28.05.2026, 9:30
Оқылды: 14

Қатпары қалың Қарауылтөбе

Биылғы көктемнің алғашқы айы еді. Ақжайық ауданына қарайтын Қарауылтөбе ауылының әкімі Жәнібек Абиров хабарласты. Туған ауылын көркейтіп, тұрмысын түзеуге деген  ниеті мен көңілі, соған орай қимылы  өте бөлек азамат. Әйтеуір, қарап отырмайды, сауапты істердің бастамашысы болады да жүреді. Бұл жолғысы тіптен ерек.

WhatsApp Image 2026-05-19 at 09.30.42

Көп ұзатпай, «Орал өңірі» газетінің қызметкері, ол да қарауылтөбелік – Есенжол Қыстаубаевтың жұмыс кабинетінде бас қостық.  Жәнібек баяндағандай туған ауылымыздың шаруашылық болып, шаңырақ тіктегеніне 100 жыл толатын көрінеді. Соны хаттап, қағаздың бетіне түсірсек,  болашақ ұрпақтың кәдесіне жарайтындай дүние қалдырсақ дейді. Оның тізгінін, архивтің тереңіне сүңгитін жағын маған ұстатпақ ойы бар екенін айтып, қолқа салды. Ойланбастан келістім.  Өміршең, ауыл азаматтары үшін кейінге қапысыз қалатын қызмет қой. Дегенмен «ауыл тарихын баяндайтын кітапты шаруашылықтың құрылғанына 100 жыл толу құрметіне шығарайық» дегендері мені қатты жүрексіндірді. Өйткені біздің ауылдың аумағындағы шаруашылыққа 100 жыл толғанына сенімді болмадым. Дегенмен шегінетін жер жоқ, кірісіп кеттім. Тірліктің көбі Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік архивінде жүрді. Сөз орайы келіп тұрғанда, өлке тарихын зерттеу ісіне қолдау көрсеткен, көмектерін аянып қалмаған осы архив мекемесінің қызметкерлеріне шынайы ризашылығымды білдіремін. Архивтегі жұмыстар барысында «Документальные материалы Верблюдзавода № 127 Тайпакского района, Уральской области. пос. Караултюба за 1945-1951 годы.

1932 - 28/УШ-1945 г. Тайпакский мясосовхоз № 450

28/УШ-1945г - 1/1У-51г. Вер-блюдозавод № 127.

1/1У-1951 года. Уральский каракульсовхоз» деген папканы таптым. Яғни Қарауылтөбеде орналасқан №450 Тайпақ ет совхозы атты шаруашылықтың архивтегі шежіресі 1932 жылдан бастау алады. Бірақ бұл архивтік құжат аталған шаруашылық жұмысын 1932 жылы бастады дегенді білдірмейді ғой деп түйдім. Қателеспеппін, бұл жорамалымды біздің ауылда қызмет еткен, ІІ дүниежүзілік соғыс ардагері (марқұм) Бақтығұлов Қалиқұлдың еңбек кітапшасы растады. Қалекеңнен қалған бұл құжат-кітапша өз иесі туралы «1930.  І. 15. Принят на работу в качестве рабочего при Тайпакском мясосовхозе Тайпакского района Зап.Каз области. Пр №4 от 15-І-30» деп сөйлейді. Мені осы құнды құжатпен қауыштырған Қалиқұл атаның ұрпағы Бақтығалиев Марат деген азамат «1929 жылы Балапан деген жерді мекендеп отырған адамдарды Қарауылтөбеге әкеліп, төрт үйдің күшімен советтік шаруашылық құрған» деп атасынан естіген әңгімесін айтты. Жалпы, сөз орайы келіп тұрғанда Қалиқұл Бақтыұлов  1939 жылы әскерге алынып, совет-фин соғысына қатысқан, содан кейін Ұлы Отан соғысында бастан-аяқ болған, бұл соғыс біткесін совет-жапон майданында болып, елге 1946-да жеті жылдан кейін бір-ақ оралған ерекше тағдыр иесі екенін айта кеткенді жөн көрдім.   Медальдарын айтпағанда,  Қызыл Ту мен Қызыл Жұлдыз  ордендері кеудесінде қатар жарқыраған Қалиқұл атамыз жайлы хикаят біраз мақалаға жүк бола алады. Сонымен, №450 ет совхозы тамырын архивтегі деректен гөрі тереңіректен,  1929 жылдан тартатын болып шықты.

Мен әрі қарай іздене бердім. Бірақ шаруашылықтың тарихы 1929 жылдан әрірек шығар деген ой болған жоқ. Одан ертеректе совхоз деген формадағы шаруашылық болмағанын білеміз ғой. Бірақ ХХ ғасырдың 25-26 жылдары артель, коммуна деген шаруашылықтар болды, бәлки ауылымыздың аумағында солардың бірі қызмет еткен шығар деген үмітпен жұмыстана бердім. Түйсігім алдамапты, «Акты обследования сельскохозяйственных артелей Тайпакского района» (ГАЗКО, Фонд 348, опись №1, Дело № 26, связка №3) деген папкадан Қарауылтөбе округінің аумағында 20-жылдардың ортасында артель жұмыс жасағаны туралы деректің ұшы қылтиды. Сөйтіп, ауыл әкімі Абиров Жәнібек бас болған ауылдастарымның «Қарауылтөбе ауылындағы шаруашылықтың құрылғанына 100 болып қалды» деген сөзінің жаны бар болып шықты. Жоғары аталған 29.09.28 жылғы актіде біздің округтің аумағында құрылған артельдің жай-күйі туралы мынандай мәлімет бар:

«1. Наименование коллектива - труд.тов. земледелческий арт. «Крык-Кудук.

  1. Род коллектива – с-х производственный артель
  2. Местонахождение коллектива - №13 аул Тайпакского района Уральского округа
  3. Время регистрации устава №578 от 19.01.25».

Артели мүшелерінің жалпы саны – 38 адамды құрайды; оның ішінде еңбекке қабілеттісі – 21, қабілетсізі – 17. Артельге мүше болу үшін әрқайсысы – 1 руб 25 тиын төлесе, пай.жарна ретінде – 7 руб төлеген.

Аталған 38 адам 9 отбасының мүшелері болғанға ұқсайды, архивте осы 9 адамның (мен оларды отбасы басшылары деп түсіндім) аты-жөндері келтірілген. 100 жыл бұрынғы жазбаның сиясы солғын, үлкейткіш әйнекпен қарағанның өзінде кейбір әріптерді анық танып, ажырату мүмкін емес. Сондықтан төменде келтірілген аты-жөндерінде қате болуы әбден ықтимал:

Иркутов (Іркітов немесе Үркітов шығар) Сүлеймен, Лұқпан Молдашев, Ажыгер Муханбетов, Құбый Исанов, Төлеп Дәулеталин, Нығмет Сдықов, Казий Кожахметов, Саттар Исабаев, Мақсот Сүлейменов. Осы адамдардың артельге кірер алдындағы малының қарасы төмендегідей болған: 5 жұмыс малы, 19 сиыр, 25 қой.  Жалпы жиналыс хаттамасына төраға ретінде А. Муханбетов қол қойған. Бір ғасыр бұрын шаруашылықтың іргесін қалаған аталған 9 азаматтың есім-сойы сақталып қалғанына өз басым қатты қуандым. Жалпы, Қарауылтөбе ауылы жайлы кітап жазу үшін оның аумағында шаруашылықтың құрылғанына бір ғасыр толуы міндетті емес. Бірақ мұндай мерейлі даталардың бір жақсысы – кітап жазу сынды тәуір бастамаларға себепші бола алатындығы. Шаруашылықтың құрылғанына ғасыр толғанын дау айтыла қоймайтындай қылып бекітіп, мұқияттап алған соң айтарым - артель/совхоздың ғана толғанына 100 жыл болып жатыр!  Ал Қарауылтөбенің өзінің тарихы одан әлдеқайда терең. Қарауылтөбе деп аталуының тарихы бірнеше жүз жылдықтарға, бәлки мың жылдықтарға кететін шығар. Аты айтып тұрғандай, биіктеу жерде орналасқандықтан,  ауылымыз айналаны шолатын еңселі, төбенің міндетін атқарғандай. Жеке пікірім – айналаны шолуды тек жауды алыстан байқаумен шектелмесе керек деген ойдамын. Мысалы, Жайықтың бойы – Ұлы Жібек жолының күрежолы болмаса да, соның бір тармағы ғой. Өйткені ұлы жолдардың маршруты әрдайым су көздерін ескерген түрде (мысалы, шөл далада біркүндік жолдың арасы «құдықтан құдыққа» деген ұстаныммен) құрылды. Сондықтан Жайық бойымен жүретін керуен жолдың бойындағы ауыл төбесіндегі қарауыл – жау-дұшпанға қоса, жол бойындағы (су бойындағы) келе жатқан керуенді шолып қарап отырған да шығар... Келе жатқан керуенді алыстан байқау - ол келіп жеткенше алдын ала қам қылуға (мысалы, тоқтайтын орынды сайлауға, ас-су дайындауға, т.с.с.) мүмкіндік береді емес пе?

Жайық болсын, басқа өзен болсын, айдынның маңы – қай заманда да тірлігі қайнап жататын оазис қой. Сондықтан мұндай құйқалы жерде ықылым заманнан бері елді мекен болғанына бек сенімдімін. Әрине, аумалы-төкпелі заманның аласапыран кезеңінде – жау шапқыншылығы, індет, табиғи апат, т.с.с. себебінен қала болсын, дала болсын қаңырап қалатын кезеңдер болады. Беріден қозғағанда, ондай дүрбелең-зобалаң уақыттарды Тайпақ даласы өткен ғасырдың 20-30 жылдары бастан кешірді. Сонау бір қанқұйлы саясаттың кесірінен қырылып қалған, қаңғып кеткен, ел-жер ауа көшкен қандастарымыздың шер-зарына толы бұл кезеңнің шежіресіне үңілуге жүйке де, жүрек те шыдамайды. Ашаршылық дегенде, көп адамның ойына 30-жылдардың басындағы зобалаң келеді. Алайда  жерлестеріміз бұған дейін де мұндай нәубеттің бірнешеуін бастан кешірді. Соның бірі – Тайпақ өңірін қамтыған 1922 жылғы ашаршылық. Оның ауқым-зардабынан хабар алу үшін «Ақжайық ауданы. Тайпақ өңірі» (ауторлары Б. Қоспаев, А. Әнесова) атты кітаптың 43-44 беттеріне үңілейік: «1922 жылғы ашаршылық. Калмыков уездік әлеуметтік корғау бөлімі (Усобес) осы жылғы өз жұмысын аса күрделі жағдайда жүргізді. Уездегі ашаршылыққа тап болған халыктың (ересектер) саны 900-ге жетті. Бөлім өз қамқорлығына бірінші кезекте қарияларды алды. Олардың ішінен әрі аш және баспанасыз жүрген 28 қарияға қоғамдык тамақ бөлек ұйымдастырылып, арнайы қариялар үйін жабдықтауға тура келген. Осы жағдайға байланысты Губком Калмыков уездік әлеуметтік корғау бөліміне 7500 аршын мата, 15 дюжина орамал, теріден тігілген 8 жұп аяқкиім, 200 катушка ине-жіп жонелтті, азык-түлік бөлді (негіз: «Красный Урал» №6. 1922). Калмыков қаласының көшелерінде уездің әр түкпірінен келген боскын, аш-жалаңаш балалар мен жасөспірімдер күн санап көбейді. 1921 жылдың соңына дейін қалада 2 балалар үйі тұрақты жұмыс жасап келген болса, «Калмыков калалык жардем беру және ашаршылықпен күрес баскармасы» (Укопомголод) 1922 жылдың қаңтар айынан үшінші балалар үйін ашуға мәжбүр болды. Облыстык газеттің осы жылғы 18 қаңтардағы 14-і санында ашаршылыққа ұшыраған балалар саны 3 мыңға жетті деп көрсетілген.

Уездегі жағдай әр ай, әр апта сайын күрделене түсті. Мысалы, ақпан айында уезд бойынша 4 мың паек (1 мыңы – ересектерге, 3 мыңы балаларға) беру қаралса, келесі наурыз айында оған  5 мың паек қосылған. Оның 3 мыңы ересектерге, 6 мыңы балаларға, барлығы 9 мың паек беріліп тұрды (негіз: «Красный Урал» №41. 1922).

Осы мерзімде (сәуір) Калмыков уезінде 6 қоғамдық тамақтандыру орны жұмыс жасады. Оның бесеуі - уезд орталығында, біреуі - Красноярскіде. Бұл асханаларда 5500-ге жуық адам тәулігіне бір мезгіл тұрақты тамақтандырылған. Ал Круглов, Каленый және Мерген ауылдарында каңтар айында ұйымдастырылған шағын асханаларда бір мезгілде 400 адам тамақтандырылды. Бірақ азық-
түлік жеткіліксіздігінен олардың есігі айлап, апталап құлыптаулы тұратын...». Қала деген атағы бар Калмыковта, сондай-ақ Қарауылтөбемізге тиіп тұрған Каленый ауылында жағдай осындай болса, біздің ауылымыздың да күйі мәз болмағаны түсінікті ғой.

Осы 1922 жылдың ашаршылығының зардабы басылмай жатып, 1923 жылдан бастап өзге аумақтармен қатар Тайпақ өңірінде де көшпенді тірлікті ұстанатын халықты жаппай отырықшылдандыру науқаны басталды. Мыңдаған жыл бойы ұстанған тірліктен зорлықпен бас тартқызу – адамзат тарихындағы зор трагедиялардың бірі болды. Қаруы да, қарасы да басым үкіметпен тіресетін шамасы жоқ байғұс халықтың қолынан келгені бас сауғалап қашу болды. Оның бір бөлігі – алыс-жақын шетелге бас сауғалап кетсе, бір бөлігі үкіметтің күшімен кері қайтарылды. Қаңырап бос қалған Жайық бойын кері қайтарылғандармен (ішінде өңірдің адамдары бар, басқасы бар), переселендермен қоныстандыру бірнеше  жыл бойы жүрді. Нәтижесінде ауыл шаруашылықтардың біразы байырғы тұрғындардың емес, тағдырдың айдауымен келіп қалғандардың есебінен қалыптасты. «Байырғы тұрғындар» дегенде ауылдың көне көздері Қарауылтөбе округінің аумағын негізінен Байбақтының Тоқсоба, Әлтеке бөлімдері; Тананың Жиенбет, Қалқаман бөлімдері мекендегенін айтады. Жалпы, облыстық архивте Тайпақ өңірінің босып кеткен ауылдары мен адамдарын кері қайтару, қоныстандыру, ұжымдастыру туралы құжаттар баршылық.

1926 жылы наурыз айында Калмыковта «Қосшы» одағы құрылады. Мен жоғарыда тілге тиек еткен артельдің құ-рылып, жұмысы жандануына осы одақ елеулі үлес қосқанға ұқсайды. Айтпақшы, Калмыковтағы «Қосшы» одағының тұңғыш төрағасы болған, кейін түрлі жоғары лауазымдарды иеленген Құмар Шурин бір кездері №450 «Скотовод» совхозында (соңынан СССР-дың 50 жылдығы атындағы совхоз) аға жылқышы болып та қызмет атқарған екен.

WhatsApp Image 2026-05-19 at 09.30.42 (1)

1929 жылдың аяғы мен 1930 жылдың басында құрылған №450 ет совхозына қатысты табылған ең көне архивтік құжат әзірге - «Годовой бухгалтерский производственно-финансовый отчет за 1932 год» Тайпакского мясосовхоза №450» (ГАЗКО, Фонд № 427, Опись №1, Дело №72). Аталған құжат совхоздың әлеуметтік жай-күйінен былайша хабар береді: 1932 жылы шаруашылықта күніне 50 кісіні түскі аспен қамтуға қабілетті 1 асхана (50 кісіге түскі ас), 15 кісілік монша, 6 кереуеттік аурухана, 60 оқушыға арналған мектеп, 30 кісілік «Қызыл бұрыш», 1 сауда лавкасы болған.  Тұрақты жұмысшылар саны – 200, маусымдық жұмысшылар – 18, барлығы – 218 жұмысшы.

1929-1997 жылдар аралығында шаруашылықты басқарған азаматтарды атасақ, ол тізім былайша түзіледі: Кандалиев, Сүйіндіков, Ө. Нығметов, Улиско, С. Сәрсенов, Қ. Жұмағалиев, С. Редкин, С. Иманғалиев, С. Асанғалиев, М. Мусин, М.Түркпенов.

Жылжыған жылдар мен зымыраған күндер бедерінде біздің атынан айналып кетейік, Қарауылтөбе мен осы округтің орталығында орналасқан шаруашылықтың атауы да, аумақтық құрылымы да түрліше өзгерістерге ұшырап отырыпты. Осынау Қарауылтөбеден талай марғасқалар түлеп ұшыпты. Олардың бәрін бұйыртса, жарыққа шыққалы жатқан кітаптың еншісіне қалдырайық, әзірге оқырман!

 

Нұрлан Сәдір,

өлкетанушы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале