Х. Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасының құрылғанына 65 жыл толуына орай өткен халықаралық конференция аясында еліміздің әр тарапынан келген қонақтар жазушының туған өлкесі - Теректі ауданына танымдық сапармен келді.

Аудан әкімінің орынбасары Темірболат Сағынгереев пен аудандық ОКЖ директоры Айгүл Кайрова келген меймандарды ауыл кіреберісінен қарсылап, құрмет көрсетті. Алыстан келген қонақтар кейін Теректі аудандық «Қазына» коворкинг орталығына бағыт алды. Кітапхана ұжымы мекеме жайында бірқатар ақпарат беріп, кітап қорымен, көрмемен таныстыра өтіп, дөңгелек үстелге жайғасты. Отырыс кезінде аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова сөз бастап, мұндай кездесулердің тәжірибе алмасып, мәдениет дамуындағы үлесін атап өтіп, алғыс білдірді.

Халықаралық жиында еліміздің жетекші кітапханаларының басшылары мен шекаралас Ресей Федерациясының сала мамандары бой көрсетіп, кітап оқу мәдениетін, мамандықтың бүгіні мен болашағын талқылады. Қатысушылар пікірлерін ортаға салып, аудандық кітапхана кеңістігі жайында жылы лебіз білдірді.

Жиын барысында Теректі аудандық ОКЖ директоры Айгүл Кайрова сөз тізгінін алып, кездесу маңызын атап өтті. Сонымен қатар Х. Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасының директоры Эльвира Аманғалиева сөз сөйлеп, балалар кітапханасы қызметін дамытуға, жас оқырмандардың кітап оқуға қызығушылығын арттыруда белсенділік танытқаны үшін Теректі аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесіне марапаты мен сыйлығын табыстады. Өз кезегінде жүздесу барысында аудан әкімі Әлия Биғазықызы Х. Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасының директоры Эльвира Есіркепқызына алғысхат пен гүл шоқтарын ұсынды.

Эльвира Есіркепқызының айтуынша, халықаралық конференция аясында өңірімізге Қостанай, Алматы, Атырау, Шымкент қалаларынан сала мамандары келген. "Хамза Есенжановтың туып өскен жерін арнайы көрсетейік деп Теректіге ат басын бұрған жайымыз бар", - деді кітапхана директоры.

Басқосу аяқталған соң өлкемізді жақыннан білу мақсатында келген қонақтарды аудандық тарихи-өлкетану музейіне апарып, оның ішіндегі жазушы Хамза Есенжановқа арналған арнайы бөлмемен таныстырды. Кейінгі сапар Долин ауылына қарасты “Тақсай ханшайымы” кесенесіне бағытталды. Экскурсия жүргізушісі кесенеге қатысты тарихи мағлұмат беріп, өз сөзінде БҚО-да 7 киелі мекен бар екенін, солардың бірі Тақсай қорғаны кешені екенін жеткізді. Іс-шара аясында мектеп оқушылары Тақсай ханшайымы киімін киіп, қонақтарға арнайылап Дариға Мұштанованың «Сармат қыз» атты шығармасын оқып беріп, меймандарға ерекше әсер қалдырды.

Іс-шара Подстепный ауылындағы жазушы Хамза Есенжановтың ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсіміне жалғасты. Теректіге бағытталған танымдық сапар 2025 жылы модернизациядан өткен Подстепный балалар кітапхана алаңын аралаумен тәмамдалды.

Қ. Аманжолқызы,
Теректі ауданы