
Әлеуметтік әріптестікті дамыту – еңбек саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі. Тәжірибе көрсеткендей, жұмыс беруші мен қызметкерлер арасында тұрақты әрі ашық диалог орнаса, еңбек дауларының алдын алуға, жалақыға қатысты мәселелерді уақытында шешуге және жұмысшылар үшін тұрақты жағдай жасауға болады.
Ұжымдық шарттарды цифрлық форматқа көшіру тараптардың өз міндеттерін қалай орындап жатқанын бақылауды жеңілдетеді. Сонымен қатар бұл мемлекеттік органдарға еңбек қатынастарының жағдайын жедел бақылап, қажетті шараларды уақытында қабылдауға мүмкіндік береді.
Бүгінде ұжымдық шарт жай ғана ресми құжат емес. Ол жұмыс беруші мен қызметкерлер арасындағы еңбек қатынастарын нақты реттейтін маңызды құралға айналып отыр. Құжатта жалақы төлеу, еңбек қауіпсіздігі, кәсіби оқыту, қызметкерлерді әлеуметтік қолдау және тараптар арасында түсініспеушілік туындаған жағдайда оны шешу тәртібі бойынша қосымша кепілдіктер қарастырылуы мүмкін.
Әлеуметтік әріптестіктің дамуы ұжымдық еңбек дауларының азаюына да әсер етіп отыр. Жұмыс берушілер туындаған мәселелерді бірден шиеленіске жеткізбей, келіссөз арқылы шешуге көбірек көңіл бөлуде. Бұл еңбек ұжымындағы тұрақтылықты сақтауға септігін тигізеді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұжымдық шарттар арқылы еңбек қатынастарын реттеу жұмыстарын одан әрі жалғастырады. Алдағы уақытта цифрландыруды дамытуға, әлеуметтік әріптестік жүйесімен қамтылған кәсіпорындар санын арттыруға және еңбек дауларының алдын алу тетіктерін жетілдіруге басымдық берілмек.
Ұжымдық шарттардың көбеюі жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы өзара сенімді нығайтып, еңбек мәдениетін қалыптастыруға және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді.