5.06.2026, 17:30
Оқылды: 40

Әкімшілік істер бойынша рақымшылық жасалмақ

Қазақстанда алғаш рет әкімшілік істер бойынша рақымшылық жарияланады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл туралы жаңа Конституцияны қабылдаған кезде айтты.

1

– Өздеріңізге мәлім, былтыр қылмыстық жауапкер-шілікке тартылғандарға рақымшылық жасалды. Енді азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндірмейтін бірқатар қылмыстық және әкімшілік құқықбұзушылық бойынша тағы да рақымшылық жариялауға болады. Елімізде әкімшілік істер бойынша рақымшылық алғаш рет жасалатынын атап өткім келеді. Парламент қазіргі сессияның соңына дейін тиісті заң қабылдауы керек. Бұл – Негізгі заңдағы адамгершілік идеалдары мен прогрессивті құндылықтарды қоғамда орнықтыратын маңызды қадам, – деген еді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

ҚР Парламенті Мәжілісі баспасөз қызметінің хабарлауынша, депутаттар «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдауға байланысты рақымшылық жасау туралы» заңды  екі оқылымда қабылдады.

– Бұл – қателік жіберген, бірақ өкініп, өз мінез-құлқымен түзелу жолына түскенін дәлелдеген адамдарға қатысты мемлекетіміз тарапынан көрсетілген кезекті ізгілік актісінің көрінісі. Алдағы рақымшылықтың бұған дейінгілерден ерекшелігі – елімізде тұңғыш рет қылмыстық рақымшылықпен қатар әкімшілік рақымшылық та жүргізіліп отыр, – деді заң жобасын әріптестеріне таныстырған Мәжіліс депутаты, бастама ауторларының бірі Абзал Құспан.

Депутаттың айтуынша, қылмыстық рақымшылық шеңберінде қылмыстық істерді, соның ішінде соттардың қарауындағы істерді тоқтату және жазадан босату көзделіп отыр. Бұл іс-шаралар қылмыстық теріс қылықтар мен онша ауыр емес қылмыстар, сондай-ақ  зиян келтіруге әкеп соқпаған немесе келтірілген зиянды толық өтеген орташа ауыр қылмыстар жасаған адамдарға ғана қолданылады. Бұдан бөлек, орташа ауыр қылмыстар үшін жазаның өтелмеген мерзімінің 1/2 бөлігін, ауыр қылмыстар мен аса ауыр қылмыстар үшін сотталғандардың жазасын залалды өтеуге байланысты саралап қысқарту жоспарлануда.

Рақымшылық аса қауіпті қылмыстар жасаған адамдарға қолданылмайды. Атап айтқанда, сыбайлас жемқорлық, террористік және экстремистік қылмыстар, кәмелетке толмағандарға зорлық-зомбы-
лық көрсету, азап көрсету, қайталанған қылмыс, қоғамға қаупі жоғары деңгейдегі қыл-
мыстар, жақында криминализацияланған (яғни қылмыс қатарына жатқызылған) іс-әрекеттер рақымшылық аясына кірмейді. Сондай-ақ өмір бойына бас бостандығынан айырылғандар мен сырттай сотталғандар да рақымшылық шеңберінен тыс қалады. Депутаттың сөзінше, сот рақымшылық  жасау туралы түпкілікті шешімді әрбір сотталғанға қатысты жеке-жеке қабылдайды.

Соттар салған айыппұлдарға, сондай-ақ азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндіретін құқықбұзушылықтар үшін салынған айыппұлдарға әкімшілік рақымшылық болмайды.

Мәжіліс депутаты Снежанна Имашеваның айтуынша (https://mazhilis.parlam.kz), шамамен 16 500 адам қылмыстық рақымшылыққа ие болады. Істері тергеліп жатқан 1200 адамға қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылады. Тағы 10 000-нан астам сотталған адамның жаза мерзімі қысқартылады, ал шамамен 5000 адам толығымен босатылады. Түзету мекемелерінен шамамен 1500 адам бостандыққа шығады. Депутат айтып өткендей, әкімшілік рақымшылық адамдар санына емес, айыппұлдар санына негізделген. Мәселен, тек полиция саласында жалпы сомасы шамамен 17 миллиард теңге болатын 1 миллион төленбеген айыппұл рақымшылыққа ие болуы мүмкін. Бұлар – жаңа Конституция қабылданған 2026 жылдың 16 наурызына дейін төленбеген айыппұлдар.

Жалпы әлемдік тәжірибеде рақымшылық институты гуманизм мен әділеттілік қағидаттарына негізделетін құқықтық тетік ретінде қарастырылады. ҚР Ішкі істер министрлігінің www.gov.kz сайтында Қазақстанда кімдер қылмыстық және әкімшілік амнистияға ілігуі мүмкін екені түсіндірілген. Ведомствоның жазуынша, амнистия – қылмысқа жұмсақтық таныту емес, мемлекеттік саясаттың гуманистік және жасампаздық бағытын көрсететін ерекше құқықтық акт. Оның негізгі мақсаты – құқықбұзушылық жасаған, бірақ қоғамға айтарлықтай қауіп төндірмейтін адамдардың әлеуметтік бейімделуіне жағдай жасау.

– Заң жобасы белгіленген нормаларды сақтауға және заңға бағынатын өмір салтын ұстануға дайын екенін дәлелдеген азаматтарды қоғамға қайтаруға жағдай жасауға бағытталған. Амнистия өткізу қоғамдық қауіпсіздікке қауіп төндірмейді. Себебі заң жобасында нақты шектеулер мен ерекшеліктер көзделген, – дейді ІІМ заң мен норма шығармашылығын үйлестіру департаменті бастығының орын-
басары Ермек Шүлден. ІІМ мәліметінше, ауқымды әкім-шілік амнистия 15 мемлекеттік құрылымның құзыретіне жататын Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 263-бабын қамтиды.

Жоғарыда айтқандай, былтыр қылмыстық жауапкершілікке тартылғандарға рақымшылық жасалды. ҚР Ішкі істер министрлігі Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің kuis_kz ресми сайтының хабарлауынша, былтыр Конституцияның 30 жылдығына орай жарияланған рақымшылықты іске асыру барысында соттар 15 970 ұсынысты қараған. Соның нәтижесінде қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінен 2 мыңнан астам адам босатылған. 11 мыңнан астам сотталғанның жазалау мерзімі қысқартылған. Ал пробация қызметі есебінде тұрған сотталғандарға қатысты материалдарды қарау нәтижесінде 2 888 адам жазадан босатылып, 7 600-ден астам сотталғанның жазалау мерзімі қысқартылған. Рақымшылық жасалғандардың арасында кәмелетке толмағандар, балалары бар әйелдер, жүкті әйелдер, мүгедектер және қарт адамдар бар. Бұл пенитенциарлық  жүйеге түсетін жүктемені азайтып, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге ықпал еткен. Босатылғандар пробация қызметінің тұрақты бақылауында болып, полицияның жеке есебіне қойылды. Айта кету керек, пенитенциарлық жүйе дегеніміз – сот үкімі бойынша бас бостандығынан айырылған немесе шектелген адамдарды жазалау, оқшаулау және оларды қоғамға қайта бейімдеу (түзеу) қызметін атқаратын мемлекеттік мекемелер жүйесі. Бостандыққа шыққандар қоғамға қайта бейімделуі мен әлеуметтенуі үшін кешенді қолдау шаралары қарастырылған. Яғни азаматтарға жұмысқа орналасуға жәрдемдесу, әлеуметтік және психологиялық көмек көрсету, сондай-ақ қызықтыратын мәселелер бойынша кеңес беру ұйымдастырылады.

БҚО бойынша қылмыстық  атқару жүйесі  департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, былтыр облыста рақымшылыққа байланысты 18 азамат босатылып, 53 адамның негізгі жазасының өтелмеген бөлігінің мөлшері қысқартылып, бостандыққа шыққан. Ал 79 сотталушының негізгі жазасының мерзімдері түрлі мерзімге қысқартылған. Айта кету керек, БҚО бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты бас бостандығынан айыру түріндегі жазаларды орындауға арналған екі мемлекеттік мекеме мен қауіпсіздігі аралас бір мекеме (тергеу изоляторы) бар.

Ясипа Рабаева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале