Алдағы жылыту маусымына дайындық мәселелері Энергетика министрлігінің Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитеті жанындағы Республикалық штабтың кезекті отырысында қаралды.

Фото: Minenergokz
Жиынға өңір әкімдіктері мен «KEGOC», «Самұрық-Энерго», «ҚазМұнайГаз» сынды ірі компаниялардың өкілдері қатысты.
Жазғы кезеңде еліміздегі энергетика нысандарында ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі таңда электр станцияларында негізгі жабдықтардың 50 бірлігін, атап айтқанда 4 энергия блогын, 28 қазандықты және 18 турбинаны күрделі жөндеу толық аяқталды. Қазіргі уақытта 3 энергия блогында, 26 қазандықта және 21 турбинада жөндеу жалғасуда.
Жылу желілерін дайындау аясында жоспарланған 377 шақырымның 334 шақырымында немесе 88,6%-ында жұмыстар аяқталды. Ал электр беру желілерін күрделі жөндеу көлемі – 17 мың шақырымнан астам желі толық орындалды. Сонымен қатар 444 қосалқы станция мен 3 мыңнан астам трансформаторлық пункт жөндеуден өтті.
Комитет төрағасы Ержан Ертаев жөндеу жұмыстарының негізгі көлемі орындалғанын атап өтіп, қалған іс-шараларды қысқа мерзімде аяқтауды және дайындық паспорттарын алу үшін құжаттарды уақтылы тапсыруды тапсырды.
Отырыс қорытындысы бойынша өңірлік штабтарға энергетикалық инфрақұрылым нысандарының жылыту маусымына толық дайындығын қамтамасыз ету жүктелді.