12.07.2026, 11:00
Оқылды: 8

Дропперлердің шоттары арқылы 112 млрд теңге заңсыз айналымға түскен

ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі мәлімдегендей, ведомство дропперлікпен күресті елдің қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі басым бағыттардың бірі ретінде қарастырады.

телефон2

Фото: zhaikpress.kz

Жыл басынан бері Агенттік қылмыстық кірістерді жылыстатумен айналысқан 33 дропперлік топтың қызметін тоқтатты. Заңсыз схемаларды ұйымдастырған 40-тан астам адам анықталып, бұл әрекетке 500-ден астам азаматтың тартылғаны белгілі болды. Дропперлердің банктік шоттары арқылы жалпы сомасы 112 миллиард теңгеден астам заңсыз қаржылық операциялар жүргізілген, тек соңғы екі айда мыңнан астам дроп-карта бұғатталды.

Өңірлерде де бұл бағытта біршама қылмыстың беті ашылды. Мәселен, ҚМА Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті интернет-алаяқтықтан түскен қаражатты жылыстатқан халықаралық «дроповодтар» желісін құрықтады. Онда қылмыстық топ мүшелері 18 жастағы шот иесін күштеп ұстап, қорқыту арқылы 17 миллион теңге өткен банктік шоттарға қолжетімділікті қайтаруды талап еткен. Жетісу облысында да желідегі жұмыс туралы хабарландыруға сеніп, алаяқтық ақшаны криптовалютаға айырбастаумен айналысқан тұрғын анықталса, Түркістан облысында Telegram арқылы студенттер мен кәмелетке толмағандардың интернет-банкингін сыйақыға сатып алып отырған схема әшкереленіп, 20-дан астам жас тергеуге тартылды.

Қаржылық мониторинг агенттігі азаматтарға дропперлік схемаларға қатысудың соңы қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын қатаң ескертеді.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале