Алматыда ақын, Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бауыржан Халиолланың “Ағымнан ақтарылсам…” атты шығармашылық кеші өтті. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық аспаптар оркестрінің залында Алматысын аңсаған ақын мен ақынын сағынған оқырман жүздесті. “Қанатымнан бір қауырсын суыршы, Кірісейін дастанға!” - деп өзі жазғандай, қанатынан қауырсын суырып жыр жазған Бауыржан шайырдың Алматы десе көңілі алабөтен. Жастығы, айтыстағы алғашқы қадамдары мен алтын дәуірі, Есенқұл, Жүрсін көкелерінің күркіреп тұрған шақтары - бәрі - бірі жылы естелік. Керемет кеш туралы көрермен қатарында отырған жыршы, фольклортанушы Берік Жүсіп жазған екен. Хош, әрі қарай Бекеңе сөз бердік.

Өз басым ақын атаулыны «пайғамбардың ізбасары» деуге бейілді, әсірелікке саятын ұшқарылау пікірге онша илана қоймайтын қазақтың бірімін. Неге, не үшін дейсіз бе? Айтайын, егер уәжімді өткізе алсам. Діни әрі дүнияуи ұғымдар бойынша бірі — жер бетінде теңдесі жоқ Жаратушы жалғыздың елшісі, ал екіншісі — адам санасының терең қатпарларында тұншыққан тұмшалы ойлардың емшісі. Қалай десең де екі айрық, қос тұйықта тұрған, біріне екіншісі жанаспайтын миссия-міндет арқалаған, бірікпейтін кеңістіктегі пенделер. Алайда, алдында ет пен сүйектен жаралғандар тәк тұрып, ілгергісінің құдайтану қағидатына шексіз табынып, кейінгісінің адамтану табиғатына риясыз бағынып жүруді әдет етіп келе жатқан екеуінің де қарашыдан айырым ерекшелігі көп.
Солай дей тұра қазақ «аттың белі, атанның қомы» дейтін дәуір-дәуренде қолына домбыра алып, елдің көз алдында жүріп, көңіл түкпіріндегі сөзін айтқан; кейін тұтас ұлт аттан түсіп, алып империя алдында амалсыз тізе бүккен кезде қолына қауырсын қалам ұстаған; келеңі келіспеген кеңестік кезеңде биліктің сойылын соғып, қолдан құйылған қасаң қалып пен саясаттан теперіш көріп, ұртын ащы сумен шылаған масаң күндерге тәуелді болған; тап бүгінгідей арзанқол, ыстаяқ кезде «көңіл тапқыш, сөз саптағыш» болып алған кейбір, өзін ақын санайтын санат иелері арасында аспан мен жердей айырма бар. Ден қойсаң оның да аужайын көресің, әрине. Қоймасаң — бәрі бір өң! Осылардан мысқалдай ғана бірдеңе алып, өзін заманға сай жасандырып, болмысының иін қандырып, қайта қалыптаған жаңа форматтағы сөз иесіне жан баласы тең келіп, шендесе алмасы анық. Кеше ару Алматыда, Құрманғазы атындағы қазақ Ұлттық халық аспаптар оркестрінің концерт залында сондай тұрпат иесінің, ақын Бауыржан Халиолланың «Ағымнан ақтарылсам…» деген шығармашылық кеші өтті.

Айтатыны жоқ, айдарлы аты мазмұнды затына сай болды. Аймақ әкімінің өкілдері келіп, халыққа ілтипат жасауының өзі ақынға деген құрмет көрсету мен шашбау көтеудің жақсы үлгісін танытты. Сахнада өлең оқылды, Баукең: «Ендігі қалған ғұмырымда еліме тікемнен тік тұрып, қызмет етуге уәде етіп едім», — деп қазақы әңгіменің не бір көкаман түрін таңдап шертті. Құрманғазы атындағы қазақ Ұлттық халық аспаптар оркестрінің сүйемелімен кеш иесінің авторлық әндері айтылды, күй тартылып, көңіл алаңсыз бір шалқып, тілмен жеткізіп болмайтын бір хәлге көтерілді. Бойында да, ойында да біраз нәрсе қордаланып-ақ қалған екен. Оның құрметі үшін жиналған ел-жұрт та сөйтіп, ішкі «ыдысын» бір босатты. Ақыным шынымен де Ақжайық болып ағынан ақтарылды. Төкті інжу-маржан жырдың не бір түрін, тегенемен төңкергендей етіп. Екі жарым сағатқа созылған қазақы кеш барысында ерекше әсерге бөленген көрермен еркін һәм риясыз отырды, сөйтіп арқайым тыныстап қайтты. Бір шетінде отырып біз де ми тынықтырып, сана сергіттік. Соңынан Сыдық ағаның мейрамханасына барып, түйе қуырдақ жеп тарастық.
Жалпы, біз қайраткерлік жайында ауыз ауырта беруге бейілміз. Шынын айтқанда, сол ерек сипат екі ақынның бірінің қолынан келер ме екен? Қайыңның қатты безіндей, қарағайға қарсы біткен иір бұтақтай алау мінездің жалынынан жұғатын сол қиын қасиеттің үдесінен екінің бірінің шыға алуы мүмкін де емес. Науша күнінде тарғыл тағдырдың тәлкегінен белуардан бейнет кешкен бұл інімнің жанына жай таптырмаған «ерсілі-қарсылы ағыстар» осы санат төңірегінен табылудан басқа жол қалдырды ма? Оның үстіне, ат жалын тартып мінгенде «басын шұлғып жүйткіген жастық күрең»: балапан — басына, тұрымтай — тұсына деген заманға тап қылды. Сөйтіп, өзі «Он жеті жас» деген өлеңінде айтқандай «балалық көкірегін ызғар соқты». Содан соң «қоңыр ойлары» одан бетер қоюлана түсті. Торыққан ақын «Баяны жоқ тіршілік, / Баяғы сол қалпында. / Тоты кеудем тұншығып, / Тор азабын тартуды» деп құсаланды. Сөйтіп, «жан бесігі тебіреніп» жүріп, «қиялдың құрсағында жетілді». Ақыры «бас-аяғы жоқ күзгі өлең» оның маңдайын тауға да, тасқа да ұрды.

Жиынның үстінде отырып Тәңіртаудың перзенті қайран Ерекеңнің — Еркін Ібітанов ағаның бір ғажап жырының: «Кей бастың қалқасында, / Кей бастар таса қалған. / Кей бастың «арқасында» / Кей бастың шашы ағараған», — деген бір шумағы ойыма орала берді. Иә, тап сол уақытта талайлар көзден таса қалып, талайдың шашы ағарып жатқаны естілердің көз алдында шығар? Қарап отырсам, содан бері де көп өзгере қойған ештеңе жоқ сияқты, жабағы жабулы көп жайт әлі сол қалпында екен ғой. Ал менің Гаруда болмысты інім әлгі ұлы сүргіннің арасымен, жықпыл-жықпылмен жортып отырып, дәулердің қалқасында таса қалмай, бел шешіп күресе жүріп, әкім-қаралардың интригасынан шашы ағармай аман шығып, ақыры алашқа белгілі болды. Айтпақшы оның «Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты» атанғанына да көп бола қойған жоқ. Ол кеш барысында осыдан он бес жыл бұрын өзін «кебенек ішінде» танып, үстінен қарша борап жатқан арыздардың қаһарын елемей, жұрт «саяси сенімсіз» деп күстаналап жатқанда өзі сенгендіктен ерекше сенім артқан, сөйтіп қызмет сатыларында өрлеуіне себепші болып, жол ашып береген ереннің — Нұрлан Асқарұлы Ноғаевтың есімін ерекше атап өтті. Жамандықтың жайын екінің бірі тілге тиек етіп жүрген заманда көрген жақсылығын ұмытпау да ерлікке пара-пар болып қалды емес пе? Жалпы, Нұрекең — Нұрлан ағамыз қай кезде де ірі тураушы еді ғой, айналайын.
Қош, сонымен концертте ақын Бауыржан Халиолланың авторлық әндері шырқалып, соны шығармалардың тұсауы кесілді. Шығармашылығы жайында кейін бір қайырып, көлемді мақала жазу да ойымда жүрген. Бір жағынан жазбағаным да жақсы болған екен деп тұжырдым осы кештің үстінде. Бұл жолы мен оның композиторлығына куә болдым. Жалпы, шығармашылық үдеріс дегенің жүйелі жүргізілетін эксперимент-тәжірибелердің жиыны ғой. Әрине, пенденің ойын тербеп, жанын жегідей жеп, ән-өлең болып өрілетін барлық туындыны бірдей шедевр — асыл деуге болмайды. Бастысы: мен Бауыржандық қолтаңба мен оның әндеріндегі сан алуын жанр — Орталық-Батыс еуропа арқылы орыс мәдениетіне өтіп, қазаққа сіңісті болған лирикалы қосақ биге негізделген тұрмыстық музыкалық жанрдағы вальс, түп негізі әскери патриоттық әуендерден шығатын нақты ырғақты марш, екінің бірінің айтуына қолайлы аула-көше әндері мен дәстүрлі негіз, ұлттық нақыштағы сал Мұхит шығармаларының ұлы рухымен ұштасқан өрелі әндердің галереясын көрдім

Сол қатардың көріктісі «Түнгі эллегия» әнінің атауы да, табиғаты да бөлек екен. Бұл өзі биік шыңның басында тұрып мұңайған шығарма. Жалпы, әннің шыңға шығып мұңайуының өзі сирек құбылыс. Стилі өзгеше әуеннің соңғы — төртінші жолының ақырғы бунағы қайырма болып күрмелетін шағын саз сырты өрнекке емес, ішкі тебіреніске толы екен. Сахна төрінде домбырамен, заманауи ырғақта айтылған екі әнді («Шерлі шағала», «Досыма хат») Батыс Қазақстан өңірінің дәстүрлі қағысына түсіріп шырқаса, сөз жоқ Мұхиттың әншілік дәстүрі негізінде дамыған Ғарифолла мектебі ізіндегі қос туындының бақ жұлдызы басқаша жанғалы тұр екен. Туындыларының дәстүрлі халық әндері сияқты естілуінің өзі оның тамырына байланған ерекшеліктің бірі. Ал «Жымпиты» туған жерге деген сағыныштың сом үлгісі болып төгіле қалыпты. Тіпті ауданның әнұраны болуға сұранып тұр. Өйткені, вальс ырғағы қашан да көптің қосылып айтуына қолайлы. «Жүрек сөзі» де бір тыңдағанда көңіл-күйдің мұңлы өрнегі болып көрінгенімен, жылауық лириканың қатарынан емес. Үнемі ізденіс үстінде жүрудің нәтижесі осылай болса керек.
Сонымен, бұл сапар Алматыға келіп, ағынан ақтарылған ақынның өзіне не берді? Сахна төрінде айтылған сырлы сөздерінің арасында «Ақселеу айтыпты» деп елге езу тартқызғанындай: «Аса жынды болмаса әркім өз шамасын біледі ғой». Егер ол ақылды «жындылардың» қатарынан болса, әрине. Бауыржан інімнің бұл астарлы тәмсіліне мен іштей жылы жымидым әрі риза болдым. Толдым деген мен-меннің емес, өсуден үміттінің сөзін айтып тұрса қалай қуанбайсың? Меніңше, оның басты олжасы — осы, алдымен шарқын шамалап алу. Содан соң дүр сілкініп, шыңдағы шынарларға ұмтылып, қияға қол созса жараспай ма? Өйткені, Құдай деген пенденің тағдыры өз қолында. Оның жайын басқа болмаса да, біздің Баукең жақсы біледі. Ақжайықтан ат арытып асқақ Алатауға келгені де сондықтан. Сөз жоқ, сапары сәтті күрмелді, кешегі күн соның дәлелі болып есте қалды.
Берік Жүсіпов,
фольклортанушы