31.05.2026, 14:30
Оқылды: 7

Төрт жастағы талант: Ұлттық ұлан офицерінің ұлы 20-ға жуық қара өлеңді жатқа біледі

Орал қаласындағы Ұлттық ұланның “Батыс” өңірлік қолбасшылығында қызмет ететін медицина басқармасының бастығы, подполковник Құдайберген Бекмырзаевтың отбасы көпке үлгі боларлық тәрбиесімен ерекшеленіп отыр.

IMG-20260531-WA0021

Офицердің төрт жастағы ұлы Мухаммед-Али Бекмырза бүгінде 20-ға жуық қара өлеңді жатқа айтып, айналасындағыларды таңғалдырып жүр.

Берекелі әулетте төрт бала тәрбиеленіп өсіп келеді. Отбасындағы екі қыз бен екі ұлдың үшеуі мектеп қабырғасында білім алып жүр. Олардың барлығы сабақ үлгерімі жағынан озат оқушылар қатарында. Ал кенжелері — балабақша тәрбиеленушісі Мухаммед-Али жастығына қарамастан, зеректігімен көзге түсіп отыр.

Бүлдіршіннің әдебиетке деген қызығушылығы ерте оянған. Әкесі Құдайберген Тұрғынұлы ұлының күн сайын жаңа өлең жаттауына ерекше көңіл бөліп, тұрақты түрде қадағалап отырады. Оның айтуынша, баланың жас кезінен өлең жаттауы ойлау қабілетін дамытып, тіл байлығын арттыруға, есте сақтау қабілетін күшейтуге зор ықпал етеді.

— Баланың тәрбиесі ең алдымен отбасынан басталады. Қазіргі заманда балалардың телефонға тәуелді болып бара жатқаны жасырын емес. Сондықтан біз балаларымыздың уақытын пайдалы дүниелерге арнауына көңіл бөлеміз. Өлең жаттау арқылы баланың ой-өрісі кеңейіп, сөз саптауы қалыптасады. Бұл — ұрпақ тәрбиесіндегі маңызды қадамдардың бірі, — дейді офицер әке.

Кішкентай Мухаммед-Али қазақтың қара өлеңдері мен балаларға арналған танымал шығармаларды ерекше ықыласпен орындайды. Оның әрбір өлеңді мәнерлеп айтуы тыңдаған жанның сүйсінісін тудырады.

Әскери қызметтің жауапкершілігімен қатар, отбасы тәрбиесіне де айрықша мән беріп жүрген Құдайберген Бекмырзаевтың бұл өнегелі ісі — көпшілікке үлгі.

ҚР Ұлттық ұланы “Батыс” өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале