24.09.2026, 18:30
Оқылды: 8

Бөкей ордасы ауданында дәстүрлі «Agroskills Oral-2026» чемпионаты басталды

Бөкей ордасы колледжінде «AgroSkills Oral-2026» салалық чемпионаттың ашылу салтанаты өтті. Чемпионаттың көрігін қыздыруға Тасқала, Сырым, Бәйтерек аудандарымен Казталов ауданының Жалпақтал ауылынан, Жәнібек ауданындағы М.Ықсанов атындағы колледжден ең таңдаулы студенттер жиналды.

IMG-20260924-WA0030

Әрине, алаң иелері бөкейордалықтардың да дайындығы осал емес. Бұл жай ғана студенттердің жарысы емес, ертеңгі күні дала төсінде тер төгетін, заманауи техниканың тілін табатын нағыз сегіз қырлы, бір сырлы мамандардың үлкен емтиханы.

IMG-20260924-WA0017
Аталған шарада аудан әкімі Нұрлыбек Даумов, облыстық әдістемелік орталықтың әдіскері Жанар Карманова, облыстық кәсіпкерлер палатасының Бөкей ордасы аудандық филиалының директоры Бибігүл Жұмағұлова, "Ерсайын" шаруа қожалығының жетекшісі Елтай Қонақбаев, колледж ардагері Серік Қошметов, Бөкей ордасы колледжінің директоры Бағдат Лұқпанов және ауыл шаруашылық құрылымдарының өкілдері төбе көрсетті.

IMG-20260924-WA0036

Жиында Бағдат Сейтуұлы сөз алып, чемпионаттың ашылу салтанатымен құттықтап, қатысушыларға сәттілік тілеп, кәсіптік бағдар механизмін, мамандарды даярлау, еңбек өнімділігін арттыру, халықаралық стандарттар негізінде техникалық мамандықтар бойынша өндіріс орындары саласын жоғары технологиялық мамандармен қамтамасыз ету жолындағы жыл сайын ұйымдастырылып отырған чемпионаттың рөліне баса тоқталды.
- «AgroSkills» ауылшаруашылығы саласындағы болашақ мамандардың білімін, шеберлігін, кәсіби дайындығын саралайтын маңызды дода. Қытай елінің Шанхай қаласында осыдан екі күн бұрын ашылу салтанаты болған 48-ші «WorldSkills» әлем чемпионаты өтіп жатыр. Оған еліміздің құрама командасы қатысуда. Бүгінгі біз ұйымдастырып отырған чемпионаттың ауқымы басқа болғанымен, мақсатымыз ортақ. Жастардың кәсіби шеберлігін арттырып, еңбектің беделін көтеріп және өз ісін жетік меңгерген маман тәрбиелеу. Осы байқауда сіздер тек жүлделі орын алуды емес, осы алаңда өз мүмкіндіктеріңізді сынап, басқа қатысушылардан тәжірибе алсаңыздар екен. Қатысушы командаларға алғыс білдіре отырып, барлық кәсіби біліктіліктеріңізді көрсетуді тілеймін, - деді.

IMG-20260924-WA0022
Шараға арнайы қатысқан аудан әкімі Нұрлыбек Жасқайратұлы, облыстық әдістемелік орталықтың әдіскері Жанар Сәбитқызы және аудандық мәслихат депутаты Бибігүл Мұхасқызы сөз алып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Салтанатты жиында бас сарапшы Ернар Серіков сайыс ережесін түсіндіріп, үміткерлерді сынақ алаңына бастап әкетті. Екі күнге созылатын байқауда тартысты сәттер мен қызу бәсеке күтіп тұр.

Ақсәуле Әлжанова,
Суретке түсірген Әділет Абдиров,

Бөкей ордасы ауданы

IMG-20260924-WA0025 IMG-20260924-WA0042 IMG-20260924-WA0041

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале