3.09.2026, 16:30
Оқылды: 8

Секонд-хенд ұят емес: Сарапшы ескі киімдердің экономикаға пайдасын түсіндірді 

Қазақстанда пайдалануға жарамды киімдердің үлкен бөлігі қоқысқа кетіп жатыр. Алайда олардың басым бөлігі әлі де киюге жарамды, тіпті кейбірінің заттаңбасы да алынбаған. Бұл туралы FABRIQA жобасының тең құрылтайшысы Ирина Джиоева айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

351406bb-599d-410c-b1d1-75a36ad9cd1d

Сурет: baq.kz

Оның сөзінше, сұрыпталатын киімдердің арасында мінсіз күйде сақталған, қайырымдылыққа немесе қайта пайдалануға беруге болатын заттар жиі кездеседі.

Біз күн сайын сапалы әрі киюге толық жарамды киімдерді көреміз. Кейбірі тіпті жаңа күйінде сақталған. Мұндай заттар қайырымдылыққа беріліп, мұқтаж жандарға көмектесе алады. Бұл тек зат алмасу ғана емес, адамдардың саналы тұтыну мәдениетін қалыптастыруға да ықпал етеді, – дейді Ирина Джиоева.

Сарапшының пікірінше, қоғамда әлі күнге дейін «ескі затты пайдалану ұят» деген қате түсінік бар. Алайда сапалы киім арзан әрі сапасыз жаңа тауарларға қарағанда әлдеқайда ұзақ қызмет етеді.

Кейде адамдар дәл сондай ақшаға жаңа киім сатып алады, бірақ ол бірнеше рет жуылғаннан кейін жарамсыз болып қалады. Ал сапалы киім жылдар бойы қызмет ете алады, – дейді ол.

Джиоева қайта өңдеу экологиялық тұрғыдан маңызды болғанымен, ол ең соңғы кезең болуы тиіс екенін атап өтті. Оның айтуынша, кез келген адам киімді қайта өңдеуге жібермес бұрын оның басқа біреуге қажет болуы мүмкін екенін ойланғаны жөн.

Затқа ұқыпты қарау, жөндеу, қайта пайдалану өте маңызды. Егер киім жақсы сақталған болса, оны басқа адамға беруге, сыйлауға, айырбастауға немесе сатуға болады. Бұл тек экология үшін емес, экономика үшін де маңызды ресурс, – дейді сарапшы.

Оның айтуынша, киім жинау, сұрыптау және қайта таратуға негізделген ішкі нарық Қазақстан экономикасы үшін үлкен мүмкіндік бола алады. Сонымен қатар бұл азаматтардың шығынын азайтып, қаржылық ресурстарын үнемдеуге көмектеседі.

Сарапшының мәліметінше, соңғы жылдары киімдерді қайта пайдалану нарығы шамамен 13%-ға өскен. Бұл бағытқа секонд-хенд дүкендері де кіреді.

Секонд-хенд – киімге екінші өмір сыйлау мүмкіндігі. Сонымен қатар бұл сырттан қымбат тауарлар әкелуге жұмсалатын қаражатты азайтып, ішкі экономиканы қолдауға ықпал етеді, – дейді ол.

Ирина Джиоева қазіргі жастардың бұл мәселеге көзқарасы өзгеріп келе жатқанын айтады. Оның сөзінше, жаңа буын қайта пайдалану мәдениетін жақсы қабылдайды, киімдерді жаңартып, өзгеше стильде қайта өңдеумен айналысады.

Біз көбіне қайта өңдеу туралы айтамыз. Бірақ ең үлкен ресурс бастапқыда затты өндіруге жұмсалады. Бір киімді жасау үшін табиғи ресурстар да, адам еңбегі де көп қажет. Сондықтан қолдағы затты мүмкіндігінше ұзақ пайдалану – экологияға қосылатын ең үлкен үлестің бірі, – деп түйіндеді Ирина Джиоева.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале