмей, ел үшін еселі еңбек етудің өзі – абырой. «Көшбасшысы болмаса, ел оңбайды» демей ме көреген халық. Әкім болу – әр адамның ісі, ал халқына жақын болу – нар адамның ісі. Сондықтан әкімге бағаны беретін де халық. Сәл тарихқа көз жүгіртіп, артқа шегініс жасасақ, сонау 1928 жылы «Чапаев дивизиясы» атындағы кеңшар болып құрылған Шежін ауылы қазіргі таңда шаруасы шалқыған, әлеуметтік жағдайы дамыған үздік ауылдар қатарында. Округке осыдан екі жыл бұрын шежіндіктердің өздері сайлап алған ауыл әкімі Мержан Есқалиев басшылық жасайды.

«Жақсыны көрмекке» демекші, біз де ауылдағы ауыз толтырып айтар жұмысты өз көзімізбен көріп, ауыл әкімі Мержан Сүндетқалиұлын сөзге тарттық. – Қазіргі таңда мұндағы халық саны 1110-ға жетті. 296 аула және екі елді мекені бар. Биылдың өзінде 14 көшеге ауылішілік асфальт төселіп, жолдар толықтай жөнделді. Ауыл тұрғындарының бәрі дерлік мал ұстайтындықтан, барлық стандартқа сай жаңа ветеринариялық пункт бой көтерді. Одан бөлек ауыл шетіне мал қорымы салынды. Ескі үйлер бұзылып, орындарына екі пәтерлі бес үй тұрғызылып, тұрғындардың пайдалануына берілді. Иә, «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, тұрғындар бірлігінің арқасында ауылымызда біраз мәселе өз шешімін тапты десек, артық болмас. Дәлірек айтсақ, ауылішілік асфальт пен мәдениет үйінің күрделі жөндеу жұмысының жобалық сметалық құжаттамасын жасауға шаруа қожалықтарының басшылары көмек көрсетсе, алдағы уақытта фельдшерлік-акушерлік пунктті күрделі жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттамасын жасауға ауылдың бас көтерген азаматтары белсенділік танытып отыр. Одан бөлек ауылдан 12 шақырым қашықта орналасқан Еменжар елді мекеніне де ел бірлігінің арқасында көгілдір отын жеткізіліп, бүгінгі таңда тұрғындар соның игілігін көріп отыр. Әр жыл сайын мектеп түлектері де ауылын ұмытпай келіп, өздері білім алған алтын ұясына тарту жасауды дағдыға айналдырды. Мысалы, биыл 1985 жылғы түлектер мектеп ауласына жеміс-жидек көшеттерін отырғызып, шағын бақ салса, 1995 жылғы түлектер ауыл шетіндегі саябаққа орындықтар қойып, адамдардың демалуына ыңғайлы жағдай жасады.

Ал 2005 жылы мектеп бітіргендер білім ордасы ауласына екі демалыс әткеншегін орнатты. Ауылдағы байланысты нығайту сайлауалды бағдарламамда көтерілген мәселенің бірі болатын. Оған да біртіндеп қол жеткізіп жатырмыз. Мысалы, Талдыбұлақ және Еменжар елді мекендерінде іске қосылған «Жусан мобайл» тегін интернет желісі – осының дәлелі. Сондай-ақ тұрғындарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында 2024 жылы Еменжар елді мекеніне кешенді блок-модуль қондырғысы қойылса, 2023 жылы Талдыбұлақ елді мекеніне қой тоғыту алаңын салдық. «Ауыл аманаты» бағдарламасын да тұрғындар сәтті пайдалана білді. Қазіргі таңда бағдарлама аясында ауылдың төрт тұрғыны несиеге қол жеткізсе, оның екеуі ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін құрды. Несие қаржысына 58 бас сүтті ірі қара мен 155 бас қой алынды. Ал «Ер сәті» АӨК екі жылыжай салып, көкөністер егіп, одан өнім алып отыр. Жалпы сомасы – 42,9 млн теңге. Биыл осы бағдарлама аясында «Ағайын» АӨК лизинг арқылы 27 170 000 теңгеге ауыл шаруашылығы техникаларын алып, шаруасын дөңгелетіп отыр. Олар мұнымен тоқтап қалған жоқ. Алдағы уақытта да жұмысын жандандырып, табыс көзін молайтуды жоспарлап қойған. Сондайақ кооператив мүшелері болашақта қой жүнін өңдейтін құрал-жабдықтар (жуу, тарау, кептіру) сатып алуды көздеп отыр. Ол қолға тиген жағдайда қойдың жүні далада қалмайды. Олар жүнді алып, оны сұрыптап, жуып, тарап, кептіреді. Одан әрі сол жүннен дайын өнімдер шығармақ. Сонымен қатар аналық қой басын төрт мыңға жеткізіп, кооператив арқылы 336 млн. теңгеден астам инвестиция тартып, 15 жаңа жұмыс орнын ашуды жоспарлап отыр. Жоғарыда айтып өткен «Ағайын АА» кооперативі ауылдағы жеке қосалқы шаруашылықтармен (ЖҚШ) тығыз байланыста жұмыс істейді. Ал олар өз өнімдерін (жүн, жас мал) кооперативке өткізеді және есесіне жайылым, техника, ветеринариялық көмек, жем-шөпті төмен бағамен алу мүмкіндігіне ие болады. Кооперативтің басты мақсаты – ет пен жүн өндіруден бастап, өңдеу және өткізуге дейінгі толық цикл қалыптастырып, ауыл тұрғындарының табысын арттыру және өңірдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Қазір Шежін-2 ауылында 290 жеке қосалқы шаруашылық тіркелген, оларда 6438 қой болса, әр шаруашылықта орта есеппен 22 қой бар. Алғашқы кезеңде 50 шаруашылықты кооперативке тартуды жоспарлап отыр. Сонда оның экономикалық тиімділігі жоғары болады. Мысалы, бір шаруашылық 15 тоқтыны 50 000 теңгеден өткізсе, жылына 750 000 теңге табыс табады. Жүннен қосымша тағы 18 000 теңге табыс түседі. Жалпы 768 000 теңге – жылдық табыс (айына 62 мың теңге шамасында). Қажет болған жағдайда кооператив салық төлемін өз есебінен жауып, сатып алу бағасын 40 000 теңгеден белгілей алады. Бұл жағдайда шаруашылық иесі жылына 600 000 теңге табыс алады. Ауыл тұрғыны, жеке кәсіпкер Әлібек Сержанов биыл бағдарлама аясында қайтарымсыз несиеге қол жеткізіп, бау-бақша және ет өнімдерінен шұжық жасайтын шағын цех ашып жатыр. Одан бөлек бау-бақша егетін жерін қоршап, жыртып, бүгінгі күнде 150 түп жеміс көшеті және құлпынай өсінділерін отырғызып қойды. Сондай-ақ ауылдық округте тұрғындардың қаржылық сауатын арттыру мақсатымен «AMANAT» партиясы ұйымдастырған «Қарызсыз қоғам» атты оқу семинарлары өтті. Оған қатысқан әр тұрғын қаржы жүктемесін азайту мен бюджетті жоспарлау, жинақтау, инвестициялау тәжірибесін үйренді. Екі отбасы қайтарымсыз грант алып, кәсіпкерлік саласы бағытындағы өз ісін бастауға мүмкіндік алды. Ауылдағы жарықтандыру мәселесі де сайлауалды бағдарламамда көтерілген еді. Осыған орай былтыр округ орталығында – 60, биыл 85 дана істен шыққан көше шамын ауыстырып, жаңарттық. Тазалық мәселесі де назардан тыс қалған емес. Жыл басынан бері бірнеше халықтық сенбіліктер ұйымдастырылып, оған 200-ден астам тұрғын қатысты. Нәтижесінде ауылдан 20 тоннадан астам қоқыс шығарылды. ПЭТ ыдыстарына арналған жеті тор жәшік орнатылды. Ауылды абаттандыру, елді мекендерді көгалдандыру мақсатымен 700 түп ағаш көшеті мен 300 түп гүл отырғызылып, күтім жасалды. «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында және қайырымдылық айларында ауылымыздың зейнеткерлері мен мүмкіндігі шектеулі жандарына көмек көрсетілді. «Бақытты отбасы» жобасы аясында демеушілер «Мектепке жол» акциясы кезінде сегіз оқушыға оқу құралдарын алып берді. Көптеген мәдени-спорттық іс-шара ұйымдастырылды. Былтыр «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы арқылы бір отбасы үйлі болды. Алда жоспарға сай ауқымды жұмыстар күтіп тұр. Мұның барлығы – ауыл тұрғындарына жағдай жасап, әлауқатын арттыру үшін жоспарланған жұмыстар. Сондықтан келер жылы да халықпен бірлесе отырып, еңбек етеміз деп сеніммен айта аламын. Себебі халық маған сенім артты. Сол сенімге селкеу түсірмей, мойынға жүктелген жауапкершілікті абыроймен алып шығу үшін жұмыстанамын, – деді Мержан Сүндетқалиұлы. Иә, қаймағы бұзылмаған қазақи ауылдың бүгінгі ахуалы осындай. Ал қашанда бірлігі басқаларға үлгі болған, тірлігі жұрт қызығарлықтай құтты мекен – Шежіннің қазыналы қариялары да әркез кішіге жол көрсетуден танған емес. Алдына бара қалсаң ақылын айтатын, әділдік іздесең турасын айтатын қазына кеуде қартқа да бұл ауыл кенде емес. Соның ішінде елге тұтқа болып, жастарға ақылын айтып жүретін Оразғали Балмолдин ақсақалдың ауыл туралы айтары бір бөлек. – Мен Шежінді киелі өңір дер едім. Өйткені бұл ауылдың халқы бір әкенің баласындай. Бір-бірімен келісе алмай, қырық пышақ болған адамдар жоқ. Әрине, өмір болған соң торқалы той, топырақты өлімнің қатар жүретіні ақиқат қой. Сондайда ауыл адамдарының бірлігі сол шаңыраққа келген адамдарды тәнті етеді. Қай істі болсын ауызбіршілікпен атқара білетін ауыл азаматтары барлық істі бірлесіп атқаруға дайын. Оны осы ауылдың ақсақалы ретінде талай көріп жүрмін.

Аллаға шүкір, ауыл адамдары өте ұйымшыл, айтқанға тоқтайтын, жөн білетін жандар. Өзіміздің халық сайлаған әкім Мержан Сүндетқалиұлы да елге ортақ деген мәселені жоғары жаққа жеткізуге ұдайы дайын тұрады. Жас болса да мойнына артылған әр іске жауапкершілікпен қарап, елдің дамуына үлес қосып жүр. Соның арқасында қазір ауылымыздың ажары кіріп, қоңыр тірлігі қалыпты жүріп жатыр. Ауылішілік жолдарды салуға да ауыл мен аудан әкімінің көп еңбегі сіңді. Біз әкімімізге ризамыз, – деді ауыл ақсақалы.
Назгүл Серікқызы,
Тасқала ауданы