Сырым ауданында электр желілерін жаңғырту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр
Сырым аудандық электр торабы мамандары қазіргі таңда Аралтөбе ауылдық округінде ұзындығы 7 шақырымдық 10 Квт әуе желісін жаңасына ауыстырды. Желі бойындағы 115 бағана да темірбетон тіректерге алмастырылды. Бұдан бөлек 4,5 шақырым 0,4 Квт сым қайтадан тартылды. Бұл желі аясында 225 бағана ауысты.
Аралтөбеде 6 қосалқы жинақтаушы станция бар. Мамандар 2 станцияны ауылдың ішіне көшірген.
- Бұған дейін үп еткен жел болса тозған желі тоқсан жерден үзіліп, аралтөбеліктер әбден әбігерге түсетін. Міне, биыл әуе желілері айтарлықтай жаңарды. Жұмыстар жылыту маусымына дейін бітеді.
Мен сізге айтайын, бұл желі 1969 жылы тартылыпты. Содан бері жаңарып тұрғаны. - дейді аудандық электр торабында ұзақ жыл аға инженер қызметін атқарған сала ардагері, бүгінде диспетчер пультінде отырған Серікбол Мұқанов.
2026 жылы Бұлан ауылдық округі, Жамбыл ауылында да жарық инфрақұрылымын оңтайландыру жұмыстары жасалған.
4 километр ұзындықты құрайтын 0,4 квт әуе желісі жаңадан тартылған. 1,2 шақырымдық аралықта 10 Квт желі оқшауланған кабелге ауыстырылды.
Бұлан мен Жамбыл арасындағы электр тасымалдайтын 20 бағана жаңасына алмасты.
Екі қосалқы станция жаңа орынға көшірілді.
Айта кетейік, Сырым аудандық электр торабы мекемесінің бақылауында 510 шақырым 10 Квт әуе желісі, 266 километр 0,4 квт желі, 149 қосалқы станция бар.
2025 жылы Жымпиты ауылдық округі, Өлеңті ауылының көшелеріндегі желі жаңғыртылады деген. Жұмыстар не себепті кешеуілдеп жатқаны беймәлім. Серікбол Мұқанов:
- Қособа, Шағырлой, Тасқұдық, Бұлдырты ауылдары да жоспарда тұр. Тәжірибелі маман ретінде күз бен қыста жол жағдайы бұзылатын Тасқұдық, Талдыбұлақ, Жосалы ауылдарының қисайған бағаналарын, салпылдаған сымдарын бірінші кезекте жаңартсақ деген ұсыныс бар. Тізімге Қызылағаш ауылын да қоссақ жөн еді - дейді.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы