8.05.2026, 10:00
Оқылды: 13

Су – стратегиялық мәселе

«Су мәселесін шешу  –  әлеуметтік  тұрақтылықты  сақтап,  экономиканы  дамытудың  кепілі.  Бұл  –  ұлттық  қауіпсіздікті қамтамасыз ететін басты фактордың  бірі.  Біз  соңғы  екі  жылда  осы  саланың  институционалдық  негізін  қалыптастырдық.  Атап айтқанда, Су кодексі қабылданды,  арнайы  министрлік  құрылды....»

Мемлекет  басшысы  Қасым-Жомарт  Тоқаевтың 

2025  жылғы  8  қыркүйектегі  Қазақстан  халқына  Жолдауынан

 

Оралдағы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстанаграрлық-техникалық университетінде «Суды үнемде, болашақты сақта» атты республикалық экологиялық сағат өтті. Іс-шараға ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің Цифрландыру департаментінің директоры Ердәулет  Жұмат, университеттің басқарма басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушылар және өңірдегі су шаруашылығына қатысты мекеме-ұйымдардың өкілдері қатысты.

 f1bbdd15-b925-4e01-9d29-58166c126804

Эко-сағатты Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған тапсырманы орындау мақсатында ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі ұйымдастырды. Аталған министр-ліктің «Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы» КЕАҚ «Суды үнемде, болашақты сақта!» бағдарламалық жобасын 2025 жылдан бері жүзеге асыруда. Ондағы мақсат су ресурстарын тиімді пайдалану мәдениетін қалыптастыру, экологиялық жауапкершілікті арттыру және табиғи ресурстарды қорғауға саналы көзқарас қалыптастыру.

Жәңгір хан университетінде өткізілген эко-сағатқа онлайн сипатта облыстағы жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттері қосылды. Соның ішінде Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті, Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялар жүйесі университеті, Жоғары аграрлық-техникалық колледжі және Жоғары инженерлік-технологиялық колледжі бар.

Жиынды ашқан БҚАТУ-дың басқарма төрағасы-ректор Асқар Наметов Мемлекет басшысының 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауында айтылғандай, суды үнемдеу мәдениетін қалыптастыру – ақпараттық-идеологиялық жұмыстың бөлек бағыты екенін ерекше атап өтті. ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің өкілі Ердәулет Жұмат суды үнемдеу мәдениетін қалыптастырудағы ақпараттық-түсіндіру және идеологиялық жұмыстардың маңыздылығына тоқталды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  суға ұқыпты қарау әрбір азамат үшін қалыпты қағидаға айналуы тиіс екендігін айтқан болатын. Бұл әсіресе климаттың өзгеруі салдарынан су ресурстары азайып жатқан кезеңде аса өзекті. Сонымен қатар елімізге судың шамамен 44%-ы басқа мемлекеттерден келеді, сондықтан оны ерекше қадірлеп, үнемдеу қажет. Қазіргі кезде суды тек ауыл шаруашылығында ғана емес, өнеркәсіп саласында да пайдаланады. 2024 жылға дейін Қазақстан су үнемдеу технологияларын енгізуді 330 мың гектарға жеткізді. 2025 жылдан бастап су үнемдеу технологиялары қолданылатын алқаптар 150 мың гектарға өсті.  Осылайша су үнемдеуді барлық салада жылына  екі миллиард текше метрге жеткізуді межелеудеміз. Екі жыл бұрын Су кодексі қабылданды. Онда суды үнемдеу тек ауыл шаруашылығында   ғана емес, өнеркәсіп саласында да қарастырылған. Соның ішінде пайдаланылған суды тазалап қайта айналымға қосу, егіншілікте тамшылата суару, лазерлік тегістеу (егістік алқаптың жер бедерін жоғары дәлдікпен тегістеу) секілді озық технологияларды өндірісте қолдана отырып, суды үнемдеуге болады, – деді Ердәулет Жұмат.

Бұдан әрі осы салаға қатысты мекеме-кәсіпорындардың өкілдері – БҚО бойынша «Қазсушар» филиалы директоры Рауан Хұсайынов, «Батыс су арнасы» ЖШС   бөлімінің басшысы Табуз Сәлімов өңіріміздегі суару-суармалау жүйесіндегі суды үнемдеу шаралары, облысымыздағы су көздері, суды үнемдеп пайдалануға қатысты ақпаратпен бөлісті.  Су ресурстарын қорғау және пайдалануды реттеу жөніндегі Жайық-Каспий бассейндік су инспекциясы басшысының орынбасары Қанат Өтеғалиев Су кодексінің су  саласындағы жаңа мемлекеттік саясаттың негізі болып табылатынына тоқталды. Маманның айтуынша, суды қоршаған ортаның ажырамас бөлігі, азаматтардың тіршілік әрекеті мен экономикалық дамуының негізі деп тану керек. Сондай-ақ суды қорғау және оның сарқылуын болдырмау, жерүсті және жерасты суын кешенді пайдалану, су үнемдеу технологияларын енгізу және климаттың өзгеруіне бейімделу, су қорын қорғау және пайдалану  мәселелерін шешуге жұртшылықты тарту маңызды. «Судың «көлеңкелі нарығымен» күре-су үшін  бассейндік су инспекцияларының мемлекеттік бақылау функциялары күшейтілді. Оларға жедел әрекет ету шараларын қабылдайтын қадағалау қызметтері берілді. Сондай-ақ жергілікті атқарушы құрылымдардың су қорын қорғау және пайдалану саласында оларға жүктелген функцияларды сақтауына мемлекеттік бақылау жүргізіледі», – деді Қ. Өтеғалиев.

Жәңгір хан университетінің ғалымы Сәрсенбек Монтаев табиғи сорбенттер негі-зіндегі модульді су айналымды жүйелерін енгізу арқылы су тұтынуды азайту бағытындағы ғылыми ізденістері туралы әңгімеледі.  Университет ғалымдары жерасты суы мен техникалық суды жергілікті модификацияланған сорбенттерді қолдану арқылы тазарту технологиясын әзірледі. Ондағы мақсат – суды шаруашылыққа және тұрмысқа пайдалануға қолжетімді ету. Бұл мәселені шешудегі тиімді әдістердің бірі – суды арнайы сорбенттер арқылы сүзгіден өткізіп, оның  кермектілігі мен тұздылығын азайтып, пайдалануға жарамды деңгейге жеткізу. Сәрсенбек Әлиакбарұлы баяндамасында аталған ғылыми жоба туралы егжей-тегжейлі айтты. Жуырда  жоғары мемлекеттік марапат алған ғалым-ұстаз Президенттің алдында сөйлеген сөзінде де ел экономикасын дамытуға септігін тигізетін осындай жобалар туралы айтқан еді. Ал «Гидромелиорация» білім беру бағдарламасының жетекшісі Марат Оңаев осы бағытта білікті мамандар даярлау қажеттігі туралы сөз қозғады. Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде 2025 жылдан бастап «Гидромелиорация» білім беру бағдарламасы бойынша талапкерлер оқуға қабылданып, жоғары оқу орны су шаруашылығына қажетті білікті мамандар даярлау ісіне кірісті. Бұл күндері 1-курста 80-нен астам студент осы бағдарлама бойынша оқуда. Салаға  кәсіби мамандар даярлау ісіне қатысты Президенттің тапсырмасына Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарының әкімдіктері бейжай қарамай, арнайы оқу гранттарын бөлген. Марат Қайырлыұлы университет сапалы кадрлар даярлау мақсатында білім алушыларды жоғары деңгейлі өндірістік тәжірибеден өткізу үшін су саласына қатысты бірқатар мекемемен келісімшарт жасалғанын айтты. Аталмыш бағдарлама бойынша оқып жатқан 1-курс студенті Абылай Үмбетырза суды үнемдеу  өтпелі науқан емес, тұрақты өмір салтына айналуы тиіс деген ұстанымын білдірді. Оның айтуынша, әр отбасы қарапайым ережелерді сақтап, айына 5-7 текше метр шамасында су үнемдей алады. Бұл республикалық көлемде миллиондаған текше метрге тең екенін нақты мысалмен көрсетті.

Іс-шараның соңында белсенді қатысушылар ҚР Су ресурстары және ирригация министрі атынан алғысхаттармен марапатталды. Сонымен қатар эко-сағатқа қатысушыларға оқу ордасының ғылыми-зерттеу зертханаларына экскурсия ұйымдастырылды.

Гүлбаршын Әжігереева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале