10.09.2026, 22:00
Оқылды: 54

Жылыту маусымына дайындық аясында 17 мың шақырымнан астам электр желісі жөнделді

Алдағы жылыту маусымына дайындық мәселелері Энергетика министрлігінің Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитеті жанындағы Республикалық штабтың кезекті отырысында қаралды.

IMG_20260910_190257_117

Фото: Minenergokz

Жиынға өңір әкімдіктері мен «KEGOC», «Самұрық-Энерго», «ҚазМұнайГаз» сынды ірі компаниялардың өкілдері қатысты.

​Жазғы кезеңде еліміздегі энергетика нысандарында ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі таңда электр станцияларында негізгі жабдықтардың 50 бірлігін, атап айтқанда 4 энергия блогын, 28 қазандықты және 18 турбинаны күрделі жөндеу толық аяқталды. Қазіргі уақытта 3 энергия блогында, 26 қазандықта және 21 турбинада жөндеу жалғасуда.

​Жылу желілерін дайындау аясында жоспарланған 377 шақырымның 334 шақырымында немесе 88,6%-ында жұмыстар аяқталды. Ал электр беру желілерін күрделі жөндеу көлемі – 17 мың шақырымнан астам желі толық орындалды. Сонымен қатар 444 қосалқы станция мен 3 мыңнан астам трансформаторлық пункт жөндеуден өтті.

​Комитет төрағасы Ержан Ертаев жөндеу жұмыстарының негізгі көлемі орындалғанын атап өтіп, қалған іс-шараларды қысқа мерзімде аяқтауды және дайындық паспорттарын алу үшін құжаттарды уақтылы тапсыруды тапсырды.

Отырыс қорытындысы бойынша өңірлік штабтарға энергетикалық инфрақұрылым нысандарының жылыту маусымына толық дайындығын қамтамасыз ету жүктелді.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале