Референдумға дайындық аясында Казталов ауданында ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін» коалициясы мүшелері ауылдық округтерді аралап, тұрғындармен кездесулер өткізуде.

Коалиция құрамындағы «AMANAT» партиясының Казталов аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ернар Аққалиұлы Ильясов бастаған топ ауыл тұрғындарымен, еңбек ұжымдарымен және ардагерлермен жүздесіп, референдумның маңызын кеңінен түсіндіруде.
Казталов ауылында партияның мәжіліс залында ардагерлермен арнайы кездесу өтті. Басқосуда жаңа Конституция жобасына енгізілетін негізгі өзгерістер жан-жақты талқыланды. Ардагерлер ел тарихының куәгері әрі ұрпаққа өнеге болатын буын ретінде өз пікірлерін білдіріп, көкейкесті сұрақтарын қойды. Кездесу ашық диалог форматында ұйымдастырылды.

Еңбек ұжымдарымен мазмұнды кездесулер
Түсіндіру жұмыстары Жалпақтал ауылындағы колледж ұжымымен кездесуден бастау алып, аудандық Мансап орталығы, Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, спорт кешені, мемлекеттік мекемелер мен денсаулық сақтау саласының қызметкерлерін қамтыды.
Кездесулер барысында референдумның құқықтық тетіктері, оның ел дамуына ықпалы, мемлекеттік басқару тиімділігін арттырудағы рөлі кеңінен түсіндірілді. Әсіресе, «Әділдік, Заң және Тәртіп» қағидаттарының қоғам тұрақтылығы мен өркендеуіндегі маңызы ерекше атап өтілді.
Мемлекеттік қызметшілермен өткен жиында жаңа Конституция жобасында басқару жүйесінің ашықтығын арттыру, халыққа сапалы қызмет көрсету және шешім қабылдау үдерісіндегі жауапкершілікті күшейту мәселелері нақты көрініс тапқаны айтылды. Бұл өзгерістер қоғам мен мемлекет арасындағы сенімді нығайтуға ықпал етпек.

Табиғи резерват пен ҮЕҰ өкілдерімен кездесу
Коалиция мүшелері сондай-ақ Бөкейорда мемлекеттік табиғи резерваты ұжымымен және үкіметтік емес ұйым өкілдерімен кездесулер өткізді. Басқосуларда конституциялық реформалардың мазмұны, азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту және демократиялық қағидаттарды жетілдіру бағытындағы бастамалар талқыланды.
ҮЕҰ өкілдері азаматтық қоғам институттарының ел дамуындағы рөліне тоқталып, ұсыныстарын ортаға салды. Жиындар ашық пікір алмасу форматында өтіп, қатысушылар тарапынан қойылған сауалдарға нақты жауаптар берілді.

Есіктен-есікке форматындағы жұмыс
Референдум қарсаңында аудан белсенділері тұрғындармен тікелей байланыс орнату бағытындағы жұмыстарын жалғастыруда. Есіктен-есікке форматында ұйымдастырылған шаралар барысында ауыл тұрғындарына референдумның мазмұны түсіндіріліп, ақпараттық материалдар таратылуда. Сонымен қатар азаматтардың ұсыныс-пікірлері тыңдалып, сұрақтарына жауап берілуде.
15 наурызда өтетін республикалық референдум – ел болашағына қатысты тарихи шешім. Әр азаматтың белсенділігі мен азаматтық ұстанымы мемлекет дамуының берік негізі болмақ. Сондықтан бұл маңызды саяси науқанға қатысу – әрқайсымыздың ортақ жауапкершілігіміз.
Қайрат Жақып,
Казталов ауданы