21.06.2026, 20:30
Оқылды: 4

Қазақ спортындағы тарихи жеңіс: Ирина Бакалдина Азия чемпионы атанды

Үндістан астанасы Нью-Дели қаласында семсерлесуден Азия чемпионаты өтіп жатыр. Құрлық додасында қазақстандық спортшы Ирина Бакалдина тарихи жетістікке қол жеткізіп, Азия чемпионы атанды.

WhatsApp Image 2026-06-21 at 19.56.27

Фото: FIE

Бұл – отандық семсерлесу тарихындағы айтулы оқиға. Өйткені Қазақстан өкілі алғаш рет Азия чемпионатының алтын медалі үшін сынға түсіп қана қоймай, құрлық біріншілігінің жеңімпазы атанып отыр.

Ирина Бакалдина жарыс барысында әлемдік деңгейдегі бірқатар мықты қарсыластарын айқын басымдықпен жеңді. Жартылай финалда ол әлемдік рейтингте үшінші орында тұрған, әлем чемпионы әрі Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, Оңтүстік Корея спортшысы Сера Сонгпен кездесті. Тартысқа толы өткен жекпе-жекте қазақстандық семсерлесуші 15:7 есебімен сенімді жеңіске жетіп, финалға жолдама алды.

WhatsApp Image 2026-06-21 at 19.56.28 (1)

Оған дейін Ирина 1/8 финалда Гонконг өкілі Монг Чуды жарыс жолынан шығарса, ширек финалда қытайлық Джинг Вен Янды 15:2 есебімен ойсырата ұтқан болатын.

Шешуші сында отандасымыз Гонконг спортшысы Кейлинмен алтын медаль үшін сынға түсті. Әлем кубогінің қола жүлдегері әрі Гран-при турнирінің жеңімпазы саналатын қарсыласын жеңген Ирина Азия чемпионатының алтын жүлдесін иеленді.

WhatsApp Image 2026-06-21 at 19.56.28 (3)

Ирина Бакалдинаның бұл жеңісі – қазақстандық семсерлесу спортының дамуындағы жаңа белес. Нью-Делиде өткен құрлық біріншілігіндегі тарихи табыс еліміздің спорт шежіресіне алтын әріппен жазылары сөзсіз.

Түгелбай Бисен,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале