17.07.2026, 20:00
Оқылды: 80

Құрылтай – 2026: Теректіде call-орталық іске қосылды

2026 жылғы 23 тамызда Қазақстан Республикасының тарихында тұңғыш рет Құрылтай депутаттарын сайлау өтеді.

Баннер каз Құрылтай сайлау

Елдің қоғамдық-саяси өміріндегі бұл маңызды науқан азаматтардың конституциялық құқықтарын жүзеге асыруға жол ашып, демократиялық қағидаттардың нығаюына ықпал етеді. Халық қалаулылары жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негезінде, жасырын дауыс беру арқылы бес жыл мерзімге сайланбақ. Сайлаушылар тізімі азаматтардың тұрғылықты жері бойынша тұрақты тіркелуі негізінде жасалады. Ал уақытша тіркелген тұрғындар жергілікті атқарушы органға өтініш білдіру арқылы уақытша мекенжайы бойынша тізімге енгізіледі. Заң бойынша әр азамат бұл тізімге тек бір рет қана ене алады.

Қазіргі таңда Теректі ауданының аумағында сайлаушылардың өз деректерін нақтылауы үшін 8(71132) 21202 нөмірі бойынша арнайы call-орталық жұмыс істеп тұр. Егер сайлаушы дауыс беру күні өз мекенжайында болмаса, 7 тамыздан бастап учаскелік сайлау комиссиясына өтініш білдіріп, есептен шығару куәлігін алуына болады. Саяси науқанды жоғары деңгейде өткізу мақсатында ауданда 1 аумақтық және 36 учаскелік сайлау комиссиясы құрылып, оған 221 маман жұмылдырылды. Қазіргі уақытта комиссия мүшелерінің кәсіби даярлығын арттыру және сайлау заңнамасындағы өзгерістерді түсіндіру бағытында арнайы оқыту семинарлары басталды.

Сонымен қатар аудан аумағындағы барлық сайлау учаскелерінің материалдық-техникалық дайындығы тексеріліп, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Әсіресе ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың кедергісіз дауыс беруіне қолайлы жағдай жасауға баса назар аударылып отыр.

Сайлау комиссиясының негізгі міндеті — әрбір азаматтың конституциялық құқығын толық әрі ашық жүзеге асыруын қамтамасыз ету. Ұйымдастырушылар әрбір дауыстың маңызды екенін алға тартып, аудан жұртшылығын алдағы сайлауда азаматтық белсенділік танытуға шақырады.

                                               А. Бисенгалиев,

                                      Теректі ауданының

аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале