Спортты дамыту дирекциясының хабарлауынша, Тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет еліміз екі жыл ішінде, яғни 2026-2027 жылдары жеті әлем чемпионатын өткізу құқығына ие болды.

Фото: kazsports.kz
Бұл ауқымды жетістік — Мемлекет басшысының елдің спорттық әлеуетін арттыру және халықаралық беделін нығайту жөніндегі тапсырмаларын жүйелі іске асырудың нәтижесі.
Биыл Қазақстан күрес түрлерінен әлем чемпионатын қабылдаса, 2027 жылы олимпиадалық және өзге де танымал спорт түрлерінен жаһандық додалардың барлығы Астана қаласында ұйымдастырылады. Елордада өтетін әлем чемпионаттарының нақты кестесіне сәйкес, шорт-тректен жасөспірімдер арасындағы біріншілік 28-31 қаңтарда, бокстан әлем чемпионаты 10-26 сәуірде, үстел теннисінен әлемдік дода 22-30 мамырда, дзюдодан бәсеке 1-14 маусымда, ал таеквондодан әлем чемпионаты 7-13 шілде күндері өтеді. Ал киберспорттан өтетін турнирдің нақты мерзімі кейінірек жарияланбақ.
Дүниежүзінің ең үздік спортшылары бас қосатын бұл дүбірлі додалар отандық спорт пен бұқаралық қозғалыстың дамуына тың серпін береді. Сонымен қатар бұл ауқымды халықаралық жарыстар елдегі оқиғалық туризмді, қонақүй бизнесін және қызмет көрсету саласын жандандыруға, сондай-ақ Қазақстанның әлемдік аренадағы имиджін одан әрі нығайтуға септігін тигізеді.