Батыс Қазақстан облысының полиция департаментінде бесінші қабаттағы терезе алдында отырған кішкентай баланы құтқарып қалған полиция қызметкерін марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды Polisia.kz.

Фото: Polisia.kz
Салтанатты шара барысында БҚО ПД бастығы Шаған полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Убиш Гайсинге қызметтік міндетін жоғары деңгейде атқарып, кішкентай бүлдіршіннің өміріне төнген қауіптің алдын алғаны үшін алғыс білдіріп, марапат табыстады.
Оқиға Орал қаласындағы Жәңгір хан көшесінде орналасқан көпқабатты үйлердің бірінде болған. Сол аумақтың учаскелік инспекторы Убиш Гайсинге тұрғындар хабарласып, бесінші қабаттағы ашық терезенің алдында шамамен 3-4 жастағы баланың отырғанын айтқан. Оқиға орнына жедел жеткен полицей бесінші қабаттың терезесінен кішкентай бала басын шығарып отырғанын байқап, дереу жоғарыға көтеріліп, баланы қауіпсіз жерге шығарған және қайғылы жағдайдың алдын алған.
Марапаттау кезінде департамент бастығы полиция қызметкерінің қырағылығы мен батыл әрекетін ерекше атап өтіп, мұндай төтенше жағдайларда әр секундтың маңызды екенін жеткізді.