Орал қаласындағы «Жайық Арена» спорт кешенінде сурдлимпиадалық спорт түрлері бойынша IV ҚР Спартакиадасы салтанатты түрде ашылды.

Төрт жылда бір ұйымдастырылатын ел көлеміндегі айтулы додаға Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен барлық облыстардан 1500-ден астам спортшы қатысуда.

Еліміздің 18 өңірінен жиналған сайыпқырандар бірнеше күн бойы спорттың жеті түрінен: шахмат, бадминтон, үстел теннисі, дзюдо, таеквондо, футбол, сондай-ақ еркін және грек-рим күресі бойынша өзара бақ сынайды. Мұндағы әр сәт – тек жүлде үшін күрес емес, спортта мүмкіндіктің шекарасы жоқ екенін дәлелдейтін қайсарлықтың мерейі.
Биылғы бәсекенің салмағы да айрықша. Өткен жылы Токиода өткен XXV жазғы Сурдлимпиада ойындарында ұлттық құрамамыз 8 алтын, 4 күміс және 13 қола медаль иеленіп, ел тарихындағы үздік нәтижелердің бірін тіркеген еді. Басқосу сол тарихи жеңістің заңды жалғасы ретінде жаңа есімдерді анықтамақ.
Салтанатты шараға ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Нұрлан Есембаев, Мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорттық даярлау орталығының директоры Болатбек Дукетаев, БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бақдәулет Сәбитов және ҚР Ұлттық сурдлимпиада комитетінің құрметті президенті Сәуле Шакуова қатысты.
Жиында сөз алған Нұрлан Есембаев пен Сәуле Шакуова бұл доданың спортшылар шеберлігін шыңдап қана қоймай, ел бірлігін бекемдеудегі маңызын атап өтіп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Ал Бақдәулет Сәбитов Жайық төрінің мұндай ауқымды жарысты қабылдауы өңір үшін үлкен мәртебе әрі жауапкершілік екенін білдірді.
Мерекелік концерттік бағдарламамен өрілген ашылу рәсімінен соң негізгі бәсекелер бастау алды. Алдағы күндері жарыс алаңдарында бар күш-жігерін салатын спортшылар арасынан халықаралық аренада ел көк байрағын желбірететін жаңа чемпиондар шығары сөзсіз.
Түгелбай Бисен,
zhaikpress.kz