Қазталов аудандық орталықтандырылған кітапханада аудандық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен ардагерлерді ұлықтауға арналған дәстүрлі «Құрмет» жобасының кезекті кездесуі өтті.
Кештің құрметті қонақтары мәдениет саласының ардагері Гүлнар Мырзағалиева мен білім саласының ардагері Әлия Гусманова болды. Көпшілік алдында қос ардагер еңбек жолындағы елеулі кезеңдер туралы сыр шертіп, жиналған қауыммен өмірлік тәжірибелерімен бөлісті.
Гүлнар Қалесқызы есеп саласын таңдауының себебіне тоқталып, мәдениет пен қаржы саласын қатар алып жүрудің жауапкершілігі жөнінде әңгімеледі. Қызмет барысында кездескен түрлі қиындықты шешу жолдарын мысалға келтіріп, жас мамандарға кәсіби тәжірибесіне негізделген ақыл-кеңесін айтты.
Ал Әлия Зербіқызы білім саласындағы ұзақ жылғы тәжірибесін ортаға салып, мектептердің көгалдандырылуы мен білім сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жөнінде кеңінен әңгімеледі. Сонымен қатар директорлық қызмет атқарған жылдардағы мектеп жетістіктері, оқушылар мен ұстаздардың табыстары туралы әсерлі естеліктерімен бөлісті.
Кездесу барысында ардагерлермен бірге қызмет атқарған әріптестері сөз сөйлеп, еңбек жолындағы қызықты оқиғалар мен естен кетпес сәттерді еске алды. Олар кейіпкерлердің адамгершілік қасиеттері мен кәсіби біліктілігіне ерекше тоқталып, жүрекжарды лебіздерін білдірді.
Тағылымы мол кеш аудандық мәдениет үйі көркемөнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасты.
Шара соңында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жүсіп Шакуов қос ардагерге алғысхат пен естелік сыйлық табыстап, олардың ауданның қоғамдық-рухани өміріне қосқан үлесін жоғары бағалады. Сонымен қатар С. Садықов атындағы аудандық мәдени-демалыс орталығының ұжымына мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай аудандық ішкі саясат бөлімінің алғысхаты табысталды.
Гүлнұр Бөлешова,
Қазталов ауданы