15.05.2026, 23:00
Оқылды: 6

Қаратөбеде Жеңісқали Қуанышкереевтің 80 жас мерейтойына арналған кездесу кеші өтті

Бүгін Қаратөбе ауданына қарасты Сулыкөл ауылдық мәдениет үйінде Сулыкөл ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы, ардагер ұстаз Жеңісқали Қуанышкереевтің 80 жас мерейтойына арналған «Ұстаздық жол – ұлағатты ғұмыр» атты тағылымды кездесу кеші өтті.

WhatsApp Image 2026-05-15 at 21.08.36 (16)

Тағылымы терең шараға ауыл тұрғындары, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, ұстаздың замандастары мен шәкірттері қатысты. Кештің басты мақсаты – саналы ғұмырын білім саласына арнаған арда азаматтың еңбегін дәріптеп, өнегелі өмір жолын кейінгі ұрпаққа үлгі ету болды.

WhatsApp Image 2026-05-15 at 21.08.36 (2)

Кеш барысында жүргізуші Марина Карлқызыұстаз мамандығының қадір-қасиетіне тоқталып, Жеңісқали Шәкірұлының ел алдындағы еңбегін ерекше атап өтті.

Алғашқы құттықтау сөз алған Сулыкөл ауылдық округінің әкімі Асланбек Бисембай мерейтой иесінің ұзақ жылғы ұстаздық қызметі мен қоғамдық жұмыстардағы белсенділігін атап өтіп, мерейтой иесіне ізгі тілегін жеткізді.

WhatsApp Image 2026-05-15 at 21.08.36 (9)

Шара барысында Жеңісқали Қуанышкереев өз өмір жолына тоқталып, еңбек жолы туралы естеліктерімен бөлісті.

Мен 1946 жылы маусым айының 20-сы күні Егіндікөл ауылдық кеңесінде дүниеге келгенмін. 1953 жылы қоскөл 7 жылдық мектебінің 1 сыныбына оқуға қабылданып, 1963 жылы Қалдығайты орта мектебін бітірдім.

1964 жылы А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының физика-математика факультетінің математика бөліміне оқуға түсіп, 1968 жылы аяқтадым. Сол жылы өз ауылыма келіп Қалдығайты орта мектебіне мұғалім болып орналастым. Содан 2009 жылға дейін 41 жыл математика пәнінің мұғалімі болып зейнетке шықтым. Ұстаздық жол – үлкен жауапкершілік пен табандылықты талап ететін қасиетті мамандық. Зейнетке шыққан соң да қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып жүрдім. Құдайға шүкір бала-шаға, немерелерім бар. Еліміз тыныш, халқымыз аман болсын, - деді ардагер ұстаз.

WhatsApp Image 2026-05-15 at 21.08.36 (1)

Сонымен қатар ол ұзақ жылдар оқу ісінің меңгерушісі, мектеп директоры қызметтерін атқарғанын айтып, зейнеткерлікке шыққаннан кейін де қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүргенін жеткізді.

Кеште мерейтой иесінің замандасы Жақсылық Мусин естелік әңгімелер айтып, бірге өткізген жылдарды тебіреніспен еске алды. Сондай-ақ Жаннат Ахметжанқызы ұстаздың еңбек жолының басталуы туралы сөз сөйлесе, Айнагүл Жанатқызы оның ұстаздық қызметіндегі жауапкершілігі мен шәкірт тәрбиесіндегі еңбегіне тоқталды. Нәбат Ақымғалиқызы қоғамдық жұмыстардағы белсенділігіне баға берсе, ардагерлер кеңесіндегі еңбегі жайында Рамазан Қыдырашев жылы лебізін білдірді.

Шараға қатысқан аудандық мәслихат депутаты, кәсіпкер Қайырболды Нұрмұханбетұлы да мерейтой иесіне құрмет көрсетіп, иығына шапан жауып, ақжарма тілегін арнады. Ұлағатты ұстазға ұзақ ғұмыр тілеген Қалдығайты жалпы орта білім беретін мектебінің директоры Ақмарал Ерсайынқызы шәкірттерге өлшеусіз білім берген ардагердің зор еңбегін атап өтті.

Әсерлі кеште Жеңісқали ағайдың жары Алтын Сариеваның сөз сөйлеп барша ұйымдастырушылар мен жиналған қауымға отбасы атынан алғысын жеткізді.

Тағылымды шараны аудан әкімінің орынбасары Ғабит Ғазиев қорытындылап, аудан әкімінің құттықтау хаты мен сый-сияпатын табыстады.

WhatsApp Image 2026-05-15 at 21.08.36 (17)

Айта кетейік, халықаралық отбасы күні қарсаңында өткен бұл кешті ұйымдастыруға Сулыкөл ауылдық округімен қатар «Қаратөбе әйелдері», «Мұхит жастары» және «Тұғырым» қоғамдық бірлестіктері де атсалысты. «Мұхит жастары» ұйымы мерейтой иесіне шапан жапса, «Тұғырым» қоғамдық бірлестігі жарына камзол кигізіп, ақ жаулық жауып құрмет көрсетті.

Өнегелі өмір мен адал еңбекке арналған тағылымды кеш көпшілікке ерекше әсер сыйлады.

Серікбай Хасанов

Қаратөбе ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале