24.07.2026, 15:45
Оқылды: 11

Қалдық алаңын қоршау, өңдеу мәселесі әлі өзекті

Облыс әкімі Нариман Төреғалиев төрағалық еткен кеңесте қалдықтарды реттеу мәселесі талқыланды. Жиынға салалық департамент, басқарма басшылары, Орал қаласының және барлық ауданның әкімдері қатысты.
4a8f9fcc-d367-427d-acf0-3e2a4c71e98d

Полигондар қоршалуы тиіс

Өңір басшысы айтып өткендей, қалдықтарды тиімді басқару – қоршаған ортаны қорғаудың, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің және елді мекен тазалығын сақтаудың маңызды бағыты. Ол үшін қалдықтарды жинау, тасымалдау, сұрыптау, қайта өңдеу және кәдеге жарату инфрақұрылымын дамыту, заңсыз қоқыс орындарын жою, полигондарды экологиялық талаптарға сәйкестендіру жұмысы жүргізілуде. Кеңес барысында осы бағытта атқарылған іс-шаралардың барысы, өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдары қаралды.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Марат Молдашевтың айтуынша, өңірде қатты-тұрмыстық қалдықтар (ҚТҚ) тасымалданатын 147 полигон бар. Олардың 119-ы қоршалған (80,9%). Соның ішінде 58-іне темір қоршау орнатылған болса, 61-і ор яғни траншея немесе топырақ үйіндісімен қоршалған.
– Бүгінде металл қоршаумен қоршалмаған полигондардағы жеңіл полиэтилен, пластик заттар желмен ұшып, шашылып жатыр. Сондықтан ҚТҚ полигондарына металл қоршау орнату қажет, – деді басқарма басшысы. Мәселен, Ақжайық ауданында 18 полигонның тоғызы, Бәйтерек ауданында 21 полигонның үшеуі, Теректі ауданында 24 полигонның екеуі, Бөрлі ауданында 14 полигонның үшеуі ғана металл тормен қоршалған. Өзге аудандарда да металл қоршаумен қоршалмаған полигондар бар. Ал 147 полигонның 27-не санитариялық, экологиялық талаптарға сәйкес рұқсат құжаттары ресімделген, бұл – 8,3% ғана.
Жеті ҚТҚ полигон жобасы өңірдің 2026-2030 жылдарға даму жоспарына енгізілді. Олардың құрылысы үшін 36,8 млрд теңге қажет. Атап өтсек, Орал қалалық ҚТҚ полигонына жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, 70 гектар жер учаскесі бөлінген. Құрылыстың құны – шамамен 20 млрд теңге. Ақсай қаласында ҚТҚ полигонын салуға техникалық-экономикалық негіздеме дайындалып, 40 гектар жер бөлініпті. Оның құны шамамен 3,0 млрд теңге. Ал Орал қаласындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын рекультивациялауға ЖСҚ дайын. Оның құны – 12 млрд теңге. Ақжайықта бір, Казталовта екі және Теректіде бір ҚТҚ полигонын салу үшін жобалық-сметалық құжаттама түзетуден кейін мемлекеттік сараптамадан өтуде.
Олардың құрылыстары үшін шамамен 1,8 млрд теңге қажет.

b843d32e-3451-4eb4-bf26-e0be83f34522
Былтыр өңірде 132 мың тонна қатты тұрмыстық қалдықтар қалыптасқан. Соның 36,7 мың тоннасы сұрыпталып өңделді. Марат Төлеғалиұлы айтып өткендей, Орал мен Ақсай қалаларында екі қоқыс сұрыптау кешені жұмыс істейді. Сондай-ақ екі ірі зауыт және бір цех қалдықтарды өңдеп, дайын өнімдер шығаруға маманданған. Биыл жеке инвестиция есебінен қалдықтарды өңдейтін екі нысан іске қосылады. Ал Орал қаласында қуаты жылына 100 мың тонна қоқыс сұрыптау кешенін салуға екі инвестор қызығушылық танытуда. Мәселен, «Hyundai Solar KZ 777» ЖШС-ның құны 11,2 млрд теңге болатын жобасына 100 га жер телімі бөлінді. Ал «KOR Waste Manage-ment» ЖШС-ға 25 га жер телімі бөлінген. Жоба құны – 14,1 млрд теңге.
– Өткен жылдары пластикалық қалдықтарды жинау мен қайта өңдеуге шығаруды тиімді ұйымдастыру мақсатында 8 аудан орталығына, яғни Сырым, Казталов, Теректі, Бәйтерек, Ақжайық, Қаратөбе, Тасқала, Жәнібекке пластикті сығымдау аппараттары сатып алынды. Алайда аудан әкімдіктері мұндай жұмысты ұйымдастырған жоқ.
Тек Бәйтерек ауданының әкімдігі кәсіпкер Қабдықайыровамен бірлесіп, сұрыпталған қалдықтарды қабылдайтын пункт ашты. Бүгінде тұрғындарды орталықтандырылған қоқыс тасымалдау қызметімен қамту тек аудан орталықтарында ұйымдастырылған. Әкімдіктер қалдықтарды алдын ала сұрыптамай, полигонға көмуге болмайтыны жөніндегі экологиялық заңанама талаптарын ескермейді, – деді Марат Молдашев.

Тәулігіне 700-1000 м³ қоқыс шығады

Кеңесте облыстық экология департаментінің басшысы Мұрат Ермекқалиев заңсыз қоқыс орындарының мәселесін көтерді. «Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ биылғы 11 шілдеде жүргізген ғарыштық мониторингінде облыс аумағында 113 заңсыз қоқыс орнын анықтаған. Оның ішінде Орал қаласында – 17, Бәйтерек ауданында – 64, Бөрлі ауданында – 10, Теректі ауданында – 20, Сырым ауданында – 2. Бүгінде бұл орындардың 88-і жойылған. Ал 2 орынның жеке меншік жер учаскесінде орналасқаны, 6 нүктенің ҚТҚ полигоны екені анықталған.
ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 344-бабының 4-бөлігіне (Қалдықтарды басқару жөніндегі экологиялық талаптарды бұзу) сәйкес «Шаған ауылдық округі әкімінің аппараты» ММ, сондай-ақ Ақсай қаласы әкімінің орынбасары мен Орал қаласы Круглоозерный кентінің әкімі әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Осы ретте өңір басшысы Нариман Төреғалиұлы кеңесте аудан-қала әкімдеріне бизнес өкілдерінің тұрмыстық қалдықтарды шығаратын кәсіпорындармен келісімшарт түзгенін анықтауды тапсырды. Сондай-ақ түнгі уақытта ауыл-қала аумағында кезкелген жерге қоқыс төгіп кететіндерді анықтау үшін жасырын бейнекамера қою қажет деді. Бірінші кезекте жол бойында орналасқан полигондарға металл қоршау орнатуға тапсырма берді.

Слайд5
Орал қаласының әкімі Мұрат Байменовтің мәліметінше, шаһар тұрғындары тәулігіне 700-1000 текше метр тұрмыстық қалдық шығарады. Облыс орталығының солтүстік-батыс бөлігінде орналасқан полигонда жиналған қалдықтардың жалпы көлемі 1,8 млн текше метрден асқан. Бұған дейін атап өткендей, қалада салынатын полигонның аумағы 70 гектар болмақ. Яғни бұрынғыдан екі есе үлкен. Бұл учаске Бәйтерек ауданының Белес ауылдық округінің аумағында орналасқан. Мердігер ретінде Алматы қаласындағы «Poligram» ЖШС анықталған. Жобалықсметалық құжаттаманы әзірлеу құны – 101,8 млн теңге.
Кеңсе ғимараты мен полигон қызметкерлеріне арналған жатақхана салу жоспарлануда. Ал Бөрлі ауданының әкімі Еркебұлан Ихсановтың айтуынша, аудан аумағында 14 ҚТҚ полигоны бар. Мысалы, Пугачев ауылындағы полигон қоршалып, қызметкерлерге арналған тұрмыстық үйжай (вагон-блок) орналастырылған. Сондай-ақ дезинфекциялық тосқауыл мен бейнебақылау камералары орнатылуда. Кеңтүбек ауылындағы ҚТҚ полигоны құрылысының жиынтық сметалық есебі дайындалған. Оған 10,2 мың теңге қажет. Бүгінде Ақсайда «Digitalisation and Recycling» мен «ЭкоПромАқсай» ЖШСлары қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап, қайта өңдеп жатыр. Олар 19 тұрақты жұмыс орнын ашқан.
Былтыр Бәйтерек ауданында қоқыс-қалдықтарды жинау, тасымалдау және сұрыптау жүргізу үшін Переметный, Калинин, Мичурин және Асан ауылдарында мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілген. Соның нәтижесінде осы төрт ауылға «Кабдыкаирова К.Б.» ЖК мен «ОралТазаСервис» ЖШС қызмет көрсетіп жүр.
Аудан әкімі Марат Тоқжановтың айтуынша, Переметный және Калинин ауылдарында ҚТҚ жинауға, тасымалдауға арнайы (мусоровоз) аутокөлік сатып алынған. Көлік «Кабдыкаирова К.Б.» жеке кәсіпкерлігіне сенімгерлік басқаруға берілген. Переметный ауылдық округі әкімі аппараты 50 дана қоқыс жәшігін сатып алған. Ал Достық ауылында орналасқан полигон сенімгерлік басқаруға берілген. Бүгінде кәсіпкердің арнайы прессаппараты бар. Енді ол ҚТҚ қабылдау пунктін ашуды жоспарлап отыр.
– Аудан орталықтарында қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін шағын цехтар ашу қажет. Ол үшін жергілікті кәсіпкерлерді тартқан жөн. Қалдықтарды басқару, қайта өңдеу мәселесі «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында күн тәртібінен түспейді.
Тұрғындарға тұрмыстық қалдықтарды арнайы орындарға тастау мәдениетін кеңінен түсіндіруіміз қажет. Құзырлы құрылымдар мониторингті күшейтіп, кез келген орынды қоқыс алаңына айналдыратын жеке және заңды тұлғаларды тауып, тиісті жауапкершілікке тарту керек, – деді Нариман Төреғалиев.

Ясипа Рабаева,
«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале