3.09.2026, 18:00
Оқылды: 0

Бақ-берекесін еңбекпен еселеген жұбайлар

 

«Екі жақсы» арнайы бетінінің кезекті шығарылымы үшін тұрғын үйінің ауласын жасыл желекке бөлеп, бау-бақшаға айналдырған өнегелі отбасы Серік Әлімбеков пен жұбайы Назым Ахметжанованың шаңырағына бардық. Ауласынан кіре берістен-ақ көлденең шөп жоқ, мұнтаздай тазалық пен жинақылықты байқадық. Тәртіппен «бой түзеген» көктеректердің сыбдыры, үй айнала құлпырған алуан түрлі гүлдер жұпарын шашып, жансарайыңды ашып, тынысыңды кеңейтеді.  Сегіз сотық жер телімдерінде алма, алмұрт, сары және қара өрік ағаштарының өнімі мен таңқурай, құлпынай, қияр, қызанақ, тәтті бұрыш, асқабақ, жүзім, тағысын тағы төгіліп тұр. Ауланың  көркін жайқалған раушан гүлдері, шырайгүл (петуния), бақытгүл (хризантема), шетен (рябина), барқыт, аллиум (стебельді жуа), үйеңкі, шыршалар да одан бетер ашқандай. Білім-ғылым саласының кәнігі мамандары ұл-қыздарын да бағбандыққа баулып, үй шаруасына жұмсап, еңбекпен тәрбиелеуде.

181d0c5a-04c0-44f4-98a7-05c49b0cf261

Олар үшін Орал – бақыт  мекені

Бұлай деуімізге себеп, отағасы Серік Ахметұлы Түркістан облысының Жетісай ауданында туып-өссе, ал зайыбы Назым Атабекқызы – Атырау облысының Махамбет ауданының тумасы. Ахметтің Серігі 1990 жылы жалпы орта мектепті бітірген соң Татарстанның Қазан қаласындағы Н. Бауман атындағы Қазан мемлекеттік ветеринария академиясынан білім алып, кейін Орал қаласына жолдамамен келіп, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-ға қызметке орналасады. Ал Назым жеңгеміз анасының жолын қуып, қаржы-экономикалық бағытта жоғары білім алу үшін аталмыш университетке оқуға түседі. Анасы Нұрзила апай саналы ғұмырын есеп-қисапқа арнаған, бухгалтер болған. Сол кезде «Агропромбанктің» Махамбет аудандық филиалын басқарған. Серік ағамыз бен Назым
жеңгеміз осылайша Орал қаласында, Жәңгір хан атындағы университетте танысып, бір-біріне ғашық болып, 2000 жылы шаңырақ көтереді. Олар үшін бұл шаһар – өмірлік серіктерін кездестіріп, ұрпақ сүйген,  адал еңбек етіп, игілігін көріп отырған бақыт мекені.

Серік Ахметұлы жоғарыда айтып кеткендей, 1973 жылы Түркістан облысының Жетісай ауданының орталығында ұстаздар отбасында өмірге келген.Аталмыш университетте оқытушыдан бастап деканның орынбасары қызметтерін абыроймен атқарып, 2004 жылы ғылыми диссертациясын қорғап,  2007 жылы Орал қаласындағы Жоғары инженерлік-технологиялық колледжге директордың орынбасары қызметіне ауысады. 2012 жылдан бастап күні бүгінге дейін аталмыш колледждің директоры қызметінде, ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында 100-ден астам қызметкер мен 1000-нан астам студенті бар ұжымды ынтымақта басқарып келеді. Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері, бірінші санатты басшы. Ал зайыбы Назым Ахметжанова – Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың аға оқытушысы, экономика ғылымдарының Ph докторы (PhD).

–  Жетісай ауылында біз 20 соток жерімізге көкөністердің түр-түрін, жеміс ағаштарын егетін едік. Сабақтан келген соң отбасымызбен аулаға шығып, топырақтарын қопсытамыз, арам шөп-
терін жұламыз, бау-бақшаны түгел суарамыз. Мал жайлаймыз. Оған қоса біз-дің жақта мақта көп өсірілетін. Мақта өсірудің де бейнеті орасан. Трактормен мақта дәнегін көміп кетеді. Оны суарасың, арамшөптерін жиі жұласың, тым биіктеп кетпесін деп бас жағын қырқисың. Мақта шыққаннан кейін адамдар бір-екі мәрте қолмен теріп өтеді, содан соң комбайнмен жинайды. Қалғанын артынан тағы тересің. Одан қала берді жүгеріні де егеміз. Бау-бақша жұмыстарын бала кезден көріп өскесін шығар, баптауды білемін. Үйдегі қыздарыма да есік алдындағы көкөністерді бірге егіп, арам шөптерін жұлдырып, суын құйдырамын. Олар да бізден тәлім алуы керек, – деді отағасы.

Ал зайыбы Назым бақша өнімдерінен қысқы мезгілге әртүрлі салаттар, тұздық-
тар жауып, жеміс-жидектерден тосап, шырындар қайнатады. Банкілерді жерқоймада сақтайды. Сосын қытымыр қыс келгенде шетінен алып пайдаланады, келесі жазға дейін дастарқанды қолдан жасалған әртүрлі өніммен толтырып, жайнатып қояды.

40eca3ae-c825-477e-938e-d658c10e832d

«Ердің табысының берекесін әйел  кіргізеді»

Серік аға мен Назым жеңеше шаңырағында үш перзент тәрбиелеуде. 2001 жылы жарық дүниеге көрінген тұңғыштары Даниал Ахмет – бүгінде Біріккен Араб Әмірлігінің Дубай қаласындағы Michelin («Мишлен») үш жұлдызды мейрамханада бас аспаздың көмекшісі. Айта кетсек, «Мишлен» жұлдызы – мейрамханадағы тамақтың қайталанбас дәмі мен жоғары сапасын көрсететін марапат. Ол ең үздік аспаздарға ғана беріледі. Сондықтан бір, екі немесе үш жұлдыз алған «Мишлен» мейрамханаларында үздік аспаздардың қолынан тамақ ішу қымбат тұрады, оны екінің бірінің қалтасы көтермейді.

Даниал Серікұлы да бала күнінен еңбекке араласқан. 9-11-сыныптарда сабағына барып, қала берді ағылшын тілі, робототехника курстарына қатысып, бос уақытында әкесінің рұқсатын алып, достарымен бірге көлік жуу, кілем жуу орталықтарында  еңбек еткен. Ағылшын тілінде еркін сөйлейтін бозбала мұнай-газ саласында жоғары білім алған, алайда өз қалауымен мейрамхана бизнесі саласында еңбек етуде.  Төрт жылдан астам уақыттан бері Біріккен Араб Әмірлігін-
де қызмет істеп жүрген бозбала болашақта елімізде «Мишлен» жұлдызды мейрамхана ашуды армандайды.

Әлімбековтердің ұлдан кейінгі қызы Мәдина Орал қалалық №47 жалпы орта білім беретін мектепте 11-сынып оқушысы болса, әзірше кенжесі Мәлика бүгін 1-сыныптың табалдырығын  аттады.

Бүгінде қоғамда жас отбасылардың ажырасу мәселесі жиілеп кетті. Осы орайда кейіпкерлерімізден жанұя жарастығының  сырын  сұрадық.

– Отбасында ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Қанша жерден бақытты, жарасымды жанұя десек те, қосылған жұптардың өзіндік мінездері болады. Тұрмыс-тіршілікте әртүрлі сынақ ұшырасады. Сондай кезде бір-бірін түсініп, қолдау білдірсе, өзімшіл болмаса, қандай мәселе кездессе де ашық сөйлессе, қарым-қатынас жалғасады. Отбасы болған соң, «бұл – менің мәселем, мынау – сенікі» деген жоқ. Мәселе де, қиындық та, жеңіс те, жетістік те ортақ болады. Жұптар бақытты болу үшін екеуі де тырысуы керек. Сонда ғана жанұя жарастығы сақталады. Кейбір келіншектер еріне «Ақша көп таппайсың» деп реніш тудырып, балаларының да берекесін алып жатады. Ерінің тапқан табысының, мейлі ол қанша тапса да берекесін кіргі-зу әйел адамға байланысты. Отбасы мүшелері қолда барын үнемдей  білу  керек.

Студенттермен жұмыс істейтін маман ретінде тоқталсам, қазіргі жастардың арасында өзімшіл, менмен мінезділері жиі кездеседі. Ата-аналармен сөйлескенде, «Менің балам – ерке, үйдің жалғызы. Балама ешкім ештеңе демесін, ұстаздары да, группаластары да қарсы сөйлемесін» дейтін жағдайлар да болады. Ондай қарым-қатынасты көріп өскен бала «Тек менің айтқаным, істегенім дұрыс. Менің айтқаныммен жүру керек» деген ой қалыптасады. Сондықтан күйзеліске төзімсіз, өзімшіл болады. Ұл мен қызға өз міндеттерін, орнын білдіріп, жауапкершілік жүктеп тәрбиелеу керек, – деді отағасы.

38a09be3-b8a7-42d3-895c-9d20d0d80aa1

«Ұрпағын ағайын-туыстан  жырақтатпауда ата-ана  өнеге  көрсетуі  керек»

Бұл әулетте ұлттық құндылықтарға, салт-дәстүрге және ұрпақ тәрбиесіне қатысты тәрбиелік мәні зор әңгімелер күнделікті дастархан басында айтылады. Отанасы Назым ес жиып қалған Мәдинаға «Болашақта сен бір әулеттің келіні боласың. Мына салтты біле жүр, мынау қаперіңде болсын» деп жиі ақыл айтып отырып, ұлына «Менің келінім де сондайды білуі керек» дейтін көрінеді. Сонда ұлы Даниал әзілдеп, «Мама, саған қандай келін ұнайды? Мен таңдаған қыздар сенің талабыңнан шықпай қала ма деп қорқамын. Өзің таңдап бересің-ау» дейтін  көрінеді.

Жылдағы игі дәстүр бойынша Әлімбековтер отбасы мүмкіндігінше жазда алдымен өз жұртында, сосын нағашы жұртында бас қосады. Нағашы жұртындағы басқосу алдын ала дайындалған бағдарлама бойынша әр күні ерекше өтетіндей етіп жоспарланады  екен. Назым Атабекқызының  айтуынша, алғашқы күні нағашылар, немере-жиен, жиеншар, бөле секілді барлық ағайын әулеттің қарашаңырағына жиналады. Дастархан жайылып, жаңа түскен келін, күйеу бала, өмірге келген сәби таныстырылады. Дастархан басында салт-дәстүрлер көрсетіліп, бата беріледі. Өмірден өткен ата-аналары, ағайын-туыстары туралы естеліктерімен бөлісіп, игі істері айтылады. Сол құрам ертесіне табиғат аясына шығып, үлкен, орта, кіші буын өкілдері топтарға бөлініп, спорттық, интеллектуалдық ойындар бойынша жарысады. Тарих, мәдениет, өнер және қазіргі замандағы жаңалықтар бойынша алдын ала дайындалған сұрақтар қойылып, жауаптары бойынша үздіктер анықталады екен. Жастар жағы «Ред флаг деген не?» секілді заманауи сөздерден сауалдар ұйымдастырса, үлкендер «М. Мақатаевтың сөзіне жазылған Нұрғиса Тілендиевтің «С...» әрпінен басталатын әні қандай?» (Сарыжайлауым) деген бағыттағы сұрақтар қойып, жарысады. Осылайша, үлкендер жастардың тілін түсініп, жастар тарихи деректерге қанығып, танымдық-тағылымдық іс-шаралар ұйымдастырылады. Бұған қоса, суға шомылып, кәуап дайындап, ән айтып, осылай әр күнді мағыналы өткізеді  екен.

6579fc79-5f99-46d0-8f48-0a7c3e507fa3

– Ағайын-туыстан жырақтамасын десек, ұрпақтар бір-бірін танып, қуаныш пен қайғыда бір-бірінің жанынан табылуы үшін араласып тұруы керек. Ағайын араласпаса, жат болады. Ұрпақтар сабақтастығын біз, ата-аналар қалыптастырамыз.  Осындай мақсатта қос әулеттің ұрпақтарымен балаларымыз ьараласуы үшін тағылымды басқосулар ұйымдастырып тұрамыз. Әулетіміздің үлкендері жастарға «Мақсат жолында қандай тосқауыл болса да жетіңдер» деген бағытта ақыл-кеңестерін айтады.  Әкемді үлгі қылып, істеген игі істерін айтады. Әкем Атырау облысы Исатай ауданының Көктөбе елді мекенінде өмір есігін ашқан. Сегізінші сынып оқып жүрген шағында анасына көмек көрсететін дәрігер болмай, көз алдында қайтыс болған. Сонда ол бала болса да «Өскенде ауыл, қыстақ тұрғындарына көмектесетін, емдейтін дәрігер боламын» деп өзіне серт береді.  Құмда мал бағып өскен бала 8-сынып бітірген соң, трактор жүргізеді. Үш жыл трактор айдап, ақшасын жинайды. Содан үш жылдан соң «Мен қалайда дәрігер боламын» деп Ереванға кетеді. Еревандағы қазіргі Мхитара Гераци атындағы Ереван мемлекеттік медициналық университетінде білім алады. Содан ауданға оралып, дәрігер болған. Медицина саласында 10 жыл қызмет етіп, өкінішке орай, жол апатынан қайтыс болған еді. Сол аралықта ауданның денсаулық сақтау саласы бойынша үлкен істер атқарып, зор абыройға ие болды. Ауданда оның атында көше, музейде жасаған істері туралы бұрыш бар. «Кімнің қызысың?» деп сұрағанда, әкемнің атын айтсам, мақтап жатады. Бұл – перзенттері үшін зор мақтаныш, үлкен абырой. Мұндай абырой – әкемнің мақсат қойып, оған жету жолында еш қиындыққа мойымағынының, қайсарлығының  нәтижесі.  Балаларымызға да соны айтып, мақсат қойып, соған жете біліңдер деп айтып отырамыз, – деді  Назым  Атабекқызы.

584e5517-7c57-49cd-acb1-86bcf9dd933e

Иә, қазақта «Әр үйдің тірегі болады, жүрегі болады, тілегі болады. Тірегі – ері, жүрегі – жары, тілегі – бала-шағасы» дейді.  Осы тұрғыдан алғанда да Әлімбековтер әулеті, оның ішінде Серік Ахметұлы отбасының тірегі де, жүрегі де, тілегі де бар, сондай-ақ өздеріне ғана тән сыйластығы мен қимастығы жарасқан, жан дүниеңді жадыратар өнегелі істері бар жанұя көпке  үлгі  екені  даусыз.

Гүлсезім Бияшева,

«Орал өңірі»

82b5930f-04a0-4a1f-a9b3-53b7f836a1c8

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале