Орал қаласына қарасты Деркөл кентінің Ынтымақ ауылында өткен «Ынтымақты елдің жүйрігі озар» атты дүбірлі бәйге – бірлік пен берекенің, ұлттық рух пен дала дәстүрінің айқын көрінісіне айналды. Қазақстан халқының бірлігі күніне орай ұйымдастырылған бұл айтулы шара ауыл өмірінің ажарын ашып, елдің еңсесін көтерген ерекше мереке болды.

Қала әкімдігі, кент әкімдігі, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен «Болашақ» комьюнити орталығының қолдауымен, Ынтымақ ауылы азаматтарының бастамасымен өткен бәйгеге өңір аудандары мен Орал қаласынан 60-қа жуық жүйрік жиналды. Даланың төсін дүбірге бөлеген тұлпарлар жарысы үш шақырымдық тай бәйге, алты шақырымдық құнан бәйге және он екі шақырымдық топ бәйгеден тұрды. Әр қашықтық әр жүйріктің бабын, әр шабандоздың шеберлігін сынға салған нағыз дода болды.

Салтанатты шараға арнайы қатысқан Орал қаласы әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиев құттықтау сөз сөйлеп, ауыл азаматтарының ұйымшылдығын, бірлігін ерекше атап өтті. Ол мұндай игі бастамалар елге үлгі болып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуде маңызды рөл атқаратынын жеткізді.
Тай жарысында тартыс ерекше қызу өтті. Үшінші орынды Теректі ауданы Талпын ауылынан келген Алихан Мекеновтің «Томирис» атты тайы (шабандозы Айболат Саян) еншілесе, екінші орын Тасқала ауданы Айнабұлақ ауылынан келген Бақтыгерей Аяпбергеновтің «Зымыран» атты жүйрігіне (шабандозы Саят) бұйырды. Ал бірінші орынды оралдық Нұрболат Исмагуловтың «Аманат» атты тайы (шабандозы Армат) жеңіп алып, көрерменнің зор қошеметіне бөленді.
Құнан бәйгесінде де бәсеке қызу болды. Бірінші орынды Ынтымақ ауылының тумасы Қайырбол Ақниеттің «Қарақат» атты құнаны (шабандозы Сәлім) иеленсе, екінші орын оралдық Тоқтамыс Хамзиннің «Алау» атты жүйрігіне (шабандозы Арнұр) бұйырды. Үшінші болып мәреге Қазталов ауданынан келген Мұрат Қаниевтің «Желқара» атты тұлпары (шабандозы Мадияр) жетті.
Көпшілік асыға күткен топ бәйге нағыз төзім мен тектіліктің сыны болды. 12 шақырымдық аламанға 17 тұлпар қатысып, көрерменнің делебесін қоздырды. Нәтижесінде Қазталов ауданынан келген Сабырғали Қойшекеновтің «Нөсер» атты сәйгүлігі (шабандозы Жайдарбек) топ жарып, бірінші орынды қанжығасына байлады. Екінші орынды Ынтымақ ауылының намысын қорғаған Қайырбол Ақниеттің «Сакурасы» (шабандозы Саят) иеленсе, үшінші орын Теректі ауданы Подстепный ауылының атбегісі Фарби Жанқадамның «Дубай» атты жүйрігіне (шабандозы Ислам) бұйырды.

Даланы дүбірге бөлеген дүбірлі дода арқан тартыс сайысымен жалғасып, ұлттық ойындардың рухын асқақтатты. Бұл күн тек жарыс күні емес, бұл – бірліктің, бауырмалдықтың, ата дәстүрге деген құрметтің мерекесі болды. Ынтымақ ауылының азаматтары ұйымдастырған бұл шара ел ішіндегі ынтымақтың шынайы үлгісін көрсетіп, «бірлік бар жерде – тірлік бар» деген ұлағатты сөздің мәнін айқындай түсті.

Түгелбай Бисен
«Орал өңірі»