31.07.2026, 11:15
Оқылды: 24

Қарауылтөбе хақында бірер сөз

Тарихы талай ықылым заманға кететін – Қарауылтөбе туралы аңыз да, деректер де жетерлік. Атының өзі-ақ, жайдан-жай қойылмаған сияқты. Сан ғасырдың қойнауынан күмбірлеген бір дерек – жаугершілік заманда ата-бабаларымыз биік төбеге жауынгерлерден қарауыл қойып маңайды шолып тұрған дейді. Соған орай, Қарауылтөбе атаған екен.

a8e7254e-6a0e-4606-84e7-4ff235837514

Мұны біз баяғыда көнекөз қариялардан да естіп өстік. Батысында толқыны биік жағасына соғып   жататын – Жайық, күншығыс, солтүстік, оңтүстік беткейлерінде тегістік, жазықтық болғанда әлгі биік төбе – Қарауылтөбе болып шыққаны қисынға келеді ғой. Ал осы аймақтан сақ, ғұн, қыпшақ дә-уірінен қалған обалар мен қауымдар кездесетіні де көп жайтты аңғартса керек. Бұл жайлы кезінде Орал педагогикалық институтының ұстазы, тарихшы-ғалым Ғаяз Кушаев та археологиялық қазбалар жүргізуге тікелей атсалысып, осындай тұжырымға келіпті. Мен сол ағамыздың алдын көрген шәкіртімін, өлкетанушымын. Ғалымдардың талмай айтып келе жатқан бұған дейін, яғни сан ғасыр бұрын жер жүзін топан су басып өткені тарихтан белгілі. Одан біздің өңір де аман қалмаған ғой. Сондықтан сан миллион жыл бұрын біздің жеріміз шалқыған теңіз бен мұхиттың түбінде жатқанын ғалымдар баяғыда дәлелдеп қойған. Бабаларымыз Орал жақ солтүстік бетті – «жоғарғы жақ», ал оңтүстік бетті – «төменгі жақ» деп атаған. Біздің Алшын аталатын бабаларымызға сулы, нулы, жайылысы мол – Жайық өңірі бұйырған. Ал баяғыда жер жанатындай жайқалып тұрған сол жері-мізге көз алартушылар, қызығушылар көп болыпты. Аруақтарынан айналайын, аталарымыз олардан қорғанып, талай қырғын шайқастар мен жойқын жорықтарды бастан кешірсе керек. Толарсақтан қан кеше жүріп осы жерімізді қорғап қалыпты. Сол бір ереуіл атқа ер салып, етікпен су кешкен заманда Майқы бидің «Кіші жүзді қолына найза беріп, жауға қой...»  деуі  тегін  емес  қой.

Жайықтың бұқар бетінде (кейде қазақ беті деп те жатады) осыдан жарты ғасыр бұрынғы жылдарда ата жауға қаймықпай қарсы шапқан хас батырларымыздың күмбездеп соққан зираттары, кесенелері алыстан менмұндалап тұрушы еді. Дәуқара, Айбас, Қармыс, Айтмағамбет сияқты батырларымыздың күмбездерін көре қалдық. Соның айғағындай Бірбармақ мекені төңірегіндегі Жылқыайдар, Ақайдар күмбездерін айтуға болады. Жыланды аталатын жерде ескі қауым бар, сол жерде де қазақтың жауға шапқан небір батырлары жатыр. Жайық өзенінің шығысын жайлаған бабаларымыздың ішінен Байлы-Сұлтансиық, Байбақты руының белгілі тайпасы – Тоқсоба бөлімінің ұрпақтары, Қарауылтөбенің тұрғындары Хамза Қыдыров, Сағынғали Құрмалаевтар сол бабаларымыздың кейінге жеткен ұрпақтары еді. Қарауылтөбенің шығысында бұрын Тоқсоба аталған жерде үлкен қорым бар. Сол жерде аталған рудың талай жайсаңдары мәңгілік  тыныста.

Қарауылтөбенің солтүстігінде Сүгір, шығысында Жылқыайдар, Ақайдар, Қарақырқа, Жұмаш зираттары, екі Ақмешіт, Қызылмешіт сынды орындар – әлі жеткілікті зерттелмеген жерлер. Ал мұндай тарихи нүктелер Қарауылтөбенің маңайында көптеп  саналады.

Кеңес өкіметі орнағаннан кейін алғашқы совхоз Тайпақ өңірінде құрылыпты.

b42cb6d7-3d05-4655-9ab2-1c8954ddad39

Бүгінде қарауылтөбелік інілерімнің жоғарыда айтып отырған Қарауылтөбе ауылының тарихын кітапқа түсіруге талаптанып жатқанына қуанып жүрмін. Ауыл әкімі Абиров Жәнібек ініміз бастап, оны өлкетанушы Сәдір Нұрлан секілді інілеріміз қостап, Қарауылтөбенің қатпарлы тарихын қопара зерттеп жатыр. «Жас келсе, іске» дегендей, олардың туған ауылдарының тарихын кейінгі ұрпаққа қалдыруға кіріскен қадамдарына сауап жазылсын деген тілектемін. Өзім Тайпақ елінің байырғы тұрғыны ретінде өте керек шаруаны қолға алған қарауылтөбелік оғыландардың қолға алып жатқан жұмыстарының оңынан орындалуына аталық батамды беремін. Қарауылтөбе ауылы кеңес заманында СССР-дің 50 жылдығы атындағы «Орал қаракөл» кеңшары деп аталды ғой. Мен сол кеңшарда партия ұйымын басқарып, тоғыз жыл қызмет атқардым. 64 жыл Калмыковта тұрып, жалпы нобайы елу жылдай еңбек еткендіктен, Тайпақ елінің тарихынан біршама хабарым бар. Жарыққа шыққалы жатқан кітапқа қолымнан келген көмегімді аянып қалып жатқан жоқпын. Мына шағын мақалам – соның бір көрінісі. Өзімнің де өткен күндердің естелігінен, ел-жер тарихынан қалам тербеп қоятын әдетім бар. Соның арқасында 2014 жылы «Қаратай», 2025 жылы «Әз ұям – менің Тайпағым» атты кітаптарым жарыққа шығып, оқырмандар қолында жүр. Сол еңбектерімнен де біраз мәліметтер  алуға  болады.

Әленғали Керейтегі, 

өлкетанушы,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале