13.06.2026, 9:30
Оқылды: 20

Халықаралық конференция қонақтары Теректіге келді

Х. Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасының құрылғанына 65 жыл толуына орай өткен халықаралық конференция аясында еліміздің әр тарапынан келген қонақтар жазушының туған өлкесі - Теректі ауданына танымдық сапармен келді.

718868053_18222833890316896_5586194684623045171_n

Аудан әкімінің орынбасары Темірболат Сағынгереев пен аудандық ОКЖ директоры Айгүл Кайрова  келген меймандарды ауыл кіреберісінен қарсылап, құрмет көрсетті. Алыстан келген қонақтар кейін Теректі аудандық «Қазына» коворкинг орталығына бағыт алды. Кітапхана ұжымы мекеме жайында бірқатар ақпарат беріп, кітап қорымен, көрмемен таныстыра өтіп, дөңгелек үстелге жайғасты. Отырыс кезінде аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова сөз бастап, мұндай кездесулердің тәжірибе алмасып, мәдениет дамуындағы үлесін атап өтіп, алғыс білдірді.

718618480_18222833719316896_7971120791319886771_n

Халықаралық жиында еліміздің жетекші кітапханаларының басшылары мен шекаралас Ресей Федерациясының сала мамандары бой көрсетіп, кітап оқу мәдениетін, мамандықтың  бүгіні мен болашағын талқылады.  Қатысушылар пікірлерін ортаға салып, аудандық кітапхана кеңістігі жайында жылы лебіз білдірді.

718964933_18222833728316896_2999238640211090170_n

Жиын барысында Теректі аудандық ОКЖ директоры Айгүл Кайрова сөз тізгінін алып, кездесу маңызын атап өтті. Сонымен қатар Х. Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасының директоры Эльвира Аманғалиева сөз сөйлеп, балалар кітапханасы қызметін дамытуға, жас оқырмандардың кітап оқуға қызығушылығын арттыруда белсенділік танытқаны үшін Теректі аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесіне марапаты мен сыйлығын табыстады. Өз кезегінде жүздесу барысында аудан әкімі Әлия Биғазықызы Х. Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасының директоры Эльвира Есіркепқызына алғысхат пен гүл шоқтарын ұсынды.

720031422_18222833857316896_7475858480403669594_n

Эльвира Есіркепқызының айтуынша, халықаралық конференция аясында өңірімізге Қостанай, Алматы, Атырау, Шымкент қалаларынан сала мамандары келген. "Хамза Есенжановтың туып өскен жерін арнайы көрсетейік деп Теректіге ат басын бұрған жайымыз бар", - деді кітапхана директоры.

719351745_18222833824316896_1852685174710493415_n

Басқосу аяқталған соң өлкемізді жақыннан білу мақсатында келген қонақтарды аудандық тарихи-өлкетану музейіне апарып, оның ішіндегі жазушы Хамза Есенжановқа арналған арнайы бөлмемен таныстырды.  Кейінгі сапар  Долин ауылына қарасты “Тақсай ханшайымы” кесенесіне бағытталды. Экскурсия жүргізушісі кесенеге қатысты тарихи мағлұмат беріп, өз сөзінде БҚО-да 7 киелі мекен бар екенін, солардың бірі Тақсай қорғаны кешені екенін жеткізді. Іс-шара аясында мектеп оқушылары Тақсай ханшайымы киімін киіп, қонақтарға арнайылап Дариға Мұштанованың «Сармат қыз» атты шығармасын оқып беріп, меймандарға ерекше әсер қалдырды.

720655329_18222833842316896_9137577839533083957_n

Іс-шара Подстепный ауылындағы жазушы Хамза Есенжановтың ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсіміне жалғасты. Теректіге бағытталған танымдық сапар 2025 жылы модернизациядан өткен Подстепный балалар кітапхана алаңын аралаумен тәмамдалды.

719032658_18222833878316896_8192695980986166565_n

Қ. Аманжолқызы,

Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале