4.09.2026, 12:00
Оқылды: 19

7 қыркүйектен бастап БЖЗҚ жинағын түгел жеке басқарушыларға беруге болады: қазақстандықтар нені білуі керек

7 қыркүйектен бастап қазақстандықтар зейнетақы жинақтарын толық көлемде жекеменшік басқарушы компаниялардың басқаруына бере алады. Жаңа тетіктің мәні неде, ол кімдерге тиімді болуы мүмкін, зейнетақы қаражаты қаншалықты қорғалған? Бүгінгі шолуда осы сауалдарға жауап іздейміз, - деп жазады kaz.inform.kz.

жп ақша (10)

Қазақстандықтардың зейнетақы жинақтары Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында (БЖЗҚ) сақталып, табыс табу мақсатында инвестицияланады. Әдетте бұл қаражатты Ұлттық банк басқарады. Сонымен бірге зейнетақы активтерін жекеменшік компаниялар – инвестициялық портфельді басқарушылар (ИПБ) да басқара алады. Қазір салымшылар зейнетақы жинақтарының 50 пайызына дейін осындай компанияларға бере алады. Ал 7 қыркүйектен бастап жинақтың 100 пайызын беруге мүмкіндік пайда болады.

Жаңа тәртіп міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен қалыптасқан жинақтарға қолданылады.

Нарықта неше ойыншы бар?

Салымшы 7 қыркүйектен бастап зейнетақы жинағын түгел жекеменшік басқарушы компанияға беруді шешсе, ол тек Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің арнайы тізіліміне енгізілген компанияны таңдай алады.

Қазіргі таңда зейнетақы активтерін басқаруға алты компанияға рұқсат берілген:

  • Alatau City Invest;
  • BCC Invest;
  • Halyk Global Markets;
  • Halyk Finance;
  • Сентрас Секьюритиз;
  • Tansar Capital.

Бірақ БЖЗҚ Halyk Global Markets компаниясы 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы активтерін басқаруды тоқтататынын хабарлағанын айту керек. Ол жинақтар қайтадан Ұлттық банктің басқаруына өтеді.

Жекеменшік басқарушы компаниялар қандай кепілдік бере алады?

Зейнетақы активтерін басқаруға кез келген компания жіберілмейді. Инвестициялық портфельді басқарушының тиісті лицензиясы болуы және қаржы реттеушісі белгілеген талаптарға сай келуі қажет. Атап айтқанда, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі:

• клиенттердің активтерін басқару тәжірибесін;

• қаржы-шаруашылық қызметінің нәтижелерін;

• зейнетақы активтерін инвестициялау кезінде туындауы мүмкін шығындардың орнын толтыруға жеткілікті меншікті капиталының болуын ескереді.

Егер басқару нәтижесінде теріс айырма пайда болса, инвестициялық портфельді басқарушы оны өзінің меншікті капиталы есебінен өтеуге міндетті. Сондықтан оның меншікті капиталының көлеміне де талап қойылады. Ол кемінде 440 мың айлық есептік көрсеткіш, яғни шамамен 1,9 млрд теңге болу керек.

Сонымен қатар инвестициялық портфельді басқарушыларға қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарын тәуекелі жоғары цифрлық және криптоактивтерге салуға тыйым салынған.

Басқарушы компаниялар зейнетақы қаражатын инвестициялай алатын активтердің нақты тізімі бар. Олардың қатарында:

• Қазақстанның және шет мемлекеттердің мемлекеттік бағалы қағаздары;

• қазақстандық және шетелдік компаниялардың акциялары мен борыштық бағалы қағаздары;

• кредиттік рейтингі «BBB»-ден төмен емес банктердегі салымдар бар.

Басқарушы компанияны қалай таңдаған дұрыс?

БЖЗҚ басқарушы компанияны таңдағанда оның атауына немесе қысқа мерзімдегі табыстылығына ғана қарап шешім қабылдамауға кеңес береді. Қаражатыңызды бермес бұрын мынандай көрсеткіштерді салыстырған жөн:

• әр басқарушы компанияның табыстылығын;

• инвестициялық портфельдерінің құрылымын, яғни зейнетақы қаражатының нақты қайда салынатынын;

• компаниялардың қаржылық көрсеткіштерін;

• инвестициялық декларациялары мен таңдаған стратегияларын;

• Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі тарапынан әкімшілік шаралар, санкциялар немесе өзге де ықпал ету шаралары қолданылған-қолданылмағанын.

Басқарушы компаниялардың негізгі көрсеткіштерін БЖЗҚ-ның арнайы сайтынан салыстыруға болады.

Бұл ретте инвестициялық табыстылықтың өзгеріп отыратынын ескеру маңызды. Басқарушы компанияның өткен кезеңдегі жоғары көрсеткіші оның алдағы уақытта да дәл сондай табыс әкелетініне кепілдік бермейді.

Зейнетақы жинағын басқарушы компанияға қалай беруге болады?

Алдымен салымшы БЖЗҚ сайтындағы инвестициялық портфельді басқарушылар тізімінен компанияны таңдауы керек. Одан кейін өтінішті екі жолдың бірімен беруге болады:

• БЖЗҚ сайтындағы жеке кабинет арқылы электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдаланып онлайн түрде;

• жеке басын куәландыратын құжатпен БЖЗҚ бөлімшесіне барып, тікелей тапсыруға болады.

Одан әрі өтініштің мәртебесін БЖЗҚ сайтындағы жеке кабинеттен немесе қордың мобильді қосымшасынан бақылауға болады. Сол жерден басқарушы компанияға беруге болатын қаражаттың мөлшерін де алдын ала тексеруге мүмкіндік бар.

Зейнетақы жинағын бұрынғы басқаруда қалдыруға бола ма?

Жаңа тәртіп қазақстандықтарды зейнетақы жинақтарын жекеменшік басқарушы компанияға беруге міндеттемейді. Салымшы қаражатын Ұлттық банктің қолданыстағы басқаруында қалдыруды да, инвестициялық портфельді басқарушыны таңдауды да өзі шешеді.

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов бұл туралы мынандай пікір білдірген.

- Инвестициялаудың неғұрлым консервативті стратегиясын ұстанатын адамдар жинақтарын БЖЗҚ-да қалдыра алады. Ал жасырақ, зейнетке шығуына әлі көп уақыт бар адамдар тәуекелге барып, белсендірек, яғни «агрессивті» портфелі бар, кірістілігі жоғары болуы мүмкін инвестициялық компанияны таңдай алады. Бірақ мұндай жағдайда тәуекел де жоғары болады, – деді ол.

Қаражатты қайтадан Ұлттық банктің басқаруына беруге бола ма?

БЖЗҚ мамандары зейнетақы жинағын жекеменшік басқарушы компанияға беру қайтарымсыз шешім емес екенін айтып жүр. Салымшы кейін басқарушы компанияны ауыстыруға немесе зейнетақы жинақтарын қайтадан Ұлттық банктің сенімгерлік басқаруына қайтаруға өтініш бере алады.

Алайда мұны қаражат басқарушы компанияға берілгеннен кейін кемінде бір жыл өткен соң ғана жасауға болады. Ол үшін БЖЗҚ-ның жеке кабинеті арқылы өтініш беру немесе қордың бөлімшесіне жүгіну қажет.

Бұған дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жаңа тәртіп міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) мен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының (МКЗЖ) сақталуына берілетін мемлекеттік кепілдікті жоймайтынын түсіндірген болатын. Өйткені әлеуметтік кодекс мемлекетті БЖЗҚ-ға нақты аударылған сомалардың сақталуына бұрынғыдай кепілдік беруге міндеттейді.

Ал жинақтарын Ұлттық банктің басқаруында қалдыратын салымшылар үшін де инвестициялау стратегиясы өзгереді. Алдағы уақытта Ұлттық банк зейнетақы активтерінің кірістілігін инфляция деңгейінен жоғары, яғни инфляция деңгейіне қосымша 1 пайызға дейін жеткізуді көздеп отыр.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале