15.07.2026, 16:30
Оқылды: 11

Әдеп кеңесінде екі мемлекеттік қызметшінің тәртіптік ісі қаралды

Таяуда әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Аталмыш басқосуға ҚР Мемлекеттік қызмет істері  агенттігі БҚО бойынша  департаментінің  басшысы – Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Мұрат Байсалов, кеңес мүшелері мен департамент мамандары  қатысты.

WhatsApp Image 2026-06-18 at 16.04.48

Кеңестің осы жолғы жиынында екі бірдей мемлекеттік қызметшінің тәртіптік іс материалдары қаралып, Сырым ауданы әкімі аппараты мен облыстағы мекемелердің атқарылған жұмыс нәтижелері баяндалды. Алдымен кеңес төрағасы М. Байсалов Мемлекет басшысының Жарлығымен бекітілген «Мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану» қағидаларын жиынға қатысушылардың есіне тағы бір мәрте салды. Аталмыш қағиданың №27 тармағына сәйкес, теріс қылық – елеусіз, елеулі, өрескел болып үшке бөлінетінін атап өтті. Сондай-ақ әдепке сай келмейтін теріс қылық жасаған мемлекеттік қызметшілерге осы заң аясында шаралар қабылданатынын да жеткізді.

Мас күйде көлік жүргізген

Ақжайық ауданының Чапаев ауылдық округінің әкімі Биболат Зейнуллинге қатысты тәртіптік іс материалы қаралды. Бұл туралы департаменттің мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының бас маманы Мөлдір Серікова баяндама жасады. Округ әкімі 2026 жылдың 12 наурызында ҚР Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодекстің 608-бабының 1-бөлігімен жауапқа тартылған. Яғни Б. Зейнуллин сол күні сағат 15:45 шамасында Чапаев ауылының ішінде қызметтік көлікті жеңіл дәрежедегі алкогольдік мас күйде айдағаны үшін кінәлі деп танылған. Яғни Б. Зейнуллин аутокөлікті мас күйде тізгіндегені үшін бес тәулікке әкімшілік қамаққа алынып, жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылған. – «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызметі туралы» заңның 49-бабының 1-тармағына сәйкес, мемлекеттік қызметшілер Әдеп кодексінде көзделген мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп талаптарын сақтауға міндетті. Округ әкімі Б. Зейнуллин мемлекеттік қызметші ретінде әрі басшылық лауазымда бола тұра, өзінің іс-әрекетімен заң және Әдеп кодексінің талаптарын сақтамай, қызметтік әдеп талаптарының бұзылуына жол берген. Оның бұл тәртіптік теріс қылығы соттың 2026 жылдың 23 сәуірдегі қаулысымен расталып отыр, – деді бас маман өз баяндамасында.

Айта кетелік, Ақжайық ауданының әкімі ұсынған қызметтік мінездемеде Чапаев ауылдық округінің әкімі тек жақсы жағынан сипатталған. Алайда  өткен жылы оның бұған дейін де «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жазаға тартылғаны көрсетілген. Тәртіптік ісі талқыға салынған кеңес отырысына Биболат Бақытжанұлы келмеді. Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығының меңгерушісі Дәурен Хаиров оған  үш күн бұрын кеңес отырысы жөнінде хабар жіберілгені туралы тілге тиек етті. Айтуынша, Б. Зейнуллин белгілі себептерге байланысты келе алмайтынын жеткізген. Мұрат Байсалов 2025 жылдың 15 қазандағы Б. Зейнуллиннің «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жазасы әлі күнге алынып тасталмағанын айтты. Оның үстіне бұған дейінгі тәртіптік жазасына көлік басқару кезіндегі құқықбұзушылығы қосылып, әрекеті «өрескел теріс қылық» ретінде бағаланды.  Кеңес төрағасы округ әкімінің «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жазасы толық күшіне енгенін айтып, аталған шенеунік атқаратын лауазымдық қызметінен шығару жөнінде ұсынысын дауысқа салды. М. Байсаловтың бұл ұсынысын жиынға қатысып отырған әдеп жөніндегі кеңестің барлық мүшесі қолдады. Биболат Зейнуллинге қатысты тәртіптікжаза туралы шешім Ақжайық ауданының әкіміне жолданды.

Талаптан тыс тағайындау

Орал қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ерболат Каримовке қатысты жүргізілген қызметтік тергеп-тексерудің қорытындысы айтылды. Бөлім басшысы 2025 жылдың 30 желтоқсанында А. есімді азаматты ведомстволық бағынысты орталыққа директор ретінде тағайындаған. Мұны Орал қаласының прокуратурасы аталған бөлімдегі заңнаманың сақталуын тексеру барысында анықтаған. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бұйрығына сәйкес, әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту ұйымдарының басшылары аталмыш салада кемі үш жыл немесе ұйымның бейініне сәйкес келетін экономикалық қызмет түрінде басшы лауазымдарында кемі бес жыл жұмыс өтілі болуы тиіс. Тексеру барысында азамат А.-ның бухгалтерлік есеп және аудит мамандығы бойынша жоғары білімі, бухгалтер-экономист біліктілігі бар екені анықталған. Сондай-ақ 1988 жылдан бастап қазіргі күнге дейін қызмет кезеңінде мемлекеттік мекемелер мен жеке ұйымдарда түрлі лауазымда, оның ішінде басшылық қызметте болған. Алайда оның еңбек өтілі аталған мекеме басшысы лауазымына қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес келмейді. Департаменттің мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының басшысы Самат Есқалиев Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің БҚО бойынша департаментіне А. есімді азаматтың еңбек өтілі орталық директоры лауазымына қойылатын талаптарға сәйкес келе ме? деген мәселе жөнінде сұранысхат жолданғанын айтты. Аталған өкілетті құрылымнан азаматтың орталық директоры лауазымына еңбек өтілі сай келмейді деген жауап келген. Басшылық тарапынан ұсынылған мінездемеде Ерболат Нұрланұлы тек жақсы жағынан сипатталған және бүгінге дейін тәртіптік жауапкершілікке тартылмаған. Жиында Е. Каримовке де сөз беріліп, пікірі тыңдалды. Ол А. есімді азаматтың еңбек өтілі 18 жылға жуықтағанын, оның ішінде 5 жыл басшылық қызметте болғанын сөзіне өзек етіп, өзінің тағайындауын дұрыс деп есептейтінін алға тартты. Кеңес төрағасы азаматтарды қызметке тағайындау барысында біліктілік талаптарын басты назарға алу қажет екенін айтты. Азамат А.-ны басшылық лауазымға тағайындауға кедергі келтіретін жайттар аз емес. Еңбек өтілі талапқа сәйкес келмейтініне қоса, соттылығы да толық өтелмеген болып шықты. Мұрат Байсалов біліктілік талаптарына сәйкес келмейтін маманды басшылыққа тағайындап, заңнамада көзделмеген артықшылық көрсеткені үшін Е. Каримовке «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолдануды дауысқа салды. Кеңес мүшелерінің басым бөлігі төраға шешімін құптап, бұл тәртіптік жаза туралы ақпарат Орал қаласы әкімдігіне жолданатын  болды.

Іс-шара барысында Сырым ауданының әкімі Жұмакелді Батырниязов өзі басқаратын аудан бойынша мемлекеттік қызмет саласындағы заңнама және қызметтік әдеп талаптарының сақталуы жөнінде жұмыс нәтижесімен бөлісті. Батыс Қазақстан мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті басшысының орынбасары, әдеп жөніндегі уәкіл Менболат Ғұмаров қызметтік әдептің сақталуын мониторинг нәтижелері бойынша баяндады. Содан соң БҚО жер ресурстарын басқару департаментінің аталған саладағы атқарылған жұмыс нәтижелері тыңдалды. Сондай-ақ мемлекеттік қызметті өткерудің кейбір мәселелері туралы пікірлер  айтылды.

Нұрым Ғұмар,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале