ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдегендей, ведомствоның қолдауымен Қазақстанда алғаш рет экструдирленген балық жемін өндіретін зауыттың құрылысы басталды.

Фото: gov.kz
Сала үшін стратегиялық маңызы бар бұл жаңа кәсіпорынның қуаттылығы жылына 25 мың тонна өнім шығаруға қауқарлы. Жоба отандық балық шаруашылығының тұрақты дамуына жол ашып, жоғары технологиялық жем түрлері бойынша импортқа тәуелділікті айтарлықтай төмендетуге бағытталған.
Қазіргі таңда елімізде тауарлық балық өндірісі тұрақты өсіп келеді. Оған дәлел — 2025 жылдың қорытындысы бойынша 23 мың тоннаға жуық балық өсірілсе, ағымдағы 2026 жылы бұл көрсеткішті 64,7 мың тоннаға жеткізу жоспарланып отыр. Өндіріс ауқымының кеңеюі жоғары сапалы арнайы жемге деген сұранысты да арттыруда. Бүгінде отандық балық шаруашылықтарының жылдық қажеттілігі шамамен 72 мың тоннаны құрайды. Оның негізгі бөлігі ішкі нарық есебінен жабылғанымен, форель мен бекіре сияқты коммерциялық маңызы жоғары балық түрлеріне арналған жоғары протеинді жемдер осы уақытқа дейін тек шетелден тасымалданып келді.

«Посейдон» ЖШС секілді зауыттардың іске қосылуы мемлекет пен бизнестің тиімді әріптестігінің жарқын үлгісі болмақ. Бұл бастама отандық аквашаруашылық кәсіпорындарын жоғары сапалы жеммен қамтамасыз етіп қана қоймай, саланың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және өңірлерде жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.