Орал қаласындағы Жастар мәдениет үйінде БАҚ қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында облыс әкімдігі мен облыстық қоғамдық даму басқармасының қолдауымен «QADAM MEDIA FORUM – 2026» республикалық іс-шарасы ұйымдастырылды.

Фото: Мәди Салық
Форумға еліміздің әр өңірінен журналистер, медиа мамандар, баспасөз хатшылары, блогерлер мен сарапшылар қатысты. Жиында облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев өңірлік медианың халық пен билік арасындағы алтын көпір екенін және олардың цифрлық форматқа сәтті бейімделіп жатқанын айтты. Ал «AQJAIYQ» телеарнасының директоры Клара Қамбетова алпыс жылдан астам тарихы бар арнаның тәулігіне 14 сағат хабар тарататынын жеткізіп, пандемия мен 2024 жылғы су тасқыны кезіндегі тілшілердің еңбегін ерекше атап өтті. Ол сонымен қатар көрермен ықыласына бөленген «Жетінші аймақ», «Тарихтан тағылым», «Алдаспан» бағдарламаларына тоқталды. Өз кезегінде «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Дархан Оразов алдағы он жылда медиахолдингті өңірдің жетекші цифрлық платформасы мен ірі электронды архивіне айналдыру стратегиясымен бөлісті.

Форумның секциялық отырыстарына «Хабар» телеарнасының редактор-жүргізушісі Мөлдір Досбай, «24KZ» телеарнасының тілшісі Альбина Құмарғалиева және журналист, тележүргізуші Мүрсәлім Дастанбек қатысып, қазіргі медианың өзекті мәселелерін талқылады. Мөлдір Досбай қазақ медиасындағы калька сөздер мен тіл тазалығы мәселесін көтеріп, сауатты сөйлеу мәдениеті туралы кәсіби кеңестерін ұсынды. Сарапшылар жасанды интеллект журналисті алмастырмайтынын, тек жұмыс тиімділігін арттыратын құрал екенін алға тартты.

Өңірлік коммуникация қызметі ұйымдастырған форум соңында бір топ маман марапатталды. «24KZ» телеарнасының тілшісі Ерденбек Жылқайдарұлы, Жаңақала аудандық «Жаңарған өңір» газетінің бас редакторы Зара Жәрдемова және Орал қалалық мәслихатының депутаты, кәсіпкер Нұргүл Ашықова Қазақстан Журналистер одағының Құрмет грамотасына ие болды. Белгілі ақын, сала ардагері Ғайсағали Сейтақ Қазақстан Журналистер одағының «Қазақстанның құрметті журналисі» төсбелгісімен, ал БҚО ТЖД төтенше жағдайларды жою бөлімінің бас маманы Айбар Қамидуллиев алтын медальмен марапатталды.

Гүлжамал Жолдығали,
zhaikpress.kz