26.05.2026, 14:30
Оқылды: 470

БҚО әкімі Ақжайық ауданына жұмыс сапарымен барды

Осыдан бірер күн бұрын облыс әкімі Нариман Төреғалиев Ақжайық ауданына  жұмыс  сапарымен барды. 

Өңір басшысы сапар кезінде республикалық маңызға ие тас жолдардың жөндеу жұмысын тексеріп, аудандағы әлеуметтік нысандарды аралады.  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың көлік-логистикалық әлеуетін дамыту және жолдардың сапасын арттыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес облыста ауқымды жобалар жүзеге асуда. Алдымен облыс әкімі «Атырау – Орал» республикалық маңызы бар тас жолының орташа жөндеуімен танысты. Бүгінде аталмыш аутомобиль жолының 372-432 шақырым учаскесінде жөндеу жұмысы қарқынды жүруде. Құны 7,1 млрд теңге қаражат болатын жобаны «ДСК Приоритет» ЖШС іске асыруда. Мердігер мекеменің директоры Жанна Тәжғұл өңір басшысы Нариман Төреғалиев пен осы саланың жауапты мамандарына жол жайын толық баяндап берді. Учаске бастығы Бақытжан Әзірбай келер қазан айына дейін тас жолдың 120 шақырымы орташа жөндеуден өтетінін айтты.

аким - акжайыкский район дороги (3) - копия

– 120 шақырымды құрайтын жол жөндеу жұмысында екі учаске бар.  Қазіргі кезде тозығы жеткен жолдың беткі қабаты сүріліп жатыр. Көлік қозғалысына кедергі болмайды. Жол жанынан уақытша өтетін айналма жол салынды. Біз тұрған «Атырау – Орал» тас жолының 372-432 шақырым учаскесінде 30-ға жуық техника жұмылдырылып, 60-тан аса жұмысшы еңбек етуде. Ал 432-492 шақырым учаскесінің 15 шақырымына асфальт құйылды. Үстіңгі қабаты сүрілген 25 шақырымына асфальт төселуде. Жөндеу жұмысы барысында жол сызықтары жаңарып, жаңа жеті аялдама павильоны орнатылады, – деді учаске бастығы.

«Атырау – Орал» бағытының 180 шақырымы жөнделуде. Оның 120 шақырымын «ДСК Приоритет» ЖШС жаңғыртса, қалған 60 шақырымы бойынша яғни 189-249 шақырымындағы учаскеде «Айдана» ЖШС мамандары жұмыс істеуде. Қазір Атырау бағытынан басталған жол орташа жөнделуде.

Одан кейін «Чапаев-Жалпақтал-Казталов-РФ шекарасы» республикалық тас жолының 0-17 шақырымындағы учаске жұмысы тексерілді. Мердігер мекеме – «ТОБИ» ЖШС. Орташа жөндеу жобасына 2,7 млрд теңге қаражат бөлінген. Бұл қаржыға 17 шақырым жолдың төменгі қабатына ресайклинг әдісімен түйіршікті асфальт-бетон төселіп, қиыршықтасмастика асфальт қоспасы (ҚМА) төселеді. ҚМА жабыны – берік, ауыр жүк көліктері жүргенде төзімді, тайғанауға
қарсы қоспасы бар және ұзақ мерзім қызмет етуге мүмкіндік береді.

«Қазавтожол» ҰК» АҚ БҚО филиалы директоры Асылбек Мардан облыста республикалық маңызы бар жолдардың жалпы ұзындығы 1349 шақырым екенін тілге тиек етіп, бүгінде оның 236 шақырымы (17 пайызы) орташа жөндеуден өтіп жатқанын жеткізді. Жоспар бойынша барлық жол жөндеу учаскесіндегі жұмыс 2026 жылы басталып, кезеңкезеңімен аяқталады. Сондай-ақ жолды орташа жөндеу жұмысының кепілдік мерзі-мі екі жылдан, бес жылға көбейгенін де атап өтті. Яғни жоғарыда сөзге өзек еткен төрт жобадан бөлек «Ақтөбе-Орал-РФ шекарасы» 369-408 шақырымына (Сырым ауданының аумағы) «ТОБИ» ЖШС орташа жөндеу жүргізіп жатыр. Облыс әкімі жол жөндеу жұмысын сапалы әрі күзгі жауын-шашын мезгіліне қалдырмай аяқтау керектігін айтты.

«Қазір бұл жобаларға қатысты қаражат мәселесі толық шешілді. Жөндеу жұмысын өз уақытында әрі сапалы аяқтауды тапсырамын. Техника мен жұмысшы саны, құрылысқа қажетті материал-
дар жеткілікті болуы тиіс. «Қазавтожол» ҰК» АҚ БҚО филиалы жұмысты жан-жақты қадағалап отырыңыздар», – деді өңір  басшысы.

аким - акжайыкский район дороги (4)

Филиал төрағасы А. Мардан айналма жолдарды әр мекеме өз қаражаты есебінен жасап жатқанын айтты. Сондай-ақ орташа жөндеуге қажетті материалдар жеткілікті екенін  мәлімдеді.

Тайпақ ауылында үш бірдей білім ұясы бар. Бес мыңға жуық тұрғыны бар ауылдың бүлдіршін-жасөспірімдері осы ауылдағы үш мектепте білім алады. Ауыл тұрғындары 500-ден аса оқушысы бар Қ. Байсықов атындағы ЖОББМ ғимараты күрделі жөндеуден өтсе деп тілейді.  Бүгінде қабырғасы 1953 жылы қаланған көлемі төрт мың шаршы метр болатын оқу ошағының ғимараты күрделі жөндеуді қажет етеді. 2023 жылы жасақталған күрделі жөндеуге қатысты жобалық-сметалық құжаттаманың мерзімі өтіп барады. Осының әсерінен көп күттірмей жаңа ЖСҚ әзірлеп, жөндеу жұмысын бастау өте өзекті болып тұр. Облыс әкімі Нариман Төреғалиев аталмыш мектепке барып, ондағы қызметкерлермен және ауыл тұрғындарымен кездесті. Мектеп директоры Нұржамал Өтепбергенова білім ұясының қазіргі  жай-күйін  баяндады.

– Мектеп бес бөліктен тұрады. 2008 жылы 1953 жылы салынған бөлігіне күрделі жөндеу жүргізілді. Екінші бөлік 1994 жылы салынды. Мектебіміз бұдан басқа ешқандай жөндеу көрмеді. Білім сапасы жақсы. Оқушыларымыз облыстық және республикалық олимпиадаларға қатысып, жүлделі болып жүр. Ғимарат әсемдігі мен ондағы техникалық әлеуеті қала мектептеріндей жарқырап тұрғанын қалаймыз, – деді мектеп директоры.

706318025_1638079841656843_6521731509064871636_n

Өңір басшысы білім ұясы ғимаратының ішін аралап, облыстық білім басқармасының басшысы Елдос Сафуллинге күрделі жөндеу жұмысына қатысты жаңа ЖСҚ әзірлеуді тапсырды. Жөндеу барысында мектептің іші  мен қасбеті жаңарып, шатыры да ауысуы қажет екенін айтты. Нариман Төреғалиұлы жауапты сала мамандарына мектептің жөнделуі тиіс бар олқы тұсын негізге алып, үш ай ішінде ЖСҚ-ны дайындау жөнінде тапсырманы шегелеп берді. Оған қоса, техникалық әлеуеті де заманға сай жабдықталуын тапсырды. Осы орайда ауыл тұрғындары тағы бір мәселені айтты. Ауыл тұрғындарының айтуынша, оқушыларды тасымалдайтын мектеп аутобосының жүргізушісі жоқ екен. Жүргізушілер көбіне еңбекақысына қанағаттанбай, соның салдарынан аутобос жүрмей тұрған көрінеді. Ал Ақжайық ауданының әкімі Мұрат Сердалин қызметке келетін аутобос жүргізушісіне 1,5 тарифтік дәрежемен жалақы төлейтінін айтқан. Бірақ осыған қарамастан жүргізушілер жұмыстан жалтаратын көрінеді. Нариман Төреғалиұлы қосымша ақы ұсыну арқылы жүргізуші тартып, бұл мәселені бір ай ішінде шешуді тапсырды. Содан соң Тайпақ ауылының ауылішілік жолдарының жөндеу жұмысымен де танысты.

Тайпақтағы тағы бір мәселе – ауылдық полиция бөлімі ғимаратының тозуы. Қазіргі таңда Тайпақ ауылдық полиция бөлімі Алмалы, Тайпақ, Есенсай, Базаршолан, Базартөбе, Құрайлысай ауылдық округтеріне  қызмет  етеді.

– Бұл полиция бөлімі 1962 жылы салынған. Қазірде бөлім ғимаратының тозығы жеткен, оған қоса көлемі де тар. Жаңа ғимарат салу жөніндегі ЖСҚ әзірленуде. Штат бойынша 32 полиция қызметкері еңбек етеді. Жаңа ғимарат нысанының құны шамамен 600 млн теңге деп бағаланып отыр. Негізі талапқа сәйкес ғимарат елу орындық болуы қажет. Оның 32-сі полиция қызметкерлеріне арналса, қалғаны уақытша ұстау изоляторы болмақ, – деді Тайпақ полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Айшуақ  Сейітқазиев. Облыс әкімі орынбасары Мирас Мүлкәйға жаңа полиция бөлімінің ғимараты «Сэндвич панелімен» салыну керектігін айтты. Мұндай құрылыстың артықшылығы – бағасы әлдеқайда тиімді, сапасы жоғары, оған қоса  жылуды  жақсы ұстайды.

Ауданға қарасты Базаршолан және Сарытоғай ауылының аумағында «Сәтимолла» кен орнының құрылысы жүріп жатыр. Кен орнында табылған калий тұзы арқылы тыңайтқыштар мен өндірістік материалдар жасап шығаруға мүмкіндік мол. Қазіргі таңда калий тұзы әлемнің санаулы мемлекетінде ғана бар. Ал бұл қазба байлыққа деген сұраныс өте жоғары. 143 шаршы шақырым аумақты алатын осы кешенде болашақта жыл сайын 1,5 млн тонна калий тұзы өндіріледі деп
жоспарлануда. Геологиялық қордың жалпы көлемі – 3,1 млрд тонна. Бүгінде калий тұзын байыту-өндірістік кешенінің басында екі шахта салынып жатыр. Күрделі құрылыс жұмысы неміс технологиясы арқылы жүзеге асуда. Облыс әкімі Нариман Төреғалиев кешен құрылысы 2027 жылы аяқталып, калий тұзын өндіруді бастайтынын айтты. Осының нәтижесінде экономикамыз дамып, бес мыңға жуық азаматқа жаңа жұмыс орны ашылатынын сөзге өзек етті.

– Шахталардың ені – сегіз метр. Алдағы уақытта калий тұзын өндіру үшін жер астына дейін жететін, ұзындығы 500–700 метр болатын тік шахта оқпандары салынады. Калий тұзын жерасты суларына тигізбей шығару қажет. Осы орайда шахталарға кең көлемде тоңазытқыштар орнатылуда. Тоңазытқыш суды қатырып, калий тұзын құрғақ күйінде шығаруға болады. Біз қызметке тартылған компаниялардың техникаларын облыс пен ауданға тіркеп жатырмыз. Себебі олар төлейтін салық қаржысы біздің облыс бюджетіне түсуі қажет. Кешен қалашығында жұмысшыларға арналған жатын және тамақтану орындары болады. Жарық бағаналары да тартылды. Ұзындығы 70 шақырым болатын теміржол салынып, өнім тасымалдауға барлық қажетті жағдай жасалмақ. «Qazaq Kalium Ltd» компаниясы осы кешенде калий тұзын өндірмек. Болашақта аталмыш компаниямен бірлесіп, әлеуметтік нысандарды жандандыру жобаларын да қолға аламыз, – деді өңір басшысы.

Кешен құрылысы толық аяқталған соң қуаттылығы жыл санап арта бермек. І кезеңде 1 млн тонна өнім берсе, 2028-2030 жылдардағы ІІ кезеңде бұл көрсеткіш 2 млн тоннаға дейін жетпек. Ал
2031 жылы 6 млн тонна калий тұзын алу жоспарда тұр.

Биыл күзде ауданға қарасты Кеңсуат ауылы қос қуанышқа кеңелмек. Соның бірі, «ҚПО б.в» компаниясының тапсырысы негізінде құны 606 млн теңге болатын шағын жинақты мектеп тұрғындар игілігіне берілмек. Қазір құрылыс жүргізіп жатқан «ДокаСтройКом» ЖШС мектеп қабырғасын көтеріп, негізгі жұмысты аяқтаған. Келер қыркүйекке дейін 60 орындық мектеп өз жұмысын бастамақ. Ауыл жанындағы Солянка өзені арқылы өтетін ескі көпір сүріліп, жаңасы салынуда. Осы күндері көпір бағаналары тұрғызылып қойған. Келер қыркүйекте көпір құрылысы тәмамдалып, көліктердің өтуіне рұқсат етіледі. Бұл «Барбастау-Ақжайық-Индер» облыстық маңызы бар аутомобиль жолын күрделі жөндеу жобасы аясында жүзеге асуда. Оған қоса, осы жоба негізінде аталған жолдың 52 шақырымы күрделі жөндеуден өтпек. Мердігер мекеме – «Uni-serv» ЖШС. Бөлінген қаражат – 20,5 млрд теңге. Облыс әкімі мердігер ұйым өкілдеріне жұмысты сапалы және уақтылы атқаруды тапсырды

Нұрым Ғұмар,

«Жайық Пресс»

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале