20.06.2026, 17:00
Оқылды: 71

Оралдық ғалым бекіре балықтарын емдеудің жаңа әдісін өндіріске енгізді

Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

WhatsApp Image 2026-06-20 at 02.39.47

Фото: gov.kz

«Қазақстандық ғалымдарды білесіз бе?» айдарының бүгінгі кейіпкері — М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің білім беру бағдарламаларының жетекшісі, PhD Серік Бакиев. Жас зерттеушінің ғылыми ізденістері су экожүйелерінің биоалуантүрлілігін сақтау, аквакультураны дамыту, антибиотикке төзімді бактерияларды зерттеу және молекулалық генетика салаларын қамтиды.

Серік Бакиев Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-да бакалавриат пен магистратураны тәмамдап, Жайық-Каспий популяциясындағы бекіре тұқымдас балықтардың тірі генетикалық банкін қалыптастыру жобасына қатысты. Ал әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың докторантурасында оқып жүргенде бактериофагтарды пайдалану арқылы бекіре балықтарының патогендерін залалсыздандыру әдісін зерттеді. Сингапурдың Наньян технологиялық университетімен бірлескен бұл ғылыми әзірлеме қазіргі таңда Орал қаласындағы аквакультура шаруашылықтарында бекіре балықтарын емдеуде сәтті қолданылып келеді.

Ғалымның ізденістері халықаралық деңгейде де жоғары бағаланған. Өткен 2025 жылы ол отандық зерттеушілер тобымен бірге ғылымға бұрын белгісіз болған Aeromonas oralensis атты жаңа бактерия түрін анықтады. Осы жетістігі мен технология саласына қосқан үлесі үшін ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Ғылым үздігі» құрмет дипломымен марапатталды. Бұған дейін де ол Батыс Қазақстан облысының «Үздік жас ғалым – 2017» сыйлығын және ТМД көлеміндегі «Үздік жас ғалым – 2022» төсбелгісін иеленген болатын.

Бүгінде жас ғалым министрлік қаржыландыратын бірнеше гранттық жобаға жетекшілік етеді. Оның халықаралық Web of Science және Scopus базаларында индекстелетін беделді журналдарды қосқанда 59 ғылыми жарияланымы бар. Серік Бакиев ғылыми жұмыстарды педагогикалық қызметпен де ұштастырып, М. Өтемісов атындағы БҚУ-да студенттерге генетика мен экология пәндерінен ағылшын және қазақ тілдерінде дәріс оқып келеді.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале