28.06.2026, 18:00
Оқылды: 0

Бәйтерек ауданының білім бөлімі облыста үздік шығып, 1 млн теңге ұтып алды

Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасы аудандық және қалалық білім бөлімдерінің 2025-2026 оқу жылындағы қызметін қорытындылайтын рейтинг нәтижесін жариялады.

image-27-06-26-11-07-3

Аймақтағы білім сапасы мен басқару тиімділігін саралайтын бұл салмақты сында Бәйтерек ауданының білім беру бөлімі жоғары көрсеткішке қол жеткізіп, облыс көлемінде «Сапа серпілісінің көшбасшысы» аталымын және 1 миллион теңгенің сертификатын иеленді.

Аудандық әдістемелік кабинеттің меңгерушісі Гүлжиян Рамазанованың айтуынша, биылғы рейтинг ережесі бұрынғыдан әлдеқайда күрделі болған. Онда тек құрғақ цифрлар емес, қаржының тиімді игерілуі, кадр тапшылығын жою, балабақшамен қамту көрсеткіші, мектептердің аттестаттаудан өтуі және оқушылар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу шаралары қатал тексерілді. Бағалау барысында әдіскерлердің біліктілігі мен өңірдегі қоғамдық тұрақтылық та басты назарға алынды.

Бәйтерек ауданының бұл биіктен көрінуіне ұстаздар мен мектеп басшыларының жоғары кәсіби деңгейі және оқушылардың түрлі олимпиадалар мен ғылыми жобалардағы жеңістері үлкен септігін тигізді. Сондай-ақ оқу жылының нәтижесі бойынша ауданнан 40 үздік түлектің «Алтын белгімен» бітіруі мен «Үздік аттестат» алғандардың көп болуы бәйтеректік педагогтардың мерейін үстем етті.

Гүлжиян Хамитқызы бұл жетістікті аудандағы әрбір балабақша тәрбиешісінің, мектеп мұғалімінің, әдіскер мен басшының маңдай терінің өтеуі және ортақ жеңісі деп бағалады.

Сәнім Берік,

Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале