Қазталов ауданына қазақ киносы мен театр өнерінің жарық жұлдызы, «Қыз Жібек» фильмі арқылы дүйім жұрттың сүйіктісіне айналған Меруерт Өтекешева арнайы келді.

Өнер иесі сапарын қазақ сахнасының саңлағы, қазталовтық Хадиша Бөкеева мен мәдениет қайраткері Сағит Садықовтың ескерткіштеріне тағзым етуден бастады. Кейін актрисаның шығармашылық жолына арналған көрме ұйымдастырылып, көрермендер «Қыз Жібек» фильмінің түсірілім сәттерінен сыр шертетін сирек фотосуреттермен танысты.

Сахна төріндегі дидарласуда Меруерт Қаратайқызы өнер әлеміндегі алғашқы қадамдары, театр мен кинодағы қызықты естеліктерімен бөлісіп, тұрғындардың сауалдарына жауап берді.

Кеш соңында аудан әкімінің орынбасары Серік Қайырлиев аудан басшысы Асланбек Сарқұловтың құттықтауын жеткізіп, сый-сияпат табыстады. Ал қазақы ілтипат пен дәстүрге сай, аудан жұртшылығы атынан халық әртісіне тұлпар мінгізіліп, ерекше құрмет көрсетілді.


Асылбек Нәсіпқалиұлы,
Қазталов ауданы