25.06.2026, 9:15
Оқылды: 8

Киноапталық: Дерек пен дәйек

Елде ҚР Президенті телерадиокешенінің 30 жылдығы аясында «Хроникадан болашаққа» атты республикалық деректі киноапталық өтіп жатыр. Апталық Қазақстанның 20 қаласын қамтиды. Осы жоба 19-20 маусым күндері Орал қаласында өтті. Алғашқы күні «Орал» ойын-сауық кешеніндегі кинотеатрда «Серт» деректі фильмі мен «ARAL» деректі фильм-портреті көрсетілді. Екінші күні деректі кино орталығы әзірлеген «Travel Kazakhstan», «Құлалы аралындағы адам» деген екі фильм ұсынылды.

WhatsApp Image 2026-06-19 at 16.29.55 (1)

Бұл жобаның мақсаты – көрерменді ҚР Президенті телерадиокешені 30 жыл ішінде түсірген үздік деректі фильмдерді таныстыру. Астанада 21 мамырда басталған республикалық іс-шара оңтүстік өңірлерде, кейін батыс аймақтарда жалғасты. Апталық қыркүйекте Алматыда қорытындыланады.

WhatsApp Image 2026-06-19 at 16.29.56 (1)

Кинолекторийдің ашылуында сөз алған облыс әкімі аппаратының басшысы Нұрділдә Ораз бұл жоба тәуелсіз Қазақстанның маңызды кезеңдерін дәріптеп, ұлттық жадыны сақтауға қызмет етеді деп атап өтті. ҚР Президенті Телерадиокешені деректі кино орталығының бас продюсері Әділбек Құламан жобаның мақсат-міндеті жөнінде айтты. «Телерадиокешеннің деректі кино орталығы Президенттің шетелдегі және ел ішіндегі сапарларынан, мемлекеттік бастамалар мен маңызды оқиғалардан деректі фильмдер дайындайды. Киноорталықта бір жылда 40-50 шақты фильм түсірілуі мүмкін. Бұл фильмдер республикалық телеарналарда көрсетіледі. Апталықтың негізгі мақсаты – аймақтардағы көрермендерге отандық деректі кино туындыларды үлкен экраннан көрсету, насихаттау», –  деді бас продюсер Әділбек Қазбекұлы (суретте).

Әділбек

«СЕРТ» деректі фильмінде 2024 жылдың көктемінде Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарында болған су тасқынының салдары баяндалады. Үй-күйсіз далада қалған тұрғындардың сол кездегі шарасыз күйі, кейін баспаналы болған сәттері, халықтың ынтымақбірлігі көрсетіледі.

Ал «ARAL» деректі фильм-портреті – өмірін Арал теңізіндегі балық шаруашылығына арнаған Күнтуған Тұрғынбаев туралы. Фильмге адам тағдыры арқылы Арал тағдырын, экологиялық мәселе өзек бол­ған. 1960 жылдары Арал теңізінде 1080 текше метр су болған. 1989 жылы су деңгейінің тым төмендеуіне байланысты теңіз Солтүстік Арал (Қазақстан аумағы) және Оңтүстік Арал (Өзбекстан аумағы) болып екіге бөлініп қалған.

«Бұл – адамның тіршілігіне жаратылған теңіз ғой. Сағынбай не қыласың?! Теңізге су келсе, мына ұлы теңізіміз толар ма екен, өзінің деңгейіне қайтып оралар ма екен деп ойлаймыз...», – деп теңіздің балыққа толы, табиғаты көркем шағын тебірене еске алады Күнтуған қария.

WhatsApp Image 2026-06-20 at 14.04.32

Бауыржан Атауов, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы:

– Бүгін ҚР Президенті телерадиокешенінің 30 жылдығы аясында деректі кино орталығының жұмысымен таныстық. Көрерменге өте әсерлі туындылар ұсынды. Кәсіби шеберліктің куәсі болдық. Себебі болған оқиғаларды шынайы суреттеген. Облыстағы су тасқынының зардабын жою кезінде Президенттің өңірге келгені, халықтың ортасында болғаны қиындыққа тап болған тұрғындарға күш-қуат берді. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен баспаналар салынып, тиісті шаралар жүзеге асты. Сол кезде тұрғындардың қасында жүрдік. Саяжайдағы баспанасын су басып, әкімдіктің алдына екі баласын көтеріп келіп тұрған шарасыз әкенің бет-бейнесі көз алдымнан кетпейді. Үш мыңға жуық адам баспаналы болды. «Бүгінгі күн – ертеңгі тарих» деген бар. Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы, жеткен жетістігі таспаға түсіріліп, насихатталса, кейінгі буынға серпін береді, олардың елге деген сүйіспеншілігін оятады.

Әсел

Әсел Жарасова, Орал қаласының тұрғыны:

– ҚР Президенті Телерадиокешені деректі кино орталығы түсірген «ARAL» деректі фильм-портреті ерекше әсер қалдырды. Әбдіжәміл Нұрпейісовтың «Қан мен тер» трилогиясындағы Арал маңындағы балықшылардың өмірін еске салды. Фильмде балықшылардың өмірін бір отбасының, бір адамның ғұмырымен көрсеткен. Бұл үлкен еңбек, шеберлік дер едім. Кадрдың сыртында ешқандай түсіндірме мәтін жоқ, диктор да сөйлемеді. Бір кейіпкерді сөйлетіп, оның отбасын көрсету арқылы Аралдың қазіргі ахуалы, теңіздің рөлі туралы баян етеді.

***

Өткен сенбіде Қазақстан мен Жапония мемлекеттерінің саяси, экономикалық ынтымақтастығы туралы фильм көрсетілді. Бейнематериалда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Күншығыс еліне сапары жөнінде ақпараттар қамтылған.

Ел Президенті 2011 жылы БҰҰ-ның бас хатшысының орынбасары қызметі кезінде Жапон еліне арнайы шақыртумен барған. Бұл Қасым-Жомарт Кемелұлының Орта Азиядағы мемлекеттер арасындағы беделді дипломат екенін анық аңғартады. Мемлекет басшысы сол кезде Токиодағы БҰҰ университетінде дәріс оқыған. Қазақстан Президенті аталмыш іргелі университетте дәріс оқыған алғашқы мемлекет басшысы болып тарихта қалды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың университеттегі дәрісіне Жапонияның мемлекеттік қызметшілері, дипломаттар, саясаткерлер мен ғалымдар қатысты.

Орталық Азия мен Жапон мемлекетінің байланысы алғаш Астана қаласында бастау алған. Жапония Қазақстанның ең ірі инвесторларының ондығына кіреді. Токио инвестицияларының көлемі шамамен 8 млрд долларды құрайды. Қос елдің тауар айналымы 1 млрд 300 млн долларға жеткен.

Тарихқа зер салсақ, Жапония мен Қазақстан ядролық қарудың зардабын көрген елдер екені белгілі. Бүгінде осы екі елдің азаматтары бір-бірінің тарихын, мәдениетін, ұлттық құндылықтарын құрмет тұтады. Мәселен, әлемге танымал қазақстандық сумошы Ерсін Балтағұл қазір Күншығыс елінде белдесулерде атой салып жүр. Спортшының өмірі Жапон жұртшылығымен біте қайнасып кетсе де, ол өз тілін, салт-дәстүрін жадынан мүлде шығармайтын көрінеді. Жапон музыканты Акира Такегучи ұлттық аспабымыз домбыраны еркін меңгерген. Ол домбыраның күмбірі сан түрлі сезімге жетелейтінін айтып, осы күндері бірнеше күйді үйренгенін айтты.

Президенттің былтыр Жапон еліне жасаған саяси сапары табысты болды. Билік басындағылармен келіссөз барысында 60-тан аса екіжақты құжатқа қол қойылды.

Содан кейін журналист Әбдіманап Кеңестің Қазақстан туризмі туралы «Travel Kazakhstan» атты бейнематериалы көпшілікке ұсынылды.

Бүгінде әлем елдеріндегі негізгі кәсіптің он пайызы туризмге тиесілі. Шетелдік саяхатшылардың дені Қазақстанға сапарын алдымен Алматыдан бастайды. Шымбұлақ пен әсемдігімен жанды бірден баурайтын Көлсай маңы жыл – он екі ай туриске толы. Сондай-ақ Маңғыстаудағы Шақпақ ата, Бозжыра, Каспий теңізінің жағалауы саяхатшылардың назарынан түспесе керек. Бейнематериал барысында журналист Қазақстанның түкпір-түкпірінен шетелдік туристерді кездестіріп, олардан сұхбат алады.

Олар еліміздің әсем табиғаты туралы әлеуметтік желілерден көріп, келгенін айтты.

Деректі фильмді тамашалаған «TourWestKaz» туристік компаниясының жетекшісі Айболат Құрымбаев Ақ Жайық өңірінде туристік жобаларды әлі де жандандыру керектігін айтты.

– Маңғыстау облысында туризм басқармасы жұмыс істейді. Осы сала бойынша аталмыш өңірге бөлінген қаражат 1 млрд теңгенің шамасында. Ал біздің облыстағы туризм саласына бөлінер қаржы туристік бағытты дамытуға жеткіліксіз. Десе де, Батыс Қазақстан облысының көрікті жерлері мен тарихи, табиғи  нысандары өте көп. Бірақ облыстағы туризмді дамыту жолында жергілікті билік қабылдаған арнайы жобалар  жоқтың қасы. Көбінесе туризмді экскурсиямен ғана шектеп қоямыз. Алда туристер үшін тарихи және табиғи нысандарға қонақүйлер салу, сол секілді басқа да қызмет түрлерін ұсыну мәселелері кезекте тұр, – деді А. Құрымбаев (суретте).

Материалды дайындаған 

Ясипа Рахимқызы, 

Нұрым Ғұмар, 

«Орал өңірі»

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале